
Табиғи газ: Тарифтің өсуіне не себеп?
Тауарлы газ бағасының, яғни тұтынушыларға ұсынылатын «көгілдір отын» тарифінің өсуіне не себеп? Бұл өзгеріс қашаннан бастап жүзеге асырылады, ол қаншалықты заңды? Осы төңіректегі әңгіме жуырда өткен жария тыңдаудың басты тақырыбына айналды.
Өйткені, бағаны реттеуші мемлекеттік орган – Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментіне осыдан бір ай бұрын жолданған ұсыныс-хаттамада облыс тұрғындарын газбен жабдықтауға жауапты құрылым – «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалының басшылығы биылғы сәуір айынан бастап тұтыну тарифтерін жеке тұлғалар үшін – 41,2, ал заңды тұлғаларға 33,5%-ға көтеруді сұраған. Жария тыңдау өткізуге басты себеп болған жайт та осы болса керек.
Басқосуды кіріспе сөзбен ашып, жүргізген облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Арман Өтегенов түсіндіруінше, бұл жолғы жария тыңдаудың мақсаты –«QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалының биылғы сәуір айының 1-інен бастап тауарлы газды бөлшек саудада өткізудің шекті бағасын немесе тұтыну тарифін туралы ұсынысын жұртшылықтың талқысына салу екенін жеткізді.
Газбен жабдықтаушы ұлттық компанияның өңірлік филиалының директоры Қайсар Рахметовтің айтуынша, қазір кәсіпорын облыс бойынша 150 мыңнан астам тұтынушыға газды жеткізу қызметін көрсетеді. Аймақта 158 елді мекен газдандырылып, өткен жылы 11 мың тұрғын «көгілдір отын» құбырына қосылды. Филиалдың қамтуындағы газ тарату желілерінің жалпы ұзындығы 6 000 шақырымға жуықтайды. Оның ішінде, өз теңгеріміндегісі 2 366 шақырымды құрайды. Сенімгерлік басқару шартымен қызмет көрсетілетіні – 758 шақырым. Қалған 2 866 шақырымына қатысты қолданыстағы тарифте және газдың сату бағасында шығындар сметасы бекітілмеген. Тұтастай алғанда, осы уақытқа дейін облыстағы газ желілерінің 52%-ына шығындар бекітілген болса, тарифте бекітіліп 48%-нда бұл көзделмеген.
Айтылғанындай, кейінгі кездері газды тұтынушы заңды және жеке тұлғаларға техникалық шарттардың берілуін автоматтандыру жүйесінің енгізілуі оң нәтижесін беруде. Енді өтінімді үйден шықпай-ақ онлайн форматта беруге болады. Ал оны алу үшін сұратылатын құжаттардың тізбесі 8-ден 4-ке дейін, атқарушылық-техникалық рәсімдеуге қажетті құжаттардың саны бойынша 14-тен 9-ға дейін азайтылды. Балансты анықтау және көрсеткіштерді жинақтау жүйесі цифрлық форматқа көшірілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасады. Кәсіпорын бес жыл мерзімге белгіленген инвестициялық бағдарлама шеңберінде жоспарланған іс-шаралар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Атқарылған ауқымды жұмыстармен қатар қордаланған проблемалардың, шешілмеген түйінді мәселелердің бары ашық айтылды. Бұл ретте қызмет көрсетуші кәсіпорын басшысы соңғы үш жылдан бері шығындар сметасының есеп алынбауы себепті қосымша қаражат қаралмағандықтан, оның үстіне негізгі құрал-жабдықтар есепке алынып, теңгерімге алынбағандықтан филиал осы кезеңде кірістен гөрі шығынмен жұмыс жасап келген. Мұның өзі кәсіпорынның өсу динамикасына кері әсерін тигзіп, экономикалық жағдайының қиындап, ахуалының күрделене түсуіне септігін тигізген. Осының бәрі шығындар сметасын қайтадан тарифтерді өсу жағына қарай өзгертуге әкелгенін, мәселені біржақты ету үшін оны қоғамның талқысына салуға тура келгенін алға тартты.
Күн тәртібіндегі мәселеге орай оны талқылауға қатысып, ой-пікір, ұсыныс-тілектерімен ортақтасқандар да аз болмады. Бұлардың қатарында тұтынушыларға бағдарламалық-техникалық қызмет көрсетуші құрылымның өкілі – «РКЦУ-Атырау» ЖШС-нің директоры Индира Ғибратова, «Атырау облысы бойынша тұтынушылар құқықтарын қорғау және бәсекелестікті дамыту қоғамы» ҚБ президенті, Қазақстан халық партиясы облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова, облыстық мәслихаттың депутаты Арман Хайруллин, энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары Сырымбет Кенжебаев, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалының экономика және тариф құру бөлімінің жетекшісі Жәнібек Куанышев Жанибек және басқаларын атауға болар еді. Әңгіменің түйіні қажеттілігіне қарай қолданыстағы тарифті көтеру мүмкіндіктерін ойластыра отырып, одан қарапайым тұтынушының зиян шекпеуі керектігіне келіп тірелді.
Дәулетқали АРУЕВ
сурет автордікі