
Құрылыс индустриясы қарқынды дамуда
Бүгінде Президент басшылығымен еліміздің инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып, олардың нақты нәтижелері айқын көрініс тауып отыр. Соңғы алты жылда энергетика және коммуналдық секторларда тозу деңгейін төмендету, инженерлік желілерді жаңарту, жаңа қуат көздерін іске қосу сияқты жүйелі шаралар қабылданып, бұл қадамдар елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сапасын жақсартуға үлкен үлес қосты.
Атап айтқанда, энергетика саласында жаңартылатын энергия көздерін дамытуға басымдық беріліп, жаңа қуат көздері іске қосылды. Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту шеңберінде мыңдаған шақырым инженерлік желілер жөнделіп, жылу, су және электрмен жабдықтау сапасы артты. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, сондай-ақ бизнес пен өнеркәсіптің тұрақты дамуына серпін берді. Құрылыс индустриясы да осы кезеңде қарқынды өсім көрсеткенін атап өткім келеді.
Мәселен, былтыр ел аумағында пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 6,4 миллион шаршы метрге немесе 51,4%-ға артып, 19 миллион шаршы метрге жетті. 2019–2024 жылдары аралығында 97,8 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, нәтижесінде ондаған мың қазақстандық отбасы жаңа әрі сапалы баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандардың құрылысы да жанданып, мектептер, ауруханалар және мәдениет ошақтары бой көтерді.
Мемлекеттік қолдау аясында құрылыс материалдары өндірісі дамып, отандық кәсіпорындардың үлесі артты. Жаңа технологияларды енгізу, цифрландыру және “жасыл құрылыс” стандарттарын дамыту нәтижесінде құрылыс саласы халықаралық талаптарға сай бола бастады.
Президенттің алты жылдық басшылығы аясында қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар елдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, өндірістік әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді. Бұл реформалар Қазақстанды болашақта заманауи, бәсекеге қабілетті және технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекетке айналдырудың сенімді негізін қалыптастыруда.
Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ,
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы