МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ҮКІМЕТКЕ ШАРУАЛАРДЫ БАРЛЫҚ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУДІ ТАПСЫРҒАН БОЛАТЫН. ЕНДЕШЕ, БҰЛ ТАПСЫРМА ЖЕРГІЛІКТІ ЖЕРЛЕРДЕ ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛЫП ЖАТЫР? БІЗ МҰНЫ ШАРУАГЕРЛЕРДІҢ ӨЗДЕРІНЕН БІЛМЕК БОЛДЫҚ…
«Аса тұрақсыз халықаралық жағдай қалыптасқан қазіргі кезде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы зор. Украинадағы оқиғалар азық-түлік бағасының күрт өсуіне əкеп соқтырды» деген Қасым-Жомарт Тоқаев таяу уақытта бұл бағалардың шарықтап кетуі мүмкін екенін ескерткен еді. Расымен, қазір қымбатшылық қыза түсті. Жаңа киім алуға жағдайымыз жетпесе, жыртығымызды жамап-жасқап, тəсілін табармыз. Ал, күнделікті ішіп-жеп отырған нан-суымыздың бағасы бас бермей бара жатса, қалай күн көрмекпіз?! Махамбет ауданы Есбол ауылдық округінің 14-ауылында егіншілікпен айналысып отырған «Темірлан агро 7661» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Айнұр Рахматуллина жетекшілік ететін шаруашылық үш жылдан бері жергілікті тұрғындарды табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп келеді. Биыл да оның 210 гектар аумаққа егін егіп, жемісін жеп отырған жайы бар. Тек бір «əттеген-айы»…
– Осыдан екі жыл бұрын Президент «Алқаптан сөреге дейін» атты жобаны жүзеге асыруды ұсынған болатын. Соны іске асыратын уақыт жетті деп ойлаймын. Себебі, қымбатшылықпен күресудің басқа жолы жоқ сияқты. Базарда баға аспандаса, тұрғындар оған өнім өндірушілерді кінəлайды. Бірақ, атыраулықтарды отандық сапалы өніммен қамтамасыз ету үшін барын салып жүрген мен сияқты қарапайым диқаншылардың айыбы жоқ қой. Біз маңдай терімізді төге егін егіп еңбек еткенімізбен, оның өнімін өткізе алмаймыз. Жасыратыны жоқ, өзім өсірген көкөністерімді таңғы сағат бесте базарға əкеліп, арзан бағамен сатамын. Бірақ, оны ортадағы делдалдар көтеріп алады да, қоймаларына сақтап қояды. Кейін қымбат бəсімен тұрғындарға сатып отырады. Ал, менде ондай қойма жоқ. Осы орайда, мемлекет біздерді қоймамен қамтамасыз етсе, жақсы болар еді. Түптеп келгенде, бəріміз де бір терінің пұшпағын илеп отырмыз ғой. Мақсатымыз ортақ – халыққа арзан өнім ұсыну, — дейді кəсіпкер.
АЛЫПСАТАРДЫҢ АЙЛАСЫ
Шаруагер ұсынып отырған тағы бір бастама – шаруа қожалықтары мен супермаркет иелері өнім өткізу жөнінде өзара келісім-шартқа отырса, бəлкім арадағы делдалдық қызметтен құтылар ма едік?! Ең болмаса, жергілікті өнім өндірушілерге арнап сауда орындары ашылса, бұл да біраз көмек болар еді. Халықтың да сұрап отырғаны осы. Ал, шағым айту, болмаса ақыл-кеңес алу үшін қолдау орталықтарына қоңырау шалған кəсіпкерлерге ешкім жауап бермейді екен. Субсидия да уақытында берілмейтін көрінеді.
– Мысалы, мен сəбізімнің келісін 80 теңгеден сатсам, оны делдал 250 теңгеге өсіріп жібереді. Ал, 85 теңгеден қарбыз сатпақ болып базарға барғанымда ондағы əкімшілік өкілдері мені кіргізбей қойды. Байқасам, мұнда Шымкенттен жеткізілген қарбыздар сатылып жатыр. Бағасы 350 теңге екенін естігенде жағамды ұстадым… Сатушыға қарасам, қарақа лпақ ұлтының өкілі. Бұлар біздің елге ешқандай салық төлемейді ғой. Яғни, экономикамызды еселеп жатқан ешбірі жоқ. Демек, бұл – көлеңкелі бизнес десек, артық айтқандық емес. Ендеше, өз өнімімізді өткізе алмай жатқанда, өзгелерді жарылқап жатқанымыз қалай? — деп ашынады диқаншы əйел.
Атыраулық егіншілерді қынжылтатын тағы бір мәселе – жанар-жағармай мен коммуналдық төлем тарифінің тым жоғары болуы. Мәселен, біз әңгімелесіп отырған Айнұр Рахматуллина былтыр жарық пен судың әрқайсысына 3 миллион теңгеден жұмсағанын айтады. Ол «мемлекет тарапынан шаруагерлерге жеңілдіктер қарастырылса» деген пікірде. Келесі мəселе – өндірістен шығатын химиялық қалдықтарды тиісті мекемеге тапсыру үшін де кəсіпкерлер ақша төлеуі керек екен. Ал, айталық, Нұр-Сұлтан қаласында керісінше, қалдықты қабылдайтындар төлем жасайды.
