
Құрманғазыда “Тауарлы несие” жобасы бастау алды
Құрманғазы ауданында ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға бағытталған тың бастама – «тауарлы несие» жобасы іске қосылды. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ауыл аманаты» жобасы аясында тапсырған әлеуметтік-экономикалық қолдау тетіктерінің бірі.

Аудан әкімідігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған жобамен ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов Құрманғазы ауданына сапары барысында танысты. Аудан көлемінде алғаш болып тауарлы несие беру бастамасын жүзеге асырған – Мақаш ауылдық округіндегі «Кубашев» шаруа қожалығы.
Шаруашылық басшысы Есболат Кубашев ауыл тұрғыны, жалғызбасты ана Айнагүл Абдоловаға 5 бас жылқыны тауарлы несие ретінде табыстады. Бұл – ауыл тұрғыны үшін де, жергілікті шаруашылық үшін де тиімді әріптестік үлгісі.
Тауарлы несиенің шарттары қарапайым әрі тиімді: несие мерзімі – 5 жыл. Алғашқы жылы – демалыс (каникул), ал келесі 4 жыл ішінде жыл сайын 1 құлыннан (төл) қарыз берушіге қайтарылады. Бес жылдық мерзім аяқталған соң, негізгі мал – қайтарылмайды, толықтай несие алушының меншігіне өтеді.
Премьер-Министр кеңесшісі Ералы Тоғжанов бұл бастаманың ауыл шаруашылығын жандандыруда және тұрғындарды табыспен қамтуда үлкен рөл атқаратынын атап өтті. Оның айтуынша, тауарлы несие моделі – ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға, жеке қосалқы шаруашылықтардың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қолдау тетігі.
Жобаның артықшылықтарын өз көзімен көріп, игілігін сезіне бастаған Айнагүл Абдолқызы да бастамаға оң бағасын беріп, үкімет өкіліне алғысын білдірді.

Сапар барысында Е.Тоғжанов «Кубашев» шаруа қожалығына тиесілі азық-түлік дүкеніне де барды. Сауда сөрелеріндегі тауарлардың 70 пайызы – Ресей Федерациясынан әкелінген өнімдер екені анықталды. Жергілікті өнім ретінде тек қызанақ пен қияр ұсынылған. Кеңесші бұл мәселе бойынша жергілікті тауар өндірушілердің белсенділігін арттырып, өңірлік өнімге басымдық берудің маңызын атап өтті.
«Тауарлы несие» жобасы – ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған нақты әрі өміршең бастама. Құрманғазы ауданындағы алғашқы қадам өз нәтижесін бере бастады. Бұл тәжірибе алдағы уақытта басқа ауылдар мен өңірлерге де үлгі болуы мүмкін.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА