
Сауда – экономиканың құрамдас бөлігі
Биыл алғашқы жартыжылдықта Атырау облысының еліміздің бөлшек сауда саласындағы үлесі — 2,6%. Көш басында бұрынғыша Алматы (31,7%) мен Астана (13,7%) келеді. Соған қарамастан, бұл саладағы біздің өңірдің даму динамикасы жоғары көрсеткіштерге ие. Осылайша, алты айда облыстағы бөлшек сауда көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға артқан.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бөлшек сауданың өсуі сауда инфрақұрылымының кеңеюімен қатар жүруде. Соның куәсіндей, Атырауда жаңа дүкендер ашылып, сауда орталықтары мен базарлар жаңғыртылуда. Сондай-ақ, сауда-саттықтың заманауи форматтағы түрлері пайда болуда. Мұның өзі тұтынушылар сұранысын қанағаттандырып, ішкі нарықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, бүгінгі таңда республика бойынша көтерме сауданың 15,6%-ы облыстың үлесіне тиеді. Бұл – тауарлардың бөлшек сауда нүктелері мен базарларға тұрақты жеткізіліп тұруына тікелей ықпал етеді. Осы үрдіс өңірде тараптар үшін тиімді де ұтымды сауда жүйесін қалыптастырады.
Дәулетқали АРУЕВ