Жарнама
Экономика

«САЯННЫҢ» САПАЛЫ ҚЫЗМЕТІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУҒА ҰСЫНЫЛДЫ

Фирманың бас директоры Раиса Макаровичтің айтуынша, мекеменің негізгі өндірістік қуаты Теңіз кенішінде шоғырланған. Біздің де жадымызда, «Саян» о бастағы қызметін осы жерден бастаған. Егер есімі әлемге әйгілі кеніште жұмыс жасайтындар арасында шетелдік мамандардың молдығын ескерсек, сырттан келген сыры беймәлім жандардың бабын табу да оңай емес. Әлі есімізде, инвесторлар Атырауға алғаш қадам басқанда өздерімен бірге аспазшылары мен еден жуушыларын да ерте келмеп пе еді? Сонда жат жерде өздеріндегідей жағдай табыларына сенбеген. Таза орында демалып, дәмді аспен тамақтанарына күмәнданған. Міне, «Саян» фирмасы сол кезде өмірге келді. Алғаш құрылған сәтінен-ақ талғамы жоғары шетелдіктердің көзіне түсіп, көңілінен шыққан. Бастапқыда 200 шамалы кісі қызмет істесе, бүгінде олардың саны жеті жүзге жетті. Демек, тапсырысшылар көбейді, жұмыс ауқымы артты. Бәсекелестік базарында мерейі үстем болды.

Бұл күнде іргелі концерннің директорлар кеңесінің төрағасы Төкен Жұмағұлов сонау бір жылы жаңа фирманың жетекшілігіне Раиса Макаровичті өзі қолқалап тағайындап еді. Адам тани білетін сұңғыла жан қателеспепті. Қолынан іс келетін маманның ұйымдастырушылық қабілеті де мол екен. Қысқа мерзімде ұйытқысы бұзылмаған ұжым  қалыптастырды. Керекті кадрларды ат арытып алыстан іздеген жоқ, осы жердің жігіттері мен қыздарын оқытты. Оларға сервистік қызметтің қыр-сырын үйретті. Бұрын мұндай мамандықтың тізгінін ұстамаған жастар да қызығушылық танытты. Бүгінде бәрі де – өз істерінің мамандары. Жалпы, мұнда жұмыс жасайтындардың барлығы – Қазақстан азаматтары. Демек, еліміздегі жұмыссыздық мәселесін шешуге де септігін тигізіп отыр. Ал, Раиса Федоровнаның өзі «Халықтар достығы» орденімен, бірнеше медальмен, «Сауда саласының үздігі» белгісімен марапатталған, «Жылдың үздік кәсіпкері» атанған.

Кәсіпорын тарихында есте қалатын елеулі оқиға – Аджип ҚКО компаниясының «Bateman» бас мердігерімен шарт жасауы. Соның нәтижесінде «Саян» Қарабатан елді мекені тұсындағы мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысын құралдаған құрылыс ұйымдарына қызмет көрсетті. Сөйтіп, дүние жүзі көз тігіп отырған, әлемде соңғы қырық жылда ашылған алып Қашаған кенішін игерушілер сапынан табылды. Бүгінде Солтүстік Каспий жобасы мәреге жетуге де таяу. Жұмыс ауқымы аяқталған соң, көптеген маман елдеріне қайтты. Бірақ, олар өздеріне Атырау аумағында көрсетілген жоғары сервистік қызметті ұмытпайды. Қазақстан туралы жақсы әсермен оралды.

«Саян» фирмасының жалпы мәселелер бойынша бас менеджері Айгүл Тасмағамбетованың айтуынша, мұнда жұмысшылардың өздеріне де жайлы жағдай туғызылған. Олар вахталық әдіспен еңбек етеді, жалақыларын уақытында алады. Медициналық тексерумен қамтылған, еңбек қорғаудың отандық және шетелдік озық тәжірибесі қолданылады. Ешқашан еңбек дауы немесе реніш туған емес. Бұл – басшылықтың қызметкерлер мұқтажына сергек қарауының жемісі. Бірінші кезекке еңбекшілердің денсаулығы мен өмірі қойылады. Өйткені, баршасының өз отбасына аман-сау оралуы маңызды.

