ОРТАҚ МҮДДЕ ТОҒЫСЫ
— Мен «ATYRAU INVEST-2013» бірінші халықаралық бизнес форумына қатысушылар мен қонақтарды және де экономикасы қарқынды даму үстіндегі Атырау аймағымен бұрыннан қалыптасқан өзара тиімді ынтымақтастықпен инвестициялық байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделілік танытқан тараптардың барлығын да өз жерімізде қарсылағаныма аса қуаныштымын, баршаңызды да форумның ашылуымен құттықтаймын, оның жұмысына сәттілік тілеймін, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
— Шығыс пен Батыс өркениеттерінің тоғысқан тұсында орналасқан Атырау облысы, шын мәнісінде Қазақ елінің мұнайлы астанасы атануға лайық өңір. Бүгінгі Атырау – Каспий маңы аймағындағы ең ірі индустриалды орталықтардың бірі. Облысымыз қол жеткен табыстарымен тоқтап қалмай, өндіріс қарқынын арттыруды, заманауи технологияларды өндіріске енгізуді, жаңа мұнай өнімдерін өңдеу кәсіпорындарын құруды, инвестициялық жобаларды игеруге ірі инвесторларды тартуды жалғастыра береді.
Бүкіл әлем Атырау облысын көмірсутекті шикізат қорының алып көмбесі ретінде біледі. Мұнда Теңіз бен Қашаған тәрізді аса ірі мұнай кен орындары орналасқан. Бұдан бөлек, қазыналы өңіріміз түрлі табиғи минералдар мен құрылыс материалдарының қорына да кенде емес. Облыста «Шеврон», Эни», «Эксон Мобил», «Шелл» сынды мұнай өнеркәсібінің алыптары жұмыс жасайды, — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ ол өңірде шетел инвестициясын көптеп тартуға қолайлы жағдайлар қалыптасқанын, соның бірі де бірегейі, жалпы ауданы 3,5 мың гектарды құрайтын «Ұлттық индустриалды мұнай-химиялық технопаркі» арнайы экономикалық аймағы саналатынын айтты. Оның аумағында жылдық қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шығаруға мүмкіндік беретін, құны 6,8 млрд. АҚШ долларын құрайтын «Интеграцияланған газ-химия кешенінің» құрылысы басталды. Айта кетер жайт, арнайы экономикалық аймақ шеңберінде көмірсутекті шикізатты тереңдете өңдеу және бәсекеге қабілетті, жоғары қосымша құнға ие өнім түрлерін шығаратын 300-дей мұнай-химия өндірісін, яғни кәсіпорнын құру жоспарланды. Мұнда барлық әлеуетті қатысушылар үшін салықтық, кедендік және басқа да жеңілдіктердің қарастырылуын көздейтін арнаулы құқықтық режим енгізіліп отырғанын атап көрсетті облыс әкімі.
Қазіргі Атырау — бұл шетелдік және отандық капиталды бір жерге шоғырландырып, ортақ іс пен игілікке бағыттауға мүмкіндік беретін орта болып табылады.
Осындай ынтымақтастықтың арқасында облысымызға қазіргі заманғы менеджмент, заманауи жабдықтар мен соңғы үлгідегі технологиялар, әлемдік инновациялық жобалар көптеп тартылуда. Жақсы дамыған көлік инфрақұрылымының болуы – халық шаруашылығы жүктерінің әуе, су, темір жол және автомобиль транспорты арқылы әлемнің барлық елдеріне бірдей тасымалдануына мүмкіндік беріп отырғандығын да айта кеткеніміз ләзім, — деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.
