
Мәжіліс депутаты экономикалық әлеуеті жоғары шаруашылықтарда болды
“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерболат Саурықов Атырау облысына жұмыс сапары барысында ауыл шаруашылығы саласындағы нақты жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Өңір басшылығымен және партия активімен өткізілген кездесулерден соң депутат Атырау қаласына қарасты Атырау ауылдық округі мен Кеңөзек ауылдық округіндегі ірі агроөндірістік құрылымдар – “Отбасы” және “Жұмағалиев Ө.Б.” шаруа қожалықтарында болды.
Кездесу барысында қожалық жетекшілері агробизнестің заманауи тәсілдерін, соның ішінде жоғары экономикалық тиімділігімен ерекшеленетін тамшылатып суару технологиясын қолдану арқылы қол жеткізілген нақты нәтижелерді көрсетті. Бұл әдіс арқылы су ресурстары үнемделіп, өнімділік айтарлықтай артқан.

Мысалы, жылыжай кешендері мен ашық егістік алқаптарда өсірілетін көкөніс дақылдарына агротехникалық шараларды дәл әрі уақтылы жүргізу – еңбек өнімділігін арттырып, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде өңірлік азық-түлік қауіпсіздігіне, жұмыс орындарының тұрақтылығына және ауыл кәсіпкерлігінің дамуына оң ықпал етеді.
Халық қалаулысы шаруашылықтардың экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізу тізбегін қолдау, инвестиция тарту және салаға мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану мәселелері бойынша ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, ауыл кәсіпкерлерінің еңбегіне сәттілік пен өсіп-өркендеу тіледі.
Дәулетқали АРУЕВ