ӨТЕМАҚЫ ТӨЛЕУ БОЙЫНША ЖҰМЫС БАСТАЛДЫ
«Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Ұлттық банкі Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен бірлесіп жеке тұлғалардың ұлттық валютада ашылған мерзімді депозиттері бойынша бағамдық айырманы өтеу тетігін әзірлеу мәселесі жөніндегі жұмыс тобын құрды», — делінген мәлімдемеде.
Жұмыс тобының құрамына Ұлттық банктің, екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының және Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының өкілдері кірді.
Өтемақы 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша шоттағы қалдық сомасы 1 миллион теңгеге дейін болатын жеке тұлғалардың теңгеде ашылған мерзімді депозиттері негізінде жүзеге асырылады.
Айта кетелік, депозит банктегі арнайы шотта бір жыл бойы сақталған жағдайда ғана азаматтарға бағамдық айырма өтелетін болады.