Шикізат шетел аспаса екен…
Пайдаланылған қағазды жеті рет қайта өңдеп, күнделікті тұрмыста қолдануға болады. Мен бұл істі былтырдан бастап қолға алдым. Сөйтіп, «Atyrau ecologi» мекемесін құрдым. Бүгінде жергілікті кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаймын.
Атап өтсем, «Теңізшевройл» мекемесі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, «Драйв Атырау» автокөлік жүргізушілерінің бірлестігі, «Семья» дүкендер желісі кәсібіме қызу қолдау танытып отыр. Қағаз тек кеңселерде ғана жиналады. Біздің орталығымыз Атырау-Астрахан жол бойында орналасқан.Егер қағаз тапсырамын деуші тұрғындар болса, оны арнайы алып кететін көлік құралдары бар екенін қаперге бергім келеді.
Өкінішке орай, қазір Атырауда оны өңдейтін нысан жоқ. Бірақ, болашақта оны салу жобасын қарастырып жатырмыз. Бұл біздің өңір үшін өте қажет. Ең бастысы, шикізат шетел аспауы керек. Қағаз көшеден не қоқыстан емес, түрлі салада қызмет етіп жатқан мекемелерден алынады. Ол аса құнды материал емес, бірақ, қай уақытта да оған сұраныс төмендемейді.
Алматыда пайдаланылған шикізаттан жаңа өнім дайындайтын «Kagazy Recycling» зауыты бар. Ондағылар Атыраудан қомақты көлемде материал қабылдауға дайын. Бұл орайда қағаз тапсырушылар үшін арнайы төлем де қарастырылған. Қағаз өңдеуден түсетін табыстың бір бөлігі біздегі мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау қорына аударылады.
Сонымен қағаз қалай өңделеді? Алдымен, жиналған материал арнайы құрылғы арқылы нығыздалады. Содан кейін, оның сапасы тексеріліп, қай мақсатта пайдалануға болатыны анықталады. Айталық, қатты картондар нығыздалғанда, одан 150 келі қағаз шығады. Ал, күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген «А-4» форматтағы қағаздарды алғашқы күйіне келтіріп жеті мәрте қайта пайдалануға болады.
Қазір он шақты дәптер жасап шығару үшін бір талды кесуге тура келеді. Ал, егер қырық келі қағаз жинап, оны өндіріске жаратсақ, бір теректің өмірін сақтап қаламыз. Тіпті, ол жеті рет өңделген соң да жарамсыз деп танылмайды. Одан әжетхана қағазы мен жұмыртқа қаптамасын дайындауға болады. Осылайша, мамандар бұл арқылы жарық пен суды да үнемдеуге болатынын айтады.
Айтпақшы, қоқыс полигонындағы үйіндінің 40 пайызын осы қағаз қалдықтары құрайды. Алдағы уақытта кәсіпорындар мен мекемелерге қағаз контейнерлерін орнату көзделуде. Мұны «Сенің бастамаң» жобасы арқылы жүзеге асыру жоспарда бар.
Жасұлан ЗАМЗАМОВ,
жеке кәсіпкер.
Атырау қаласы