Жарнама
Экономика

ОН БЕС МЫҢДЫҚ ТЕРЕҢДІК

 

арманнан ақиқатқа айналды

Қазақстан әлемді тосын да батыл бастамаларымен таң қалдыруын жалғастыруда. Дүние жүзі назары тағы да елімізге ауды. Геология тарихында тұңғыш рет он бес шақырымдық тереңдік бізде қазылады. Оның оң нәтижесі осы саладағы жарқын жаңалық болмақ.
Жалпы, қазақ инженерлері кешегі кеңестік кезеңде де аса тереңдікке бұрғы бойлатуды ойлаған. Бұл бағыттағы табыстары да толымды еді. Мәселен, сол кездің өзінде де төрт-бес мыңдық ұңғымаларды қазу әдеттегі қалыпты көрініске айналған. Рас, өзіндік қиындықтары бар, дегенмен толымды тәжірибелері де жеткілікті болатын.
Содан 1967 жылы Биікжал елді мекенінде жобалық тереңдігі 7000 метрлік СГ-2 ұңғымасын қазу басталды. Арнайы экспедиция құрылды, одақтың өзге өңірлерінен мамандар шақырылды. Өзіміз көрдік, сол бұрғылау қондырғысы тұтас бір зауыт секілді еді. Электр энергиясының қуаттылығы соншалық, ауа райының қолайсыз күндері Құлсарыдан тартылған желі үзілгенде іргедегі ауылды жарықпен қамтамасыз ететін.
Сол шақта күллі одақ бойынша екінші аса терең ұңғыма саналған оны қазудағы мақсат тұз астындағы палеозой шөгінділерін аршу, олардың құрамы мен құрылысын зерттеу, өндірістік мұнайлылық пен газдылықты анықтау, сейсмологиялық деректерді жинақтау, үлкен тереңдіктегі тау жыныстарының қасиетін сараптау, т.б. болатын. Жобалық тереңдік те жақын қалған-ды. Алайда, 6028 метрде жұмыс тоқтатылды. Себеп – геофизикалық зерттеу кезіндегі апат.
Одан кейін Тортай, Шөлқара, Көктөбе, Үлкентөбе, т.б. алаңдарда қазылған ұңғымалар да терең еді. Соңынан біраз уақытқа дейін төрт-бес мыңдық тереңдік бұрғыланған жоқ. Тіпті, турасын айтқанда, тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында экономикалық байланыстардың бұзылуы салдарынан геология саласы назардан тыс, көзден таса қалды. Министрлік те жабылды. Бүгінде байырғы геологтар оның қалпына келтірілуін қалайды. Қазір шапшаң өнім алу үшін бұрын барланған, мұнай барлығы анықталған алаңдар ғана қазылуда. Мұнда да жобалық тереңдік екі-үш мыңнан аспайды. Жеке иеліктегі компаниялар да тайыз ұңғымалардың бергенін қанағат тұтуда.
Енді, міне, құлашымызды кеңге сілтегелі отырмыз. Елбасының берген нақты тапсырмасы да сол – жаңа кен орындары игеріліп, көмірсутегі қоры еселеп арттырылуы тиіс. Сондықтан, таяудағы бес жылда геологиялық іздестіру шараларына бір триллион теңгеден аса қаражат бөлінбекші. Осы қомақты қаржының тиімді жұмсалуы ел экономикасына қосылған сүбелі үлес болмақ.
Еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев жақында Атырауда болып, осындағы мұнай өндіруші компаниялардың басшыларымен кездесті. Тақырыптың темірқазығы – бұған дейін ауызекі әңгімеде ғана айтылып келген, енді нақты қолға алынғалы тұрған аса терең ұңғыманы бұрғылау. Бұл жөнінде бірінші рет ресми мәлімделді. Яғни, әлемдегі аса терең алғашқы ұңғыма Қазақстанда, соның ішінде Каспий маңы ойысында қолға алынады. Осы орында бұған дейін де тайыздан бірнеше шағын кеніш ашылған-ды. Енді әрі қарай бұрғылау, аса тереңдіктің сырын ашу қажеттігі туды.
Бүгінде дайындық шарасының бастауы ретінде жобаны жүзеге асырушы жұмысшы тобы құрылды. Оның «Еуразия» атауына ие болуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Демек, жобаға қазақстандық инженерлермен бірге шетелдік мамандардың да қатысуы ықтимал. Бұл – Елбасының геология саласына инвестиция тарту қажеттігі жөніндегі тапсырмасымен де үндес. Әрі, оған Еуразиялық экономикалық одақ та мүмкіндік береді.
Сонымен, әлемдегі аса терең ұңғыманы бұрғылауға алғашқыда мемлекеттік бюджеттен 500 млн. доллар бөлінбек. Әрине, аз қаражат емес. Әйтсе де, мұны да ақырғы көрсеткіш деуге болмайды. Яғни, іс барысында қосымша қаржыландыру қарастырылған.
Ал, келесі жылдан бастап бұрғылануы көзделіп отырған жаңа ұңғыма облысқа не береді? Алдымен, жергілікті мамандар мен жұмысшылар жұмылған жаңа кәсіпорын құрылады. Бұрғылау шараларын солар жүзеге асырады. Теңіз тәрізді алып кенішті ашуға атсалысқан, Каспий маңы ойысында ондаған кен орындарын қатарға қосқан атыраулық бұрғышылардың оған білігі де, білімі де жеткілікті. Сөйтіп, өңірде жаңа жұмыс орындары пайда болады, облыстық бюджетке қосымша мол түсім түседі.
Одан әрі, әрине, әлемдегі ең терең ұңғыманың Қазақстанда, соның ішінде Атырау облысында қазылуы – біз үшін мақтаныш. Ғасырлық тарихы бар қазақ мұнайының отаны саналатын өңір өмірбаянына жаңа жарқын бет қосылмақ. Жалпы, мамандардың айтуынша, дүние жүзінде әзірге ең терең саналатын 12000 метрлік ұңғыма Кольск жарты аралында екен. Одан сәл тайызырақ, яғни 10,5 шақырымдық ұңғыма Мексика шығанағында орналасқан. Ал, біздікі олардың екеуінен де терең.
Геология саласындағы тағы бір жаңалық – жер қойнауы және оны пайдалануға қатысты кодекстің жасақталып жатқандығы. Оның талаптары бойынша жеке иеліктегі шағын компанияларға көп жеңілдік жасалады. Яғни, олар да бұрғылау жұмыстарына кеңірек тартылады. Рұқсат алуды рәсімдеу реттеледі. Мәселен, келісім-шарттағы міндетті сараптама 60 пайызға азайтылады. Бүгінде әлемде ашылып жатқан жаңа кеніштердің жартысына жуығы осындай шағын компаниялардың үлесінде екен. Демек, оларға да өзін көрсетуге мүмкіндік берген жөн.
…Сонымен, облыс экономикасын жаңа серпіліс күтіп тұр. Бұдан отыз шақты жыл бұрын Гурьев дөңесіне бастап бұрғы бойлатқанда да өңір геологтары тың талпыныс танытқан. Енді солардың ұрпақтарына білімі мен білігін серік етіп, қажыр-қайратын көрсетер кез келді.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button