Мұнай-газ саласының келешегі қандай?
Елдің ірі мұнай кеніштері – Теңіз кен орнынан 18,9 млн. тонна, Қашағаннан 500 млн. баррель мұнай өндірілді. Дегенмен, олардың қоры біртіндеп кеми беретіндігі белгілі болып отыр. Мұндай жағдайда мұнай-газ саласының келешегін болжай аламыз ба? Стратегиялық «Евразия» жобасы туралы сараптаманы осы сауалдан бастағанды жөн көрдік.
Кен орындарының келешегі
Келешекте әлемде қуат күшін пайдалану екі есеге өсіп, мұнайға сұраныс тәулігіне 110 миллион баррельге дейін ұлғаяды деген болжам бар. Әзірге белгілісі, өткен жылы елімізде 85,7 млн. тонна «қара алтын» өндірілді. Пандемияға қарамастан биыл оның көлемін ұлғайту жоспарлануда. Дегенмен, сарапшылар кен орындардың өнімділігі біртіндеп кеми беретінін айтып отыр. Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кеніштерінде шикізат өндіру 2030 жылға дейін 110-115 млн. тоннаға дейін артқанымен, содан кейінгі кезеңде оның көлемі азая бастамақ. Болашаққа жасалған болжам бүгін тындырымды әрекет етуді қажет етеді. Яғни, Қазақстанда мұнай өндірудің табиғи құлдырайтын тұсында оның орнын жаңа ірі кен орындарымен толықтыру өмірдің талабына айналған.
Ардагер мұнайшы, Қазақстанның Еңбек Ері Ұзақбай Қарабалин осы жолдардың авторына Каспий маңы ойпаты әлемдегі ең бірегей аймаққа жататынын айтқан болатын. Мұнда көмірсутек шикізатының қоры айтарлықтай басым.
– Жеңіл алынатын, арзан өндірілетін мұнай, жеңіл дайындалатын ресурстар дәуірі аяқталып келеді. Ендеше, Каспий маңы ойпатында келешекте ашылатын ірі кен орындарының біршама тереңде жатқанын ескеру керек. Бұл бағытта бірқатар мемлекеттердің, мәселен тереңдігі 9 мың метрден асатын кен орындары бойынша Мексика бұғазы елдерінің тәжірибелері баршылық. Осы тұрғыдан қарасақ, мұндай тереңдікте Каспий маңында да алып, супергигант кен орындарының ашылу ықтималдығы арта түседі. Сондықтан, республиканың ресурстық базасын қолдауға маңыз берілуі қажет, — деді Ұзақбай Қарабалин.
Қайтадан қолға алынған жоба
Ауқымды жобаны жүзеге асыруға еліміздің жауапты орындары да ынталы. Ол шикізат қорын молайтып, өндіріске серпін беретіні анық. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Каспий маңы ойпатын осы заманғы технологияның көмегімен зерттеуге ерекше назар аударылуда.
– Бүгінде «Евразия» жобасы бойынша Каспий маңының терең жер қыртысын зерттеу жұмыстары қайтадан қолға алынды. Ол үш кезеңге есептелген. Алғашқысында мемлекеттің қаражатымен геолого-геофизикалық материалдар жинақталады, өңделеді, — деді вице-министр.
Жобаның екінші, үшінші кезеңдері жеке инвестиция арқылы жүзеге аспақ. Соның негізінде 8 мың погондық шақырымды құрайтын аумақта 2-Д сейсмобарлау және далалық геофизикалық жұмыстар жүреді. 100 мың шаршы метр жер қашықтан зондталады. Яғни жер беті әртүрлі түсіруші құрал-жабдықтармен жабдықталған әуелік және ғарыштық құрылғылармен бақыланады. 15 шақырым тереңдіктен шикізат қоры іздестірілмек.
200 кен орны игерілуде
Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов бүгінде құрлықта шамамен 200 кен орны игеріліп жатқандығына тоқталды. Соның 40-қа жуығы Атырау облысының аумағында екен. Ал, теңіз айдынында Қашағаннан ғана шикізат алынып отыр. Анығында, бұл жерден өзге кен орындары да ашылған еді.
– 30 жылға жуық уақыттан бері игеріліп келе жатқан Теңіз кенішін алсақ, оны игеру кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазір мұнда үшінші буынды зауыт құрылысы жүріп жатыр. Теңіздің әлеуеті орасан, көлемі де үлкен. Бүкіл қазақстандық өндірістің жартысы дерлік деуге болады. Қашағанда да мол қазына жатыр. Айтайын дегенім, мұндай аса ірі жобаларға қаржы бірден салынбайды. Оның қайтарымы 30-40 жылдан кейін болатындықтан, инвесторлар жұмысын жоспарлы түрде біртіндеп жүргізеді, — деді Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов.
««Евразия» жобасы – Каспий маңы ойпатының қаншалықты перспективалы екенін бағалайтын параметрлік ұңғыма. Біз ойпаттың орталық бөлігінің мұнайтудырушы мүмкіндіктерін көргіміз келеді» деді ол. Геология саласының білгір маманы барлық кен орындары осы ойпаттың шеттерінде орналасқан және мұнай ортаға ағып жиналады деген болжам айтты.
Жаңа жоба. Жаңа технология.
Көпшілікке белгілі, кезінде Қазақстан, Ресей Президенттерінің қатысуымен Атырауда өткен аймақаралық ынтымақтастық форумында «Евразия» жобасы көпшілікке таныстырылған болатын. Құны шамамен 500 млн. долларды құрайтын жоба энергетика саласына озық технология, инновациялық жаңашылдықты енгізуді көздейді. Тұтастай Каспий маңы ойпатындағы негізгі көмірсутектің ресурстық қорларын барлап, зерттеуді мақсат етеді. Ғалымдардың пікірінше, өте тереңдіктегі (15 шақырымға дейінгі) көмірсутегі қорын өндіру арқылы еліміздің осы саладағы әлеуетін екі есеге дейін арттыра алады. Каспий маңы ойпатында 300 млн. тоннадан астам мұнай қоры бар жиырма шақты ірі кен орны табылуы мүмкін.
Қазақстан мұнайшы-геологтар қоғамының президенті Балтабек Қуандықов үлкен жобаны жүзеге асыру барысындағы жұмыстарға тоқталды. Бұдан бұрын Үкімет басшысының қатысуымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Осылайша, жауапты министрліктер «Евразия» халықаралық жобасының әлеуетті қатысушылары – мүдделі компаниялар тобымен мәмілеге келген.
«Евразия» – тез қайтарымы бола қоймайтын жоба. Оған қоса шикізат нарығындағы өзгерістер, пандемияның салдары, үлкен компаниялардың шығындарды қысқартуы, геологиялық барлау қызметіндегі қаржы тапшылығы қолға алған іске кедергі келтірді. Соған қарамастан еліміздің мұнай саласының басшылары Каспий маңы ойпатының болашағы зор деп сеніп отыр
Азамат БАЗАРБАЕВ