Жарнама
Экономика

Санақ – ауыл әлеуетінің таразысы

Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, 2025 жылғы 1 тамыз бен 20 қазан аралығында елімізде Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өткізіледі. Бұл жөнінде толығырақ мағлұмат алып, ақпарат беру үшін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұржан Құмарғалиевті сөзге тартқан едік.

– Нұржан Жолдыбайұлы, әңгімемізді бұл жұмыстың маңыздылығы мен қажеттілігінен бастасақ?

– Ауыл шаруашылығы санағы – бұл еліміздің аграрлық секторының құрылымы, ресурстары мен жай-күйі туралы өзекті әрі сенімді деректерді алуға мүмкіндік беретін ауқымды статистикалық байқау. Санақ деректері тиімді мемлекеттік саясат құру, ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін қажет.
Санақты жүргізу және оның мерзімдері туралы шешімді Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қабылдады. Оны өткізу мерзімі ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын және ауыл шаруашылығы жылының қорытындылары бойынша өзекті деректерді алу қажеттілігін ескере отырып таңдалды. Мемлекеттік маңызды шараға дайындық жұмыстары бұдан бір жарым жыл бұрын басталды. Үкімет деңгейінде арнайы комиссия құрылды. Осы уақыт ішінде қажетті нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Латвия, АҚШ, Польша, Ресей, Өзбекстан, Ұлыбритания және Грузия сияқты елдердің статистика қызметтерімен, Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымымен консультациялық жұмыс кездесулері өткізілді. Өткен жылы пилоттық ауыл шаруашылығы санағы ұйымдастырылды. Онда ақпараттық жүйелер, әдістемесі мен дала жұмыстарын жүргізудің ұйымдастырушылық ерекшеліктері сынақтан өткізілді.

– Енді ауыл шаруашылығы санағын өткізудің мерзімі неге байланысты және қандай уақыт аралығында белгіленеді?

– БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылық ұйымының (БҰҰ ФАО) халықаралық ұсыныстарына сәйкес, ауыл шаруашылығы санағы әр бес-он жыл сайын жүргізілуі керек. Бірақ Қазақстанда санақтың бұл түрі 2006–2007 жылдары ғана жүргізілді. Содан бері үлкен үзіліс болды. Ол кезде ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде жүргізілді – өсімдік шаруашылығы және мал шаруашылығы. 2025 жылы мұның барлығын бір мезетте өткізу жоспарланып отыр.

– Ауыл шаруашылығы санағына кімдер қатысады? Енді осыған тоқталсақ.

– Біріншіден, бұлар – мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және балық шаруашылығы салаларында ауыл шаруашылығымен шұғылданатын шаруа немесе фермер қожалықтарын қоса алғандағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер.
Екіншіден, жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер учаскелері бар немесе мал ұстайтын үй шаруашылықтары. Анығын айтқанда, бұл – бақшасы бар, өздері үшін төрт түліктің бағымымен айналысатын, құс өсіретін жеке қожалық иелері.

Санаққа дайындық шаралары негізгі санақ кезеңдері басталғанға дейін, 2025 жылғы 1–30 маусым аралығында Жылыой ауданының Құлсары қаласында жеке қосалқы шаруашылықтарды алдын ала аралау жұмыстары жүргізілуде. Листинг деп аталатын бұл кезеңде санақ қызметкерлері сауалнамадан өтуге жататын үй шаруашылықтарының тізімдерін нақтылайды. Бұл жұмыс таңдалған мекенжай бойынша тұрғындардың шынымен сонда тұратынын және жеке қосалқы шаруашылық жүргізетінін растау үшін жүргізіледі.

– Негізгі кезеңге қатысты нақтылай кетсеңіз?

– Иә, осыған дейін белгілі болғанындай, санақтың негізгі кезеңі 1 тамыз бен 20 қазан аралығын қамтиды. Ішінде ол онлайн және офлайн кезеңдерге бөлінеді.
Алдымен 1–31 тамыз аралығында sanaq.gov.kz сайтында онлайн-сауалнама жүргізіледі. Бүгінде сайт санақ жұмысымен танысу үшін жұмыс істеп тұр. Заңды тұлғалар, фермерлер, үй шаруашылықтары – барлығы порталдағы санақ парақтарын қашықтан өз бетінше толтыра алады. Бұл әдіс өте ыңғайлы, сонымен қатар деректерді жинаудың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Сайтқа кірген сәтте респонденттер жүйеге тіркеліп, ЭЦҚ, QR-код немесе СМС арқылы авторизациядан өтуі қажет. Сауалнама парағын ашқан кезде кейбір жолдарда мемлекеттік органдардың деректер базасында бар көрсеткіштер көрініп тұрады. Респондент көрсетілген көрсеткіштерді сол күйі қалдыра немесе оларды өзектендіре алады. Нақтыласақ, респондент толтырылған деректерін сақтап қойып, үзілістен кейін сол сауалнаманы толтыруын жалғастыра алады. Сауалнама аяқталған соң респондент электрондық пошта арқылы санақтан өткені туралы хабарламаны алу мүмкіндігіне ие болады.

