«ШАҒАЛА-АТЫРАУ» – ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК
Биыл облыста балық шаруашылығына 19 табиғат пайдаланушы субъект қатысуда. Оларда 614 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, маусымдық жұмыстарға 2 172 адамды тарту жоспарланыпты. Соның ішінде, «Шағала-Атырау» ЖШС (Исатай ауданы) өз жұмысын осы жылдың сәуір айынан бастап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур СӘДІБЕКҰЛЫ баяндады.
Оның айтуынша, аймақтағы балық шаруашылығы құрылымдарының қатарын толықтырып отырған серіктестік заманауи жабдықтармен жаақтандырылған. Кәсіпорынның тәулігіне 6 тонна балық өңдейтін цехы, қоймасы, сыйымдылығы 250 тонналық 12 тоңазытқышы, уылдырық дайындау, қақтау, кептіру, консервілеу, пісіру-бұқтыру құрылғылары, 17 қайығы мен 1 кемесі бар. Құны 250 млн.теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыруға кәсіпорын «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 104 млн. теңге сомасында жеңілдетілген несие алған.
Тек осы жылдың ақпан-наурыз айларында облыста 1 100 тонна балық ауланған. Оның басым бөлігі (882 тоннасы) Қиғаш өзенінің үлесіне тисе, Жайықтан 85 және Каспий теңізінен 135 тонна «су маржаны» сүзілген. Бұл кезеңде 1 092 тонна ауланған балық, 123 тонна балық өнімі мен 20 тонна уылдырық Ресейге, Әзірбайжан мен Израйль елдеріне экспортталған. Ал сәуір-мамыр айларында Жайық-Каспий бассейні бойынша ауланатын балық көлемін 11-12 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Өңірімізде балық шаруашылылығын өркендетудің 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жосарланған. Оларды қолға алғандардың қатарында Жылыой ауданындағы «Сәт» және Махамбет өңіріндегі «А-Дана» шаруа қожалықтарын атауға болар еді. Бұлардың бірі қазіргі уақытта қос тоған құрылысының орнын қазу жұмыстары аяқтала келсе, екіншісінде ұзындығы 2 шақырымды электр желісі тартылуда, ал балық өсіру ғимаратының құрылысы мамыр айында басталмақ.
Дәулетқали АРУЕВ