
Қытайлық инвесторлардың әлеуеті қандай?
Негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемінің өсімі — қай елдің болмасын экономикасын ортамерзімді және ұзақмерзімді тұрақты дамытудың берік негізі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа өндірістік қуаттардың, соның ішінде инвестициялық жобалардың есебінен іске қосылуы еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемінің көбеюіне тікелей әсерін тигізетіні сөзсіз.
Бұл ретте өзіндік пікірімен бөліскен қазақстандық мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиевтің сөзінше, кезінде оның жетекшілігіндегі ұйым Үкіметке Атырау өңірінен мұнай газ химия секторын дамыту хабын құру жөнінде ұсыныспен шыққан екен. Осыны ескеретін болсақ, қазірдің өзінде бар күшті жаңа «зәкірлік» жобаларға салу керек. Айта кету керек, бұл жобаларға бағытталатын инвестицияның жалпы сомасы 10 млрд. доллардан асады.
Мәселен, қазіргі мезгілде жылына 1,2 млн.тонна полиэтилен мен 500 мың тонна полипроленді өңдеп шығару міндеті қойылып отыр.
– Мұнай химия өнеркәсібі — бұл біздің болашағымыз. Сарапшылардың болжамынша, полиэтилен өндірісіне бағытталған бір ғана жобаның өзі жүзеге асырылған мезгілде республика бойынша жалпы ішкі өнімнің 2-ден 4 пайызына дейінгі өсіміне мүмкіндік береді. Осыған байланысты, «step by step» әдістемесі бойынша мұнай газ химиясының өңірлік ғылыми-өндірістік кластерін құруды ұсынамын. Мұның өзі түпкі нәтижесінде бизнес пен ғылымның күшін біріктіріп, инвестицияны мақсатты пайдаланудың тиімді алаңына айналар еді. Сондай-ақ ол жасақталған жұмысшы мамандықтары Картасына сәйкес, «Болашақ» бағдарламасымен химик мамандарды дайындап шығарудың ұтымды жолы болары да даусыз, дейді қазақстандық мұнай-газ кеңесінің төрағасы Асылбек Жәкиев.
Оның үстіне, мұнайлы өлкедегі Теңіз, Қашаған, тағы басқа ірі мұнай-газ жобаларының мәресіне жетуімен байланысты индустриалды аймақтан аумағы 20 гектар жер бөлу мүмкіндігі де бар. Осылайша, Атырауға осы салада озық тәжірибесі бар қытайлық компанияларды тарта отырып, мұнай газ химия өңдеу өнеркәсібінің өрісін кеңітуге болар еді… Мұнда жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан аударылатын бір пайыз түсімді тең бөлу және оны тиімді бөлу пайдалану арқылы бұл саланың нақты технологиялық міндетін шешуге ғылыми жетістіктерді жұмылдыру қажет деп есептейді мамандар.
Осы тұста Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың соңғы отырысында ғылым тақырыбын қозғай отырып, егжей-тегжейлі талдау мен стратегиялық жоспарлау төңірегінде былай деген болатын: «Отандық та, шетелдік те мамандарды тарта отырып, ғылыми кадрлардың алаңсыз жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасауымыз қажет».
Ресми дереккөздерінен алынған ақпараттарға қарағанда, Президенттің тапсырмасы бойынша бүгінде республикада барлығы 17 «зәкірлік» жоба (оның ішінде Атырау облысының да үлесі бар) қалыптастырылып, тізімі жасақталған. Мұндай бастамашыл жобалар отандық экономиканы әртараптандыру мен өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін
ынталандыру мақсатында таңдалынған. Оның үстіне, бұл жобалар ұлттық экономиканың металлургия, химия, мұнай-химия, машина жасау, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты маңызды салаларын қамтиды. Осылардың арасында әңгімеміздің арқауына, басты тақырыбына айналып отырған мұнайгазхимия секторы бүгінгі таңда мемлекеттің индустриалды өсімінің драйвері саналады.
Дәулетқали АРУЕВ