Жарнама
Шаһар шырайыЭкономика

Өніміне өзге ел қызыққан Атырау

atr.kz/18 қыркүйек, 2020 жылАлғашқы рет балық өнеркәсібіне келгенімдегі ахуал мен одан кейінгі жағдайды салыстыруға мүлдем келмейтін еді.

Жылуы жоқ, санитарлық торабы жоқ жатақханалар мен қазақы пәтерлер, көшеде балшықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Кейін көп қабатты үйлер салынып, инфрақұрылым жүргізілді, халыққа қажетті нысандар бой көтерді. Бұлардың қай-қайсысының да салынуына балық кәсіпшілігі қосқан сүбелі үлес бар деп айтуға болады.

Мен Гурьев балық комбинатының мұздату бөліміне 1975 жылы жас маман-механик болып келдім. Кәсіпорын – қала құраушы үлкен ұжым, ол кезде ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиісті технологиялық талаптар толық сақталды. Жайық өзені мен Каспий теңізінің тартым учаскелерінен ауланып, комбинатқа арнайы жабдықталған үлкен кемелермен жеткізілген балық бірден цехқа жіберіледі. Ол жерде де 800 адамға жуық қызмет етеді.

Одан бөлек 400-ден аса адам тасымалдау жеткізу және өңдеу бағытында тер төкті. Балық сол цехтарда тазаланып, жон еті сылып алынып, филе күйінде дайындалады. Сосын мұздатқыш камераларда қатырылады. Жұмыс үрдісі тоқтамау үшін комбинаттағы техниканы жөндейтін жөндеу-құрылыс цехы болды. Онда жұмыс жасайтын ылғи қазақ жігіттері еді. Алғашқы кезде мен флот капитанын адмирал сияқты көруші едім. Себебі, сол уақытта бұл қызметке тәжірибесі мол, нағыз майталмандар бекітіледі. Аға диспетчер де үлкен роль атқарды. Әміров, Ширяев, Ысмағұлов секілді өз ісінің білгір мамандарымен жұмыстас болғанымызды әркез мақтан тұтамыз.

Біз олардың өмірлік тәжірибесінен тәлім алып, ақыл-кеңесімен жұмыс жасадық. Ең маңыздысы – тәртіп пен талапты қатаң сақтау. Күн райының ыстық-суығына қарамастан, ауланған балықты шашау шығармай, бұзып, шірітіп алмай түгелдей цехқа жеткізу негізгі жұмыс принципіміз болды. Бұл талаптың сақталмай қалғаны жадымда жоқ. Атақты балықшы, Социалистік Еңбек Ері Айнаш Байжігітовамен де қызметтес болдым. Ол кезде мен әлі отызға толмаған жігітпін. Апамыз жасы ұлғайғанмен, өте шапшаң жұмыс жасайтын. Майшабақтарды бөліп, өңдейтін арнайы құрылғының ырғағына ілесіп, қолы қолына жұқпай бәріне үлгеріп тұрғанда таң қалушы едік.

Айнаш апай сол кездің өзінде жұмыс жоспарын әдеттегі жүктемеден екі есе асырып орындап жүрді. Сондай-ақ Қожақ Бөлекбаев, Кораблев, Қадиша Шәріпова, Тәжекенова, Юдинцева, Малеев, Валентина Чигрина, Жайлыбеков, Сақыпов, Амангелді Наремгенов сынды комбинаттың алдыңғы қатардағы белсенді еңбекшілерінің аймақтың өркендеуіне қосқан үлесі ештеңемен өлшенбейді. Шортанбай балық зауытынан, Астрахань учаскесінен де өнім әкелінді. Бірақ, «Гурьеврыбпром» комбинатының өнімдері әркез жоғары бағаланды. Қара балықтың өзі құнды, бекіре тұқымдас балық пен оның уылдырығының атағы тіптен шарықтап тұрды. Біз өнімді көбінесе Мәскеу мен Ленинградқа вагондап жөнелтуші едік.

Егер өнімге қатысты дау-дамай шыға қалса, технологтарды жібереміз. Мамандардың мықтылығы сонша, өндірістік-технологиялық процесті көрсете отырып, дәлелдеп шығады. Балық өнімдерін салатын қаңылтыр құты да комбинаттың өзінен шығарылды. Жоғары дәрежеде жұмыс жасаған зертхана әр құтыдағы балықтың құрамын, қоспалар мен салмағын грамдап өлшеп, дәлме-дәл есептеп отырды. Сол кезде «Каспрыба» өндірістік бірлестігіне қарасты комбинаттарда да өнім шығатын еді, бірақ Гурьевтің балық өнімдері брендке баланды десек те асыра мақтау болмас.

