
Қашаған: Өндірілген мұнай көлемі — 1 млрд. баррель
Қашаған кен орнын игеру жобасының іске қосылғанына биыл 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында жобаның ең ірі жетістіктерінің бірі — өндірілген мұнай көлемінің алғаш рет 1 миллиард баррельге жетуі. Бұл — Қазақстанның мұнай-газ саласы үшін аса маңызды әрі жағымды жаңалық.
Қашаған — стратегиялық маңызы жоғары, әлемдегі ең күрделі теңіз мұнай жобаларының бірі. Алайда бүгінде Қазақстан бұл жобадан тек 2 пайыз көлемінде ғана пайда көріп отыр. Мысалы, Теңіз жобасында салықтар мен басқа да түсімдер арқылы еліміздің үлесі 65 пайызға дейін жетеді. Қарашығанақ кен орнында да Қазақстан үшін тиімділік әлдеқайда жоғары.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Қашағандағы бұл айырмашылықтың басты себебі — жобаға салынған инвестициялардың әлі өтелмеуінде. Бұл туралы ол Energy Analytiсs Telegram арнасы ұйымдастырған подкаст барысында айтты.
Спикердің сөзінше, Қазақстан Қашағаннан түсетін табыстың көлемін арттыру үшін бірнеше негізгі алғышарттар орындалуы тиіс:
-Мұнай өндіру көлемін арттыру – Үкімет кемінде 3 миллиард баррель мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Алғашқы 1 млрд баррельге жету үшін 2016 жылдан бері 9 жыл қажет болды. Қалған 2 млрд баррель үшін тағы шамамен 15 жыл қажет болуы мүмкін. Жобаның рентабельділігін арттыру – шығындарды оңтайландыру және өндіріс тиімділігін арттыру арқылы жобаның экономикалық қайтарымын көтеру маңызды. Инвесторлардың шығынын толық өтеуі – инвесторлар салған қаржыны қайтарып алған соң ғана Қазақстанның үлесі біртіндеп ұлғая бастайды. Бұл үдерістердің барлығы мұнай бағасына, геосаяси тұрақтылыққа және өзге де сыртқы факторларға тәуелді. Сондықтан Қашаған жобасынан айтарлықтай пайда көру үшін кемінде 10–15 жыл уақыт қажет болуы мүмкін, — дейді Н.Жұмағұлов.
Айта кету керек, Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ — Қазақстанның мұнай-газ саласындағы үш ірі тірегі. Олардың әрқайсысы ел экономикасына елеулі үлес қосып келеді. Қашаған жобасының әлеуеті зор болғанымен, оның толық пайдасын көру үшін ұзақмерзімді, жүйелі жоспар мен шыдам қажет. 2035 жылға қарай жағдай өзгеріп, Қазақстанның үлесі айтарлықтай артады деген үміт бар, алайда нақты нәтижелерге жету одан да ұзақ уақыт алуы мүмкін.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: egemen.kz