Сонда қалай болғаны? Атырауда қалдықтарды кəдеге асыратын бірде-бір мекеменің болмағаны ма? Əлде, қалдықтың өзі де сырттан əкеліне ме? Оның үстіне, өңірде полиэтилен өнімдерін шығаратын алып зауыт жұмысын бастағалы жатыр. Кəсіпкерлер сол жерге тегін тапсыруға да дайын екендерін айтады, тек қабылдап алса болғаны. Жалпы, фермерлер қауымдастығымен бірлесіп, агроөнеркəсіп кешенін мемлекеттік қолдау тəсілдерін қайта қарау керектігін Президенттің өзі айтты емес пе?! Олай болса, тапсырма орындалуымен құнды.
ҚАЗЫЛҒАН ЖЕР КӨМІЛМЕЙДІ
Ал, ата кəсіп – мал шаруашылығымен күнелтіп отырған жандардың жайы қалай? Оларды не мазалайтынын білу үшін біз Қайыршақты ауылдық округіндегі Соколок каналының арнасындағы шаруашылықтарға арнайы бас сұқтық. Мұнда барлығы 25 шаруа қожалығы жылқы мен сиыр өсіріп, адал кəсібінің нəсібін көріп отыр екен. Бірақ, жылдар бойы шешілмей келе жатқан мəселелер де жоқ емес. Ендеше, солардың бірқатарының түйінін тарқатып көрсек… Осындағы «Ешім» шаруа қожалығының басшысы Қылышбай Есім бүгінде шаруалардың бас ауруына айналған бірнеше проблеманы алға тартты.
– Шаруашылықтарға электр жарығын тарту қажеттігін жауапты əкімдік мамандарына айтып жүргеніме алты жылдың жүзі болды, — деді ол. – Бірақ, əлі күнге дейін бір жауап берілмеді. Шаруашылық нысаны орналасқан аумаққа жақын жерде тоқ желісі бар. Трансформаторды өзіміз-ақ қондырып аламыз. Тек əкімдік рұқсат берсе болғаны. Ал, кезінде уəде берген басшылар кейін ауысып кетті.
Екінші мəселе – жер экологиясына бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Экология десе тек ауа мен суды ғана айтамыз. Ал, топырақтың күтімін неге ойламаймыз? Шаруашылық алқабында ойқы-шойқы болып қазылған жерлер көп кездеседі. Бұл – карьерлердің орны. Заңға сəйкес, оны көму немесе орнына жасыл желек отырғызу, яғни, рекультивация жұмыстары жүргізілуі қажет еді. Алайда, бұл талап орындалмады. Енді оның орны тереңдігі 3-4 метрге жететін тіке жар болып қалған. Оған барып мал құлап жатыр. Тіпті, карьерге келетін КамАЗ көліктері бір жолмен жүрмей, жайылымдағы шөпті де таптап бүлдірген. Бұл жерге енді 4-5 жыл өтпей шөп шықпайды деген сөз.
Бұл мəселеге қатысты округ əкімі Шапхат Қалиевке хабарласқанымызда, ол карьер қазуға рұқсат бермеген болып шықты. Білгеніміз, карьер Қайыршақтының аумағында орналасқанымен, оны қазушылар Мақат ауданынан келеді екен.
КАНАЛҒА СУ ЖІБЕРМЕЙДІ…
Малшыларды мазалап отырған тағы бір жайт – мал суаратын суаттың жоқтығы. Анығын айтқанда, Соколов каналында су болмаған соң, амал жоқ, мал Қызылтығыл каналына келеді. Бұған да округ əкімінің жауабы дайын.
– Шаруалар мəселені шұғыл шешіп беруді сұрайды. Бірақ, каналға су жіберу тек менің құзырымдағы іс емес. Бұған жауапты «Қазсушар» деген мекеме бар. Сондағы мамандар заңға сəйкес əрекет етуі тиіс. Əзірге жердің құжаттары реттеліп, енді техникалық құжаттар жасақталып жатыр. Егер канал техникалық талаптарға толықтай сай келсе, оған дереу су жіберілетін болады. Қажетті қаражатты бөлу мəселесі де жоспарға енгізіледі, — деді ол.
Бірақ, «Шопан ата» қазақ ұлттық мал өсірушілер қауымдастығының Атырау филиалының директоры Ғазиз Ғабдуллин мұнымен келіспейді. Оның ойынша, мəселені тез арада шешуге ең алдымен жергілікті биліктің өкілдері мүдделі болуы тиіс. Себебі, шаруалар соған ғана сенім артады. Оларға қолұшын берер басқа ешкім жоқ. Яғни, жауапты мекемелерге тиісті талап қойылса, шешілмейтін мəселе жоқ.
P.S.:
Міне, ауыл шаруашылығымен айналысып отырған атыраулық кәсіпкерлердің бүгінгі ахуалы осындай. Соңғы кезде менмұндалап жүрген тағы бір мәселе бар. Бұл – шаруашылықта қарапайым жұмысшылардың жетіспеуі. Әкімдіктегілер кәсіпкерлерге студенттерді жұмысқа алуға кеңес беруде. Бірақ, шаруагерлер әр үйдің еркетотайын тәрбиелеп отыруға уақыттары жоғын жасырмайды. Әрі, шаруашылықта жүрген жастар суға батып кеткен жағдайлар да жоқ емес. Яғни, біреудің балалары үшін ешкім жауапты болғысы келмейді. Сондықтан, бұл мәселеге басқа қырынан келу керек сияқты. Одан әрісін уақыт көрсетер.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
- «Тапшылықтың жəне азық-түлік бағасының жөнсіз қымбаттауының алдын алу үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін мемлекеттік тұрақты қорларға форвардтық бағалармен сатып алу мəселесін пысықтау қажет».
(Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН: ЖАҢАРУ МЕН ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫ» атты халыққа Жолдауынан)