
«Салықты бәрі төлеуі керек»: Сарапшылар қазіргі салық жүйесінің кемшін тұстарын атады
Соңғы уақытта салық реформасы елде жиі талқыланған тақырыптардың біріне айналды.
Қазақстандағы салық жүйесі мен салық мәдениеті қандай деңгейде? Қосылған құн салығының мөлшерлемесі бойынша өзге елдердің тәжірибесі қандай? Осы тақырып төңірегінде редакция тілшісі сала мамандарының пікірін білді.
«Учёт» компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышевтың сөзінше, салық мәдениеті дегеніміз азаматтар мен бизнестің салық төлеу маңыздылығы туралы түсінігінің деңгейі, сондай-ақ олардың осы қаражатты қайта бөлу мәселелерінде мемлекетке деген сенімі.
«Егер қоғам салықтардың нақты қажеттіліктерге, атап айтқанда, инфрақұрылымды, медицинаны, білім беруді, әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға жұмсалатынын түсінсе, онда салық тәртібі жоғары болады. Салық төлеушілер бюджеттің тиімсіз жұмсалуын, жемқорлықты көрсе, бұл сенімсіздікке әкеледі және олар көлеңкеде қалуға әрекеттенеді. Ел экономикасы үшін жоғары салық мәдениеті тұрақты бюджеттік түсімдерді, салық жүктемесінің шамадан тыс өсуінсіз мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландыру мүмкіндігін, сондай-ақ қолайлы инвестициялық ахуалды білдіреді», – деді спикер.
Сарапшы Қазақстандағы салық мәдениетінде бірқатар мәселелер бар екенін айтады. Негізгі мәселе – салық жүйесінің ашық еместігі, күрделі ережелер және заңнаманың жиі өзгеруі. Сөзінше, бұл тіпті тәжірибелі бухгалтерлер мен кәсіпкерлерді шатастыруы мүмкін.
«Салық – мемлекетті қаржыландырудың негізі. Соның есебінен жолдар, мектептер, ауруханалар салынып, әлеуметтік бағдарламалар қаржыландырылады, елдің қорғаныс қабілеті қамтамасыз етіледі. Егер салықтар толық төленбейтін болса, салдары қиын. Екіншіден, адал салық төлеушілерге жүктеме артып келеді. Азаматтар мен бизнес салықтан жалтарған сайын, адал салық төлеушілер үшін мөлшерлемелер соғұрлым жоғары болады», – деді ол.
Айтуынша, салық жүйесі инвестициялық климатқа да әсер етеді.
«Тұрақты әрі әділ салық жүйесі – бюджетті толықтыру мәселесі ғана емес, ел экономикасының ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін фактор», – деді Максим Барышев.
Сала маманы әлемде салық жүйесі тиімді жұмыс істеп жатқан елдерді атады. Олардың қатарында Швеция, Норвегия, Дания, Финляндия, Сингапур, АҚШ пен Канада бар.
Сарапшының сөзінше, мұндай жүйелердің табысқа кенелуінің артында салық жүктемесі, әкімшілендіру сапасы мен азаматтардың мемлекетке деген сенімі арасындағы тепе-теңдікте жатыр.
«ҚҚС туралы айтсақ, бұл – жанама салық. Ол көп жағдайда қарапайым адамдарға көбірек әсер етеді, себебі ол тауардың құнына салынып, оны соңғы тұтынушы төлейді. Адам неғұрлым аз ақша табатын болса, соғұрлым табысының негізгі бөлігін бастапқы қажеттіліктегі тауарларды тұтынуға жұмсайды, демек, ол мемлекетке ҚҚС түрінде пропорционалды түрде көбірек береді. Бұл салықтың өсуі халықтың әлеуметтік осал топтарына сөзсіз әсер етеді. Дегенмен, жаңа Салық кодексімен жұмыс істеу барысында бизнес пен экономиканы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға көмектесетін теңдестірілген шешімдерді табуға болады деп үміттенемін», – деді ол.
