Жарнама
Экономика

Отандық өнімге қолдау қажет

Шикізат сатып, мемлекеттің экономикасын өрге бастыра алмасымыз жасырын емес. Еңсе тіктеп, өркениетті елдермен иық тірестіру үшін отандық бизнесті шырқ үйіріп әкету керек. Жергілікті жерде өндірілетін өнімге барынша қолдау білдірген абзал. Әйтпесе, жемісті мұхиттың ар жағынан алдырып, көрші елде өскен көкөністі тұтына беретініміз ақиқат.

Отандық тауарға басымдық болуы үшін әсіресе, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде тапсырыс берушілер әуелі «Қазақстанда жасалған» өнімдерді таңдауы қажет. Алайда, оны елемейтіндер де бар екен. Жуырда Атырау облысы бойынша Ішкі аудит департаментінің қызметкерлері облыстық перинаталдық орталықтан осындай кемшілікті анықтады.

Өнім жеткізуші – «ДиАКиТ» пен «RuMaFarm» компаниялары перинаталдық орталықта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру және өткізу кезінде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарының бұзылғандығына шағым түсірген. Атырау облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары осы шағымдардың негізінде жүргізген аудиторлық тексерудің нәтижесінде жалпы сомасы 1 710 000 теңгенің ресімдік сипаттағы заң бұзушылығын анықтады.

Департамент басшысының орынбасары Рүстем Түсіпбергеннің айтуынша, егер лот бойынша сатып алуға отандық тауар өндіруші өтінім берсе, ол бірден жеңімпаз деп танылуы тиіс. Мұндай жағдайда басқа әлеуетті өнім берушілердің тапсырыс берушілері автоматты түрде қабылданбайды. Алайда, медициналық мекеме отандық тауар өндіруші бола тұра, «RuMaFarm» ЖШС-нің өтінімін өткізбей, «A-Медика» жеке кәсіпкерін және «Медфармимпорт» ЖШС жеңімпаз деп танып, жоғарыда көрсетілген қаржыға келісім-шарт жасаған, оның 1 476 000 теңгесі жұмсалып та үлгеріпті.

Аудит қорытындысында мекемеге анықталған заң бұзушылықтарды жою және оларға жол берген тұлғалардың жауапкершілігін қарау туралы нұсқама беріліп, қалған 234 000 теңгеге медициналық бұйымдарды сатып алуға екі жақты жасалған келісім-шарт бұзылды.

Осылайша, облыстық перинаталдық орталықта аталған сомаға қайтадан дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу конкурсы жарияланып, мекеме басшысының бұйрығымен жауапты лауазымды иесіне тәртіптік жаза қолданылды.

Айбөпе САБЫРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button