Жарнама
Экономика

Өз өнімімізді өгейсітпейік…

Президент бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігіне әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлік тауарларын алдын ала сатып алуға тапсырма берген болатын. Бірақ, бұл да ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтінін айтты. Сондықтан енді ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажет.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы аталған мәселемен құзырлы министрліктер айналысуға тиіс екенін қадап айтты. Бұл пікірмен мен де келісемін. Себебі, министрліктің соңғы уақыттағы жұмысы көңіл көншітпейді.  Министр бұл мәселелерге тиісті қауымдастықтар мен нарық субъектілерін жедел жұмылдыруы керек деп ойлаймын. Бүгінгі нарық жағдайында «өз қазаныңда өзің қайнап» жүре алмайсың. Сондықтан сұранысты өтей алмайтын өндірушілерге қолдау көрсететін келісімшарттарды үзу керек. 

Екінші мәселе – баға саясаты. Жасыратыны жоқ, отандық өнім импорттан анағұрлым қымбат тұрады. Сол себепті, шетелдің сапасыз болса да арзан өніміне сұраныс көп. Егер еліміздің әр азаматы бағасы қымбат болса да, өз өнімімізді тұтына бастаса, бұл да болса жергілікті кәсіпкерлерге көрсетілген қолдау болар еді. Бұл үшін Үкімет тарапынан да тиісті шаралар қолға алынуы қажет. Мәселен, отандық өндірушілердің шығынын өтеуге аз да болса қаражат бөлінсе, өз кезегінде олар да бағаны төмендетуге ынталы болар ма еді?! Президент бұл мәселені шешуге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын да тарту керектігін айтты.

Сондай-ақ, шаруа қожалықтарына да ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік берілуі тиіс. Сонда арадағы делдалдар қатары да азаяр еді. Осыны айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке «Атамекен» палатасымен бірлесіп, «Қазақстанда жасалған» жалпыұлттық жобасын бастауды тапсырды. Бұл жүзеге асатын болса, жоғарыда айтылған проблемалар шешімін табатынына сенімдімін.  

Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button