Жарнама
Экономика

Қазақстанның геоэкономикалық әлеуетін күшейтетін басты дәліз

Транскаспий халықаралық көлік бағыты – қазіргі таңда тек көлік-логистика саласының маңызды жобасы емес, ол Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі стратегиялық рөлін айқындайтын басты жұмыстың бірі. Соңғы 5 жыл ішінде жүк тасымалының 6 есеге өсуі – бұл бағыттың жоғары сұранысқа ие екенін және еліміздің көлік әлеуетін тиімді пайдаланып отырғанын көрсетеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бұл бағытты дамытуға ерекше мән берілуі – геосаяси жағдай мен жаңа экономикалық шындықтарды ескерген дұрыс шешім. Қазір жаһандық жеткізу тізбектері өзгеріп жатыр, ал Қазақстан бұл үдерісте сенімді транзиттік хабқа айналуға нақты қадамдар жасап отыр.

Контейнерлік тасымалды автоматтандыру, жаңа порттар мен терминалдардың ашылуы – мұның бәрі Қазақстанның логистикалық инфрақұрылымының жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл тек көлік емес, инвестиция, өнеркәсіп және сауда салаларына да оң әсерін тигізеді.

ТХКБ арқылы жүктердің Қытайдан Еуропаға жету уақыты айтарлықтай қысқарды. Бұл – қазақстандық бағыттың баламасыз тиімділігін дәлелдейтін нақты фактор. Ақтау, Құрық порттары мен Поти (Грузия) портындағы терминалдардың жұмысы – Каспий теңізі арқылы транзиттің болашағы зор екенін байқатады.

Сонымен қатар, осы бағыттағы жүк ағынының өсуі еліміздің жергілікті өндірісін дамыту, жаңа логистикалық қызметтерді қалыптастыру және жұмыс орындарын ашу тұрғысынан да мультипликативтік әсер беріп отыр.

Жалпы алғанда, ТХКБ – Қазақстан үшін тек экономикалық емес, геосаяси тұрғыдан да маңызы зор жоба. Бұл бағыттың дамуы елімізді Еуропа мен Азия арасындағы алтын көпірге айналдыра түседі.

Нұрбек ІЗБАСОВ,

Атырау қалалық мәслихатының депутаты

Сурет: rail-news.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button