
Мақсатты құрылыс – сапалы өмір кепілі
Биыл бес айдағы құрылыс саласындағы 15,4%-дық өсім – еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының айқын көрінісі. Бұл – тек статистикалық дерек қана емес, нақты құрылыстармен, халыққа қажетті әлеуметтік нысандармен өлшенетін нақты жетістік.
Республика Экономика министрлігі таратқан мәліметке сүйенсек, Маңғыстау облысында құрылыс көлемінің екі есеге артуы – өңірлік инфрақұрылымды кешенді жаңғырту саясатының жемісі. Мектептер, тұщыту зауыты, мұнай-газ құбырлары, тазарту нысандары мен күн электр станциясы сынды стратегиялық жобалар өңірдің ғана емес, жалпы ел экономикасының тұрақты дамуына үлес қосып отыр.
Сонымен қатар Қызылорда, Қостанай, Астана және Түркістан облыстарындағы 50%-дан астам құрылыс өсімі – бюджет қаржысының мақсатты әрі тиімді жұмсалып жатқанын білдіреді. Бұл аймақтарда мектептер мен балабақшалар, тұрғын үйлер мен жолдар, ауруханалар мен спорт нысандары салынып жатыр. Мұның барлығы – халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар.
Үкіметтің бюджет қаражатын тиімді пайдалану туралы тапсырмасы – орынды әрі уақтылы. Жауапты мекемелер бөлінген қаржының әр тиыны ел игілігіне жұмсалуы үшін тиісті бақылау мен заңнамалық қолдауды ұдайы қамтамасыз етіп отыруы керек.
Құрылыс – экономиканың күретамыры ғана емес, халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін сала. Сондықтан бұл бағыттағы оң серпінді сақтап, әрбір басталған жобаның сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы талап елдің әрбір өңірінде жүйелі жүзеге асырылуы тиіс.
Руслан КҮМІСҚАЛИЕВ,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты
Сурет: gov.kz