Құрманғазыда халал қасапхана ашылды

izobrazhenie 2022 04 22 035411225 Экономика

ҚҰРМАНҒАЗЫ АУДАНЫНДА БҮГІНДЕ МАЛ БАСЫН АСЫЛДАНДЫРУ, ӨЗ ТӨЛІ ЕСЕБІНЕН КӨБЕЙТУ, ЕТ БАҒЫТЫНДАҒЫ МҮЙІЗДІ ІРІ ҚАРАНЫ БОРДАҚЫЛАЙ ОТЫРЫП, ӨНІМІН МОЛАЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ, ЯҒНИ ТӨРТ-ТҮЛІК ӨНІМІН ӨҢДЕЙТІН ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА КӘСІП ТҮРЛЕРІ ҚАРҚЫНДЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ. ЖУЫРДА АТЫРАУЛЫҚ КӘСІПКЕР ӨТЕЖАН ДАЙЫНОВ ЕҢБЕКШІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНЕ ҚАРАСТЫ КӨНЕУ ЕЛДІ МЕКЕНІНДЕ ЗАМАНАУИ ҚОНДЫРҒЫЛАРМЕН ЖАБДЫҚТАЛҒАН МАЛ СОЮ КЕШЕНІН ІСКЕ ҚОСТЫ.

Жобалық құны 110 миллион теңгені құрайтын нысанды кәсіпкер өз қаражатына тұрғызыпты. Кешенде тәулігіне 750 келі мал етін дайындап, өңдеп шығаруға толық мүмкіндік бар. Мұнда әкелінген малдар шариғатқа сай бауыздалып, сойылады. Бөлшектелген етті салқындатуға, тоңазытуға арналған бөлек камера, мұздатылған ет өнімдерін дайындайтын цех бар. Ет сапасы үнемі ветеринар маманның қадағалауында болатындықтан, әр тұтынушы өнімнің балғындығы мен тазалығына кепіл болатын анықтама талап ете алады. Сонымен қоса тұрақты жұмыс жасап жатқан 10 қызметкерге де барлық жағдай жасалған.

– Ел Президенті шаруа қожалықтары, фермерлер қауымдастығымен бірлесе отырып, агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдау тәсілдерін қайтадан қарауды, тапшылық пен азық-түлік бағасы қымбатшылығының алдын алу мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерінен тұрақтандыру қорын жасақтауды тапсырды. Бүгін тұсауы кесіліп отырған мал сою кешені де осы бағытта жасалған маңызды қадамның бірі. Бұл кәсіпкерлік нысан тұрғындардың әлеуметтіктұрмыстық деңгейін жақсартып, ет және ет өнімдерімен толық қамтиды деген сенімдемін, – деді ашылу салтанатында Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қалиев.

Кешен иесі жұмыстың өнімділігін арттыру үшін барлығын автоматтандыруды қолға алған. Сонымен қатар 500-ге жуық мал бордақылайтын алаң да салынып жатыр. Ет өнімдері аудан орталығындағы «Халал ет маркеті» дүкенінде сатылымға шығарылыпты. Сондай-ақ, тұрғындарға тиімді бағаға малын сойып, ішек-қарнын тазалап, бассирағын үйітіп беру қызметі де ұсынылады.

Айбек НӘЖІМОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз