Жарнама
Экономика

МҰНАЙЛЫ ЕЛДІҢ ТҰРМЫСЫ ДА ШЫРАЙЛЫ

 

Алдағы міндет ауқымды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің  «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты қазақстандықтарға арнаған кезекті Жолдауында былай деген болатын: «Бізге дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды. Бұлар біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз. Бізге мұнай-газ секторының экспорттық әлеуетін сақтай отырып, басқару, өндіру және көмірсутектерді өңдеудің жаңа тәжірибелері керек. Мұнай мен газ өндірудің ықтимал сценарийлері бойынша түбегейлі шешімдер алу керек…»

Мемлекет басшысы атап айтқандай, егер еліміздегі мұнай өндірісін «Үдемелі», «Үнемді» және «Прагматикалық» деп аталатын үш базалық сценарийге бөліп қарасақ, онда бұл саладағы көрсеткіштер төмендегіше болар еді: 2020 жылға дейін 100 млн. 2030 жылға дейін 110-120 млн. және 2040-2050 жылдары 110 млн. тонна деңгейінде мұнай өндіру. Бұған қоса алдағы ұзақ мерзімде сұйытылған газға деген әлемдік сұраныстың да арта түсетіндігі болжамдалып отыр. Осы орайда Халықаралық энергетикалық агенттік сарапшыларының мәліметтеріне сүйенсек, 2035 жылға қарай әлемдегі мұнайға деген сұраныс қазіргі жыл сайынғы 4 млрд. тоннадан 5 млрд.тоннаға дейін артатын болады. Мұны қаперге алсақ, алдағы отыз жылдың ішінде Бренд маркалы мұнайдың баррелі 130-дан 160 долларға қымбаттайтындығын аңғару қиын емес.

 

Цифрларға сөз берсек…

Осылайша, «ҚазМұнайГаз» және «ҚазТрансГаз» компаниялары салалық министрлікпен бірлесіп, Қазақстанда мұнаймен қатар, газ бағытын дамытудың тұжырымдамалық әрі стратегиялық жоспарын әзірлеуді қолға алды. Ресми ақпарат көздерінен алынған деректерге үңілсек, еліміз бойынша өткен 2013 жылы мұнай және газ конденсатын өндіру 81,8 млн. тоннаны құрап, жаңа межеге қол жеткізілген. Есепті мерзімде 42,3 млрд. текше метр газ өндіріліп, жоспар 4,4 пайызға артығымен орындалса, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 5,4 пайызға артқан. Еліміздің үш мұнай өңдеу зауытында 14,3 млн. тонна мұнай өңделіп, отандық кәсіпорындардың күшімен 2,7 млн. тонна бензин, 409 мың тонна авиакеросин және 4,1 млн. тонна дизель отыны тұтынушыларға жөнелтілген. Мұның сыртында, 72 млн. тонна мұнай экспортталып, 2012 жылғы деңгеймен салыстырғанда бес пайызға өскен.

Тағы да статистикалық мәліметтерді келтірсек, былтыр Каспий құбыр консорциумы арқылы 28,7, «Атырау-Самара» магистральды құбырымен 15,4, «Атасу-Алашаңқай» бағытымен 11,8, Ақтау порты арқылы 6,3 және темір жол бойымен 9,0 млн. тонна мұнай тасымалданған. Сәйкесінше, тауарлық газды өндіру көлемі де (22,6 млрд. текше метр немесе 104 пайыз) ұлғайған. Соның ішінде, өңірлердің газды тұтыну көлемі 11 млрд. текше метрге немесе төрт пайызға көбейіп, барлық өндірілген «көгілдір отынның» тең жарымына жуығын қамтуға, ал 8,6 млрд. текше метрі экспортқа шығарылған. Тұтастай алғанда, республика аумағы арқылы 99 млрд. текше метр газ транзиті жүзеге асырылған.

 

Жаңғыртылған зауыттан – жаңа өнім

Әңгімеміздің басында айтқанымыздай, жылдан-жылға еліміздегі мұнай өңдеу өнеркәсібінің де мүмкіндіктері молайып, әлеуеті артып келеді. Осы тұрғыда Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары тәрізді Атыраудағы бас өңдеуші кәсіпорын да жаңару үрдісінен қалған емес. Мұнда да алдымен риформинг колонналары орнатылып, хош иісті көмірсутектер өндіру кешеніне керекті технологиялық құрал-жабдықтарды орналастыру шаралары  толығымен орындалып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш жоба таяу арада іске қосылады деп күтілуде.

2016 жылы пайдалануға берілуі жоспарланған терең қайта өңдеу кешені бойынша жұмыстар да басталған. Бұл жобаны жүзеге асыруға Қытайдың «Синопек Инжиниринг», Жапонияның «Марубени» және Қазақстанның атынан «ҚазСтройСервис» компаниялары қатысуда. Оның үстіне, төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де шешілген. Осыған қарағанда, жаңғыртылған зауыттан жаңа өнімдер шығарылатын сәттің де алыс еместігі аңғарылады.

