Жарнама
Экономика

…Тағы да газ жоқ!

Батыс өңірлерде сұйытылған мұнай газына тапшылық туындап, стансаларда жүргізушілер ұзын-сонар кезекке тұруға мәжбүр болуда.  Талон жүйесі енгізілуі мәселені тіптен қиындатып тұр. Министрлік пен жергілікті атқарушы орындар мұны Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жоспарлы жөндеу жұмыстарымен байланыстырса, енді бірі «газ қондырған «темір тұлпарлардың» көбеюінен» деп ақталады. Десек те, соңғы кездері ел ішінде автогазға қажеттілік жыл сайын артып келе жатқаны жиі айтыла бастады. Ал, қолжетімді бағамен ұсынылған өнімді пысықайлар сыртқа сатып, пайданың «астында» қалып жатыр деген де әңгіме айтылады. Сол себепті, Үкімет мұнай өнімдерін ел аумағынан шығаруға бақылауды күшейтті.

Өндіріс көлемі біртіндеп ұлғаяды

Иә, мұнайлы өлкеде де автогаздың жетіспеушілігі басты проблеманың біріне айналып отыр. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Мейірім Ердәулеттің айтуынша, бүгінде өңірде 153918 автокөлік тіркелген. Оның ішінде 114910-ы жанар-жағармай қолданса, 22513-і газ қондырғысымен жүреді екен.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазан айында АМӨЗ-де жыл сайынғы жөндеу жұмыстарына байланысты Энергетика министрлігінің хаттамалық шешімі негізінде зауыт – 408 тонна, «Жайықмұнай» ЖШС – 2490 тонна, «СНПС – Ақтөбемұнайгаз» АҚ – 4 122 тонна сұйытылған газ бөлген болатын. Өңірде автогаз тапшылығын болдырмау үшін облыс әкімдігі қосымша көлемде өнім сұратқан еді. Мәселен, қыркүйек айында 3 016 тонна, қазан айының басында «АМӨЗ» ЖШС-нен 882 тонна газ бөлінген.

Атырау облысы бойынша 34 автогаз сататын субъект (101 автогаз құю станциясы) бар. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі қазір жағдайдың қалыпқа түсіп келе жатқандығын жеткізді. Ал, жақында зауыт жоспарлы алдын алу жұмыстары аяқталғанын хабарлаған болатын. Серіктестіктің баспасөз қызметі хабарлағандай, ЭЛТҚ-АВҚ-3, бензин мен дизель отынын гидротазарту құрамдастырылған қондырғысы, каталитикалық риформинг, күкірт өндіру, аралас күкірт өндіру, нафтаны селективті гидрогенизациялау және нафтаны гидротазарту қондырғылары белгіленген мерзімінен бұрын іске қосылған. Бүгінде мұнайды бастапқы өңдеуге арналған ЭЛТҚ-АҚ-2 қондырғысында іске қосу-баптау жұмыстары, ал, каталитикалық крекинг, сұйытылған көмірсутекті газдарды күкіртсіздендіру және бутендерді олигомеризациялау қондырғыларында іске қосу алдындағы жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Жабдықтар кезең-кезеңімен технологиялық режимге шығарылып, өндіріс көлемі біртіндеп ұлғайтылмақшы екен.  

Бүгінде Энергетика министрлігі батыстағы үш өңірге қосымша газ жіберілгенін хабарлады. Айталық, Шымкент мұнай өңдеу зауытынан 900 тонна сұйытылған газ бөлініп, Ақтөбе облысына жеткізілген. Батыс Қазақстан облысына «Теңізшевройл» ЖШС 180 тонна жөнелтіпті. Ал, Маңғыстау өңіріне «ҚазГӨЗ»-ден тәулігіне 100-150 тонна жөнелтіп жатқаны белгілі болды.

«Жабын тауарларға» бақылау күшейеді

Соңғы кездері Энергетика министрлігі елде АИ-92 «халықтық» автобензині мен дизель отынын тұтыну шамадан тыс көбейіп кеткенін мәлімдеді. Қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша «жабын тауарлар» түріндегі жанар-жағармайдың «сұр» экспортының көлемі ай сайын 10 мың тоннаға жеткен.

Министрліктегілер мұны біздегі арзан  бағамен байланыстырып отыр. Яғни, көршілес мемлекеттерге қарағанда бензин бәсі әлдеқайда төмен. Тіпті, 17 пайыз – 107 пайызға арзан көрінеді. Десек те, мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімге сәйкес, Қазақстан бажсыз жеткізу шарттарында импорттауға мәжбүр. Сондықтан, министрлік «жабын тауарлар» деген атпен мұнай өнімдерін әкетуге бақылауды күшейтпек. Дәлірек айтсақ, «Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 24 наурыздағы № 118 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық Одақтың кедендік аумағынан тыс жерлерге Қазақстан Республикасынан экспортқа тыйым салынған немесе шектелген мұнай өнімдерінің тізбесін бекітуге бірлескен бұйрықтың жобасы дайындалған.

Осылайша, енді ел аумағынан Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тыс мұнай өнімдерінің кейбір түрлерін әкетуге  салынған тыйым салу шаралары 2026 жылдың 31-желтоқсанына дейін ұзартылуы мүмкін. Ашық НҚА порталында жұртшылықтың талқысына ұсынылған бұйрық жобасы күшіне енсе, автобензин тапшылығы азаймақ.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button