Мекеме жұмысы тек қоғамдық тамақтандырумен және қонақ үй бизнесімен шектелмеген. Мұнда азық-түлік қоймасы, шошқа мен түйеқұс өсіретін қосалқы шаруашылық, жеміс-жидек жылыжайы, кең ауқымды қызмет көрсететін шаштараз, медициналық және телефонмен сөйлесу пункттері, автокөлік пен санитарлық-техникалық желілерді жөндеу және тоңазытқыш цехтары бар. Қоймадағы бір тоннаға дейін жүк көтере алатын кран екінің бірінде жоқ. Қысқасы, қоғамдық тамақтандыру ісін сапалы да жоғары дәрежеде ұйымдастыруға қажетті барлық жабдықпен жарақтандырылған. Әсіресе, түйеқұс өсіру тәрізді тың кәсіп алдымен осында қолға алынды. Мамандардың айтуынша, оның еті мен жұмыртқасы – әрі сіңімді, әрі түрлі дертке дауа. Оның үстіне, қазақстандық тауар жеткізушілермен ұзақ мерзімге шарт жасалған. Мұндағы тұтынатын нәрсенің бәрі де –  отандық. Демек, атыраулық фирма тапсырыс беру арқылы Қазақстандағы өзге де өнім өндірушілерге жұмыс ауқымын тауып беріп отыр.

Бүгінде «Саян» фирмасының сервистік қызметін тұтынушылар қатарында «Кис/Орион» бірлескен кәсіпорны, «Ален Констракшн» және НПОК компаниялары, «ДенхолмЖолдас» және «КСК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, РҒD тобы, «Теңізмұнайқұрылыс» акционерлік қоғамы, өзге де іргелі кәсіпорындар бар. Олардың бәрімен екіжақты тиімді ұзақ мерзімдік келісім жасалған. Атыраудағы «Дина» сауда орталығында фирманың филиалы жұмыс жасайды. Теңіздегі «Құрдастар» клубында жақсы тынығуға болады. Ақтаудағы «Аққу» қонақ үй кешені НПОК мамандарына қызмет көрсетеді. Орал қаласында «Шалқар» базасы салынды. Көл жағасындағы демалыс орнына, әсіресе, вахтамен қызмет істеушілер жиі келеді.

Қазір «Саян» фирмасы – өз саласы бойынша аймақтағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мақсат – қоғамдық тамақтандыру және қонақ үй бизнесі бойынша республиканың батысында алдыңғы қатардан табылу. Оған мекеменің мүмкіндігі де мол. Құрылған күнінен бері талай байқауларда топ жарған ұжымның марапаттары да жетерлік. Алдымен, фирма қызметі «Ұлттық сараптама және сертификация орталығы» ашық акционерлік қоғамы Атырау филиалының сертификатына ие. Одан әрі, ИСО 22000:2005 сапа сертификаты енгізілген. «Сала үздігі – 2014» медалі мен ұлттық сертификатын алған. Ал, 2010 жылы Испанияның Мадрид қаласында мейрамхана-мейманхана бизнесі бойынша «Алтын бұқа» – 36-шы халықаралық марапатын еншіледі. Бұған 2011 жылы Лондонда «Алтын сапа тәжі», 2012 жылы Нью-Йоркте «Платина», 2014 жылы Парижде «Бриллиант» жүлделерін қанжығаға байлағанын қоссақ, қазақстандық кәсіпорын мерейі өсе түседі. Ал, 2013 жылы мұнайлы аймақ атынан Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» байқауына қатысып, Алғыс хатпен аталып өтті.

«Саян фирмасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл да Елбасының республикалық «Алтын сапа» конкурсына жолдама алды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар озатын дүбірлі додада шынайы үздіктер ғана мәреге алдымен жетеді. Талайдың тағдыры таразыға тартылатын сын шақта облыс намысын қорғауға бел буған жерлестерімізге тек сәттілік тілейміз.

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді «Саян» фирмасы ұсынды.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button