Мақтаныш емес, осыншалықты динамикалық қарқынмен, жан-жақты және табысты даму мен өркендеу үрдісі — біздің өңірімізге ғана тән құбылыс. Ілгеріде де осынау үрдіске үлес қосып, бізбен ынтымақтастықта болуға ниетті әлеуетті инвесторларға аймақ басшылығы тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіндігіне сендіремін. Бизнес өкілдері арасында өзара ынтымақтастық пен әріптестіктің жаңа көкжиектерін ашуға мүмкіндік беретін, даңғыл жол ашатын бүгінгідей іскерлік алаңына — халықаралық форумға тағы да қош келдіңіздер. Барлығыңызға да табысты қадам мен сәттілік, көздеген мақсаттарыңызға жетулеріңізді тілеймін, — деді облыс басшысы.
Бұдан кейін ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі «Жергілікті мазмұнды арттыру жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның басқарма төрағасы Қайрат Бектүргенев, Инвестициялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары Руслан Тасбергенов, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының өкілі Жан-Франсуа Лянжелле, Ресей Федерациясының Удмуртия Республикасы Президенті мен Үкіметі Әкімшілігінің жетекшісі Александр Горяинов, Ақтау декларациясының үйлестірушісі Лорд Уэверли сөз сөйледі. Олар да форумға қатысушы барша әріптестеріне жылы лебіздері мен игі тілектерін арнай отырып, шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мұрындық болған аймақ басшылығына алғысы мен ризашылығын білдірді. Мұнда жаңа инновациялық-индустриялық идеялар мен жобалар алмасуға жағдай барлығын айтты.
Форум жұмысы одан әрі түрлі тақырыптардағы секциялық мәжілістермен жалғасын тапты. Олар: «Әлеуетті инвесторларға арналған инвестициялық жобалар»; «Қазақстандық мазмұнды және мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестікті дамыту»; «Инновациялық даму және «жасыл экономика»; «Кедендік одақ шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту» деп аталды. Атауларына сай, секциялық мәжілістерде бұл мәселелер жан-жақты талқыланып, қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасты. Әсіресе, бизнес-форумның басты мақсаты саналған, өзара экономикалық ынтымақтастық пен әріптестік жағдайында отандық өндірісті өрістете отырып, ондағы «қазақстандық мазмұнның» үлес салмағын арттыру жағына баса назар аударылып, көбірек көңіл бөлу қажеттігі алға тартылды.
Сонымен қатар, секциялық мәжілістердің барысында көптеген жаңа инвестициялық жобалардың таныстырылымы болып, тұсауы кесілді. Ұсынылған жобалар бойынша бизнес-әріптестер арасында бірқатар келісімдер мен мәмілелер жасалды.
Атырауда өткен бірінші халықаралық бизнес-форум ежелден ынтымағы мен бірлігі, тату тірлігі жарасқан біріне-бірі көршілес елдер мен өңірлер арасында қалыптасқан іскерлік, достық, бизнес әлеміндегі әріптестік байланыстарды болашақта да табысты жалғастыруға кепілдік беретін маңызды құжат-меморандумдарға қол қойып, уағдаластықты бекіту рәсімімен аяқталды.
Алғашқы болып, меморандумға қол қою рәсімі Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов пен Ресей Федерациясы Удмуртия Республикасы Президенті мен Үкіметі Әкімшілігініңжетекшісі Александр Горяиновтың арасында өтті. Тараптар бір-біріне Келісім-хаттарын табыстай отырып, екі елдің арасындағы өзара ынтымақтастық пен мызғымас достықтың белгісі ретінде естелік сыйлықтарымен алмасты. Мұндай сый форум жұмысына қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Марат Каримовқа да жасалды.
Тұтастай алғанда, бизнес-форумда ұзын саны 40, жалпы құны 50 млрд. теңгені құрайтын меморандумға қол қойылуы қамтамасыз етілді. Кеше форумға қатысушылар мен қонақтар қос құрлықты жалғастырып тұрған шаһардың көрікті жерлерін аралап, бірқатар өнеркәсіптік өнімдер өндіретін кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Сонымен бірге аталған форум аясында, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған тақырыптық тренингтер ұйымдастырылды.
Дәулетқали АРУЕВ.