Ескерер жайт, санақтан онлайн түрде өтуді ыңғайлы қылу үшін жергілікті ауылдық округ әкімдіктері мен статистика департаментінің ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ұйымдастырылады. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, жеке кәсіпкерлер мен шаруа-фермер қожалықтарының теңгеріміндегі нысандар сауалнамадан сайтта өз бетінше өтуі тиіс. Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші бойынша қызметі мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы немесе балық шаруашылығымен байланысы барлар санаққа қатысуға міндетті.

Егер респонденттің сауалнама парағын толтыру кезінде қандай да бір сұрақтары туындаса, арнайы дайындалған жасанды интеллект арқылы жауап беретін sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгіне алады. Сондай-ақ 1446 нөмірі бойынша бюроның байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңыраулар сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін, ал онлайн-сауалнама басталған кезеңде – тәулік бойы, аптасына жеті күн қабылданады.

– Енді санақтың екінші кезеңіне қатысты ақпараттармен бөліссеңіз?

– Екінші кезең – интервьюерлердің үй шаруашылықтарын жеке-жеке аралауымен сипатталады. Ол 2025 жылдың 20 қыркүйегі мен 20 қазаны аралығында өтеді. Осы жерде неліктен араға 20 күн қалдырылып отыр? Мұның себебі – сауалнаманы өз бетінше аяқтағандарды ескере отырып, үй шаруашылықтарының тізімдерін қалыптастыру үшін қосымша уақыт қажет. Осылайша, санақ респонденттердің барлық санаттарын қамтиды және ақпарат жинаудың барынша толықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді.
Санақ барысында облыста барлығы 58 мыңға жуық үй шаруашылығын және 4 мыңнан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қамту жоспарланған. Біз азаматтарды санаққа саналы түрде қатысуға шақырамыз, өйткені бұл жай статистикалық шара емес, барлық азаматтарды қамтитын мемлекеттік маңызы бар іс.

– Сауалнамада қандай деректерге баса назар аударылады?

– Заңды тұлғалар үшін сұрақтар – жер және егіс алқаптары, мал басы, ауыл шаруашылығы техникасы және инфрақұрылымға байланысты болады. Сондай-ақ респонденттерден олардың қызметінің сипаттамалары, еңбек ресурстары және ауыл шаруашылығы қызметінің басқа да аспектілері туралы сұралады. Үй шаруашылықтарында біз жер аумағы туралы сұраймыз, олар маусымдық немесе көпжылдық дақылдар еге ме, мал немесе құс ұстай ма, оларды жайылымға шығара ма деген сияқты анағұрлым қысқартылған нұсқадағы сұрақтар қамтылады.

Ұлттық статистика бюросы алынған деректердің анонимділігіне және оларды қатаң статистикалық мақсаттарда пайдалануға кепілдік беретінін атап өткім келеді. Сандар респонденттің бастапқы деректерін көрсетпей-ақ, жиынтық түрде өңделеді және жарияланады. Деректер салық немесе басқа мемлекеттік органдарға берілмейді. Сауалнама парағын толтыру кезінде респондент (ұйымдасқан шаруашылық) мемлекеттік ақпараттар базасында деректерді жаңарту үшін алынған деректерді ұсынуға келісім бере алады. Мысалы, малдың, техниканың, жер учаскесінің болуы және т.б. туралы.

Санақ жүргізу үшін біз жұмыссыз азаматтар қатарынан, сондай-ақ барлық ниет білдіргендер санатынан 120-дан астам адамды интервьюер ретінде жұмысқа тартуды жоспарладық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, қазіргі уақытта бізде қызметкерлерді қабылдау науқаны жүріп жатқанын жеткізгім келеді. Интервьюер мен нұсқаушы ретінде санаққа қатысқысы келетіндердің барлығы біздің 1446 байланыс орталығына өтініш қалдыра алады, сондай-ақ департаментке тікелей келіп, жүгінуіне болады.
Барлық кезең аяқталғаннан кейін 2025 жылғы желтоқсанда санақтың алдын ала нәтижелері жарияланады. Соңғы жиынтық деректер мен аналитикалық есептер Ұлттық статистика бюросының сайтында 2026 жылы көпшіліктің назарына ұсынылады.

Сөзімізді түйіндесек, Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы – Қазақстанның аграрлық секторын және азық-түлік қауіпсіздігін тұрақты дамытуға арналған стратегиялық маңызды іс-шара. Алынған деректер тиімді мемлекеттік саясат пен барлық деңгейдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдауға негіз қалайды.
Сайып келгенде, санақ ұйымшылдық жағдайында және жоғары деңгейде өтеді деген сенімдемін.

– Әсерлі әңгімеңізге бек рахмет. Іске сәт дейміз!

Сұхбаттасқан Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button