
«ҚазМұнайГаз» мұнайшыларын марапаттады
Атырауда мұнай-газ кешені қызметкерлері күніне орай өткен шарада мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі, қажырлы еңбегі, қол жеткізген жоғары көрсеткіштері үшін бірқатар мұнайшылар марапатталды.
Қара алтын игеруге бірнеше жылдан бері еңбек сіңіріп келе жатқан еңбеккерлерге «Ембімұнайгаз АҚ-на 100 жыл» мерейтойлық медальдары мен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ-ның Құрмет грамоталары табысталды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзом Мырзағалиевтің марапатына ие болғандардың қатарында «Доссормұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Шығыс Мақат кен орны, арнаулы көлік керуенінің көлік жүргізушісі Бауыржан Қабдолов та бар. Мұнай-газ саласында ширек ғасырға жуық табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан мұнайшының жақындары да осы салада қажырлы еңбек етіп келетінін айтады.
– Бүгін Шығыс Мақат кен орны, арнаулы көлік керуеніндегі ұжымым, сонымен қатар, «Доссормұнайгаз» басқармасының ұжымы осы жылдардағы азды-көпті еңбегімізді ескеріп, марапаттап жатқанына алғыс айтамын. Халқымыз «Көңіл көңілден су ішеді» дейді ғой. Мұнайшылардың басын қосып, дастархан жайып, елеп жатқандары қуантады. Биылғы мерекеде өзімнен үлкен ағам, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ-ның операторы Шалабай Қабдолов та медальмен марапатталса, құдам, Шығыс Мақат кен орнының операторы Әскер Нұрманов «Құрмет грамотасымен» марапатталды. Барша мұнайшыларды мерекемен құттықтаймын! Еліміздің тұрмысы жақсарып, елдің қазынасы халықтың пайдасына жарасын, — деді Бауыржан Қабдрахманұлы.
Салтанатты шара соңы өнерпаздардың өнерімен жалғасып, тарқасты.
Алмас АБАЙ