Кәсіпорынның қызметіндегі әр цех, әрбір маманның күнделікті жұмыс ырғағы бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан бір сәтке тоқтап қалуға немесе жаңылысуға болмайды. Мұны жақсы түсінетін еңбекшілер бірін-бірі лезде алмастырып, қолғабыс беруден тартынбайтын, қандай жағдайда да өндірісті кідіртуге жол берген жоқ. Сол кезде техникалық топтың инженері болсам да, өзімнен жасы үлкен, тәжірибесі мол әр еңбеккерден осы саланың қыр-сырына қанығып, білім-білігімді молайттым.

Осындай жанкешті еңбектің өтеуі болар, сан мәрте одақ пен республиканың Ауыспалы Қызыл туына ие болдық. Қаншама әріптестеріміз орден-медальмен марапатталды. Комбинат бойынша ұзын саны 8 адам Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Осының бәрі елдің маңдай тері еді. Сол кездегі Балықшы ауданының бүкіл инфрақұрылымдық жүйесіне де комбинат жауапты еді. Аудан басшылары Әнес Бисенов, Кеңес Қосыбаев, тіпті оған дейінгілер де комбинаттың күшімен әлеуметтік-тұрмыстық және материалдық-техникалық жұмыстарды ұйымдастырып жүретін.

 Он шақты шағын электр станциясы 3-4 шақырым жоғары және 46 шақырым төменгі кернеулі желі арқылы электр жарығымен, 5 жылу қазандығы қыс бойы жылу беруді үздіксіз қамтамасыз еттік. Табиғи газ жөнінде түсінік те жоқ, мазутты қатырып алмауымыз керек еді. Одан басқа Балықшы, Жұмыскер, Құрсай ауылдарындағы 7 балабақша, Балықшыдағы пионер лагері де комбинаттың балансында болатын.

Жайық өзенінің суын арнайы қондырғы арқылы тазартып, бүкіл ауданды ауыз сумен қамтамасыз еткен комбинат еді. Бұл жұмыстар 1987 жылға дейін жасалды, кейін аудан тарап, елді мекендер қалаға қосылғаннан кейін су орталықтан берілетін болды. «Гурьеврыбпром» бірлестігі – атағы кең жайылған қуатты кәсіпорындардың бірі. Өз флоты бар, жылына 6000 тонна майшабақ ауланатын.

«Қайта құру» кезінде балық өнеркәсібінде де қиындықтар туындады. Ұжымшарлар мен цехтар, басқа да құрылымдар өз алдына бөлек шықты. Бұрынғыдай жан-жақтан ағылып келіп жатқан мол балық жоқ. Жұмыс өнімділігі күрт азайды. Басшылықтың шешімімен ау қайырып, балық өңдейтін өз бригадаларымызды құрдық. Осылайша, саланың құлдырап кетпеуіне өз шама-шарқымызға қарай атсалыстық. Алайда, дәл осы кезеңдер балық санының да күрт кеміген кезеңіне сәйкес келіп, 1986-1987 жылдары бұл проблеманы үлкен мінберлерде көтеру, үкіметтен қолдау қажет екені айқын сезілді.

Тиісті министрліктің арнайы қаулысының жобасы дайындалды. Сол кездегі облыс басшылары Оңайбай Көшеков, Асқар Құлыбаевтардың қолдауымен қайтадан көтеріле бастадық. Арнайы техникалар бөлініп, консервілеу цехын қолдауға қаржы қарастырылды. Шетелдермен тікелей тауар алмасуға қол жеткізілді. Балықты да өзіміз сататын деңгейге жеттік. Уылдырық пен балық бағасы да көтеріліп, жаңа өнімдер шығару үшін қажетті қондырғыларды шетелден алатын күнге де жеттік.

Табыс көзін ұлғайту үшін балмұздақ жасайтын, нан пісіретін құрылғыларды алып, халық сұранысына сай қызмет көрсетіле бастады. Қала ішінен «Арман» дүкенін ашып, өз өнімімізді жергілікті халыққа ұсындық. Қызметкерлердің жалақысын төлеумен қатар, ардагерлерді қолдау да естен шыққан жоқ. Қалай десек те, дәл сол кезеңдерде бағалы қордың шынайы бағасын білген жоқпыз. Бізден үнемі тауар алатын француз фирмасының өкілдері «Сіздер аяқ астындағы алтынды көрмей жүрсіздер» дегенді жиі айтатын.

Расында да жоспар орындаймыз деп жүріп, балықтың азайғанын да байқамаппыз. Нәтижесінде комбинаттың жұмысы тұралап, тоқырауға ұшырады. Бұл ретте соңғы уақытта қаржы болмауынан теңіз түбін тереңдету жұмыстарының жүргізілмегені де себеп болса керек. Бір өкініштісі, мұның бәрі – кешегі тарих қана.

 Әміржан ШАУДАНОВ,

Қазақстан балық өнеркәсібі саласының ардагері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button