Өз ісінің МАЙТАЛМАНДАРЫ

oproproproporpparapr Экономика

КӘСІБИ МЕРЕКЕНІ АТЫРАУЛЫҚ ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРЫ МЕН ЖОБАЛАУШЫЛАРЫ ДА АЙТУЛЫ ЖЕТІСТІКТЕРІМЕН ҚАРСЫЛАУДА. ОЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА БҰЛ САЛАДА БАЙ ТӘЖІРИБЕСІ, ҚАЛЫПТАСҚАН ЕҢБЕК ДӘСТҮРІ БАР «АТЫРАУИНЖСТРОЙ» ЖШС-ІН АЙТУҒА БОЛАДЫ. БІРЛІГІ МЕН ЫНТЫМАҒЫ ЖАРАСҚАН ҰЖЫМДА ӨНЕГЕЛІ ІСІМЕН КӨРІНГЕН, МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ЖАНДАР ДА АЗ ЕМЕС.

Солардың бірі – серіктестіктің жоба жетекшісі Ермек Хамидуллин. Биыл оның осы кəсіпорындағы еңбек өтілі үшінші онжылдыққа аяқ басты. Атырау мұнай жəне газ институтын (бүгінде Сафи Өтебаев атындағы университет) «Автокөлік жолдары жəне аэородром құрылысының инженері» мамандығы бойынша бітіріп, алғашқыда мердігер компаниялардың бірінде геодезистің көмекшісі қызметін атқарған Ермек 22 жылдан бері осында. Бастапқыда өндіріс шебері болды, бүгінде жоба жетекшісі, біліктілігі жоғары инженер-техник мамандардың санатында.

– 2003-2004 жылдары «Атырау–Орал» тас жолының құрылысына қатыстым. Батыс Қазақстан облысында іссапарда болдым. Көршілес өңірдің инфрақұрылымын қалыптастырып, жақсартуға өзіндік үлесімді қостым. Бұл кезең мен үшін шеберлігімді шыңдау, тəжірибе жинақтау, мамандығыма машықтану, кəсібімнің қырсырына қанығу мектебі іспетті еді. 2014 жылы екінші мəрте Орал өңірінде болып, қалаішілік жəне ауданаралық жолдарды кеңейту, көркейту жобаларына қатысып, күрделі де қауырт жұмыстардың бел ортасында жүрдім,- дейді Ермек Хамидуллин.

img 20220815 wa0045

Бүгінде ол араласқан ауқымды жұмыс – облыс орталығындағы Азаттық даңғылын қайта жаңғырту жобасы. Оның өзі екі бөліктен, яғни сонша учаскеден тұрады. Алғашқысы – Абай– Темірханов көшелерінің аралығы (жалпы ұзындығы 691 метр – 0,7 шақырымның шамасы), соңғысы – Əуезов көшесінен Момышұлы көшесіне дейінгі аралық (1 855 метр, яғни 2 шақырымға жуық). Жобаға сəйкес, көшелердің көліктер жүретін бөлігі енінен 13,3-14-тен 15,5 метрге дейін кеңейтіліп, жол төрт жолақты болады. Тиісінше, екі жолақты жолдың ені 3,75-тен 4 метрге кеңейеді деп жобаланған. Ескі жол төсемі қайта монтаждалып, ескі жиектастар, науалар, тіректер алынып тасталды.

«Қазірде құрылыс алаңындағы инженерлік желілер қайта қалпына келтірілуде. Айталық, «Атырау жылу желілері» АҚ бірден екі учаскеде ірі жылу құбырын ауыстыруда. Соның ішінде, жер үстімен өтетін магистральдық желі құбырлары топырақтың астымен өткізілуде. Басқа да коммуникация жүйелерін жоба бойынша жайғастыру жұмыстары атқарылып жатыр», – дейді мердігер компанияның ресми өкілі Назымгүл Қайсағалиева.

img 20220815 wa0044

«Атырауинжстрой» ЖШСндегі жоба жетекшілерінің бірі – Асылбек Қабдешов. Ол да Атырау мұнай жəне газ университетінде оқып, жоғары білім алып, жол құрылысының инженері мамандығын меңгерген. Кəсіпорындағы еңбек жолын 2008 жылы қатардағы жолшылықтан бастаған жігіт аз уақытта өзін қандай жауапты жұмысты да атқара алатын, талабы зор, білігі мол маман ретінде көрсетті. Онысын оң бағалаған басшылық сенім артып, жолды абаттандыру учаскесінің бригадирі етіп тағайындайды. Одан соң көп ұзамай құрылыс учаскесінің бастығы, бас инженердің орынбасары қызметтерін атқарады. Құрылысын салып, жөндеумен бірге жаңғыртылатын жолдарды жобалау жұмыстарына да араласып, жетекшілік жасап келеді.

«Менің осы мезгілге дейін жасаған жұмысымның нобайы облыс өңірлеріндегі жол инфрақұрылымын жақсартумен байланысты. 2010 жылы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласының ішкі жолдарын жөнге келтірсек, одан кейінгі кезеңдерде Аққыстауда (Исатай ауданы), соңынан Индер мен Қызылқоға аудандарында жол құрылысымен шұғылданып, жұмыстың сапалы əрі уақытылы орындалуына жауапты болдым. Осылайша, ең маңызды учаскелердің бірінен саналатын «Индер–Қарабау–Миялы– Сағыз» жолының құрылысында да қолтаңбам қалды» деп сабақтады сөзін кейіпкеріміз.

Иə, жолдарды жаңғыртып, инфрақұрылымын жақсартуға бар білім-білігі мен тəжірибесін жұмылдырып, өзінің ортасында құрметке кенеліп жүрген осы қос азамат қақында əріптестерінің де айтар жылы лебізі аз емес. Жұмысының қыр-сырын жетік білетін, адамдардың жанына шуақ сыйлайтын осындай мамандардың арқасында жұмысымыз көптің көңілінен шығып келеді. Сол үшін де оларға айтар алғысымыз шексіз» дейді олар бірауыздан.

Дəулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз