ТАЛАП ТА, ТАЛҒАМ ДА ЖОҒАРЫ
Қазақстанның одақ құрамындағы елдермен екіжақты қарым-қатынасы нәтижелі дамып келеді. Сауда-экономикалық айналым айтарлықтай жоғарылады және халықаралық саясат, қауіпсіздік, қорғаныс салаларындағы ынтымақтастық биік деңгейге жетті. Қазақстан бүгінде одақтың Орталық Азиядағы негізгі және маңызды әріптесіне айналды. Көп елге Қазақстан тұрақтылықтың белгісі, сонымен бірге, Шығыс пен Батысты байланыстырушы көпір ретінде мойындалып отыр.
Елбасымыздың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты күні кешегі Жолдауында аталып өткендей, мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіптік және техникалық білім беруді қолдау, сапасын көтеру, кәсіптік техникалық білімнің мазмұнын жаңарту, инфрақұрылымды дамыту, материалдық-техникалық базаны дамыту, бірлескен басқару және кәсіби дайындықтың тәуелсіз бағасын қалыптастыру сияқты қыруар жұмыстар атқарылуы тиіс. Қазақстанда Еуроодақтың қолдауымен Kazenergi Ассоциациясы мүшелері, GIZ қоғамы өкілдері, арнайы пән оқытушылары, колледж басшылары және кәсіптік оқыту шеберлерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылды. Бұл жобаның ерекшелігі еңбек нарығы мен мамандықты талдау негізінде жұмыс берушілермен тікелей тығыз байланыс орната отырып, оқытудың модульдік бағдарламасын жасақтау болып табылады.
Жұмысшы топ құрамындағы Атырау политехникалық колледжінің арнайы пән оқытушылары аталып отырған ұйымның демеушілігімен «Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» және «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандықтарына арнап кәсіптік стандарт, модульдік оқу бағдарламаларын дайындады. Модульдік оқу бағдарламаларын дайындау барысында колледждің әдістемелік орталығында халықаралық және Еуроодақ жобасының сарапшылары қатысымен бірнеше семинар-тренингтер өтті. Оған облыстағы мұнай-газ саласы бойынша мамандар дайындайтын оқытушылар мен сала мамандары қатысты.
Сонымен бірге, семинарға одақ жобасының жетекшісі Томас Люкс, халықаралық сарапшы Б.Асмус, жоба сарапшысы А.Нұртаева қатысты. Жиналыс барысында сарапшылар оқу бағдарламасын дайындау бойынша таныстырылым рәсімін өткізіп, жоба мазмұны мен жұмыс барысын баяндады. Еуропада қолданылып жүрген оқу бағдарламалары және кәсіптік стандарттар туралы және өндірістік тәжірибелерді ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Өндірісте болған өзгерістер, жаңа технологиялар оқу бағдарламаларына енгізіліп, білім беру сапасы мен мазмұнын жаңартуға бағытталған мұндай жұмыстар білікті де кәсіби шеберлігі мол маман дайындауда өз нәтижесін беретін болады.
Атырау политехникалық колледжінде «Кәсіптік және техникалық білім беру орындарындағы жобалық менеджмент» тақырыбында семинарда жобалық менеджментке кіріспе және Қазақстанда кәсіптік-техникалық оқу орындары үшін ұлттық және халықаралық тендерге қатысу мүмкіндіктері кең сөз болды. Оқу орындары, кәсіпорындар мен серіктес мекемелер Еуропадағы басқару теориясымен таныстырып, Еуроодақ тәжірибесіндегі ең үздік жобалар ұсынылды. Семинар қорытындысы бойынша дайындалған кәсіптік стандарттар мен оқу бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігіне бекітуге ұсынылды.
Қазіргі таңда колледж оқытушылары колледждегі мамандықтар бойынша әлеуметтік серіктестермен, мұнай-газ саласындағы мамандармен бірлесіп модульдік бағдарламалар дайындауда. Осы салада туындап жатқан мәселелерге бірлесіп үн қатуымыз қажет. Колледж қазіргі таңда басқа да келесі жобалардың қатысушысы болып табылады:
— USAID бағдарламасы бойынша «Жұмысшы мамандықтарының білікті кадрларын даярлау үшін білім жүйесін жетілдіру», АҚШ;
— «Білім берудің даму жолдары: НПИ тәжірибесін зерттеу», Сингапур;
— «Құзыреттілікке негізделген модульдік бағдарламаларды жасақтау және енгізу», Беларусь;
— «Білім берудегі оқытушыларға арналған тренинг», Түркия.
Міне, осындай бағытта жастарымызға бүгінгі таңда сапалы білім беріп, ертеңгі жарқын болашағымызды қамтамасыз етуіміз үшін халықаралық тәжірибелерді қолданып, әлеуметтік серіктестермен бірлескен жұмысты күшейте түсуіміз қажет.
Жаннат Кереева,
Атырау политехникалық колледжінің электротехника бөлімі меңгерушісі, «Үздік педагог — 2013» байқауының жеңімпазы.