«Салықты бәрі төлеуі керек»
Салық сарапшысы Рита Еспенбетова салық мәдениеті дегеніміз салық төлеушілердің елдің заңнамасына сәйкес салық төлеу міндетіне деген қатынасы. «Заң алдында бәрі тең» қағидаты бойынша салықты мәртебесіне, жағдайына, лауазымына қарамастан, бәрі төлеуі керек, дейді ол.
«Меніңше, елімізде мемлекеттік органдар тарапынан салық төлеушілерге және салық төлеушілер тарапынан мемлекеттік органдардың жұмысына қазіргі салықтарға байланысты жағдай бойынша көзқарастарының белгілі бір айырмашылығы байқалады. Түсіндіре кетсем. Мемлекеттік кірістер комитеті өкілдерінің риторикасынан елдегі салық төлеушілердің өз кірістерін жасырып, салықтан жалтару үшін схемаларды қолданады, сондықтан ҚҚС шегін төмендетіп, мөлшерлемені 16%-ға дейін көтеру керек, содан кейін бюджетке түсетін түсімдер көбейеді дегенге саяды. Бірақ мұндай жағдайда бізде адал салық төлеушілер зардап шегеді. Яғни салық мәдениеті жоғары және оған дейін бюджетке тиісті салықтарын адал төлеп келген адамдар. (…) Салық мәдениетін жақсарту үшін салық төлеушілердің де, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік құрылым қызметкерлерінің де салық заңнамасын бұзғаны үшін өзара жауапкершілігі қажет», – деп есептейді ол.
Сарапшы өз тәжірибесінен мысал келтіре отырып, елдегі салық төлеушілердің дені адал әрі салық міндеттемелерін толық көлемде төлеуге және орындауға дайын екенін айтты.
«Тағы бір мәселе. Салық кодексінде екіұшты және даулы мәселелер жетерлік. Яғни, күрделі тұстары, түсініксіз тұжырымдары бар. Яғни, біздің Салық кодексіміз – күрделі құжат. Бұған салық даулары дәлел бола алады», – деді Рита Еспенбетова.
Сала маманы Қытайдағы салық саясатындағы тәжірибесіне тоқталды.
«Таяуда Қытайда жұмыс сапарымен болып, қосылған құн салығы бөлігінде салық жүйесіне қатысты біраз зерттеулер жүргіздік. Біріншіден, Қытайдың заңдары өте қатал, салық төлеушілер заңға бағынады. Екіншіден, олардың ҚҚС алу жүйесінде мөлшерлеме сараланған әрі барлық нюанстар мен қызмет түрлерінің әртүрлілігі ескерілген. Олардың жалпы мөлшерлемесі – 14%, бірақ ол сараланған. Мәселен. 1 800 мың юаньға дейін (бұл жылына шамамен 126 млн теңге) ҚҚС-тан босатылады, 1 800 мың юаньнан 5 000 мың юаньға дейін (шамамен 126 млн теңгеден 350 млн теңгеге дейін) ҚҚС мөлшерлемесі – 3% (қазіргі уақытта уақытша мөлшерлеме – 1%). Яғни, бұл кіріс қосылған құн салығын шегере алмайтын шағын салық төлеушілер санаты, бұл іс жүзінде «айналымнан алынатын салық». Ал 5000 юаньнан (айналымы 350 млн теңгеден жоғары) ставка 14%-ға дейін, бұл ретте елгілі бір өсу реті бар. Мысалы, қаржылық, сақтандыру, консалтингтік, бухгалтерлік қызметтер үшін – 6%, Бұл әділ деп ойлаймын, өйткені мұндай қызмет түрлерінде іс жүзінде есептелген ҚҚС жоқ», – деп атап өтті Рита Еспенбетова.
Бүгін депутат Азат Перуашев өзінің Телеграм арнасында «Ақ жол» фракциясы қосылған құн салығының шегін өзгеріссіз қалдыруды ұсынғанын жазған болатын.
Айтуынша, партия қосылған құн салығының шегіне қатысты түзетулерін Үкіметке жіберген.
Қазір қосылған құн салығына байланысты нақты шешім қабылданбады. Үкіметтің ұсыныстары Парламент Мәжілісінде қаралып жатыр.
inbusiness.kz