 

Инвестицияның өзі – игіліктің көзі

Кәсіби мерекені еліміздің мұнайлы астанасы атанған, республикамыздағы ең ірі «қара алтын» кеніштері орналасқан және оның мол қоры шоғырланған  Атырау өңірінің мұнайшылары да лайықты тартуларымен қарсылауды мақсат тұтқан. Облыстық кәсіпкерлікті дамыту және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Ескендір Жанатаевтың ұсынған мәліметтеріне зер салсақ, осыған көз жеткізуге болатындай. Бүгінгі таңда облысымыздың аумағында 30-дан астам мұнай өндіруші компания жұмыс жасайды. Олардың қатарында «Теңізшевройл», «Каспиймұнай», «Сазанқұрақ» ЖШС-тері мен «Мәтен Петролеум», Ембімұнайгаз» АҚ-дары тәрізді іргелі кәсіпорындарды айрықшалап айтуға болар еді.

Осы құрылымдардың күшімен 2013 жылы облыста 32,2 млн.  тонна мұнай мен 14,4 млрд.  текше метр ілеспе газ өндіріліп, алдыңғы жылғымен салыстырғанда 11-12 пайызға өскен. Бұл елімізде өндірілген мұнайдың 38 пайызын құраған. Осынау оңды үрдіс үстіміздегі белесте де жүйелі жалғасын тапқан. Ағымдағы жылдың жеті айында облыста өндірілген мұнай көлемі 18,4 млн. тонна, газ 8,4 млрд. текше метрді құрап, тиісінше, жоспардың орындалысы 97,4-96,4 пайызға қамтамасыз етілген.

Көмірсутекті шикізат өндірісімен шұғылданатын, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан былтыр жергілікті бюджетке аударылған қаражат көлемі 691,8 млн. теңгеге жеткен. Мұнай-газ секторына кіретін құрылымдардан негізгі капиталға 1038,4 млрд.  теңге (97,3 пайыз) қаржы түсіп, бұл салаға бағытталған инвестиция сомасы облыстық көрсеткіштің 71,4 пайызына теңгерілген. Соған байланысты мұнай-газ бен тау-кен өнеркәсібінде өндірілген өнімнің физикалық немесе нақты көлем индексі де айтарлықтай көтерілген. Соның нәтижесінде, жыл басынан бергі жеті айда негізгі капиталды толықтырған инвестицияның сомасы 582,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкесті кезеңіндегіге қарағанда 98 пайызға тұрақтаған. Тұтастай алғанда, есепті мерзімдегі мұнай мен газ өндіру жоспары 114,9 пайызға орындалған болып шықты.

 

Білікті маман – өндірістің жүрегі

Бұған дейін айтылып жүргеніндей, жер астының байлығын игеріп, елдің кәдесіне жарату жолындағы ортақ мүддеге жұмылып, ел ырысын арттыруға сүбелі үлесін қосып жүрген отандық компаниялардың арасында «ҚазМұнайГаз» Барлау. Бұрғылау» акционерлік қоғамы мен еншілес кәсіпорындарының үлес салмағының басым екендігі даусыз. Айрықшалап айтарымыз, олар өндірістік міндеттемелерін бұлжытпай орындаумен бірге әлеуметтік салаға да ұдайы көңіл бөледі. Қоғам алдындағы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін терең сезіне отырып, өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымдардың, тұрғындар әлеуетінің жақсаруына да атсалысып, қолдау көрсетеді. Мұнайшылардың демеушілігімен көптеген күрмеулі мәселелердің түйіні шешіліп келе жатқандығын да атаусыз қалдырмағанымыз орынды.

Қашанда, қай жерде де істің тетігін білікті кадрлар шешетіндігін, тек сонда ғана істің ілгері басатынын ескерген ұлттық компания басшылығы еншілес кәсіпорындары арасында «Үздік маман» байқауын өткізуді де берік дәстүрге айналдырғанын білеміз. Дәл осындай кезекті конкурс таяуда ғана «Ембімұнайгаз» АҚ-ына қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының базасында ұйымдастырылғандығы да мәлім. Он аталым (номинация) бойынша өткізілген, білім мен білікті сарапқа салған дүбірлі додада ембілік мұнайшылардың мерейі үстем болып, өздерін үздік маман ретінде көрсеткендігін жария да қылғанбыз.

 

Бірлескен жоба – берекелі істің негізі

Өлкеміздегі «қара алтын» мен «көгілдір отын» өндірісіне өлшеусіз үлесін қосып, мемлекет алдындағы әлеуметтік жауапкершілік жүгін де абыроймен арқалап, бедел биігінен көрініп жүрген бірлескен кәсіпорындардың бірі де бірегейі ретінде «Теңізшевройл» ЖШС-ін айтсақ жарасқандай. Мұнымызға дәлел, ең әуелі ТШО-ның өзі алғаш құрылған сәттен бастап жүзеге асырып келе жатқан «Игілік» бағдарламасы десек, басқа компаниялармен арада тең әлеуметтік әріптестік орнату, жалпы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту мәселесінде де оның алар орны мен атқарар рөлінің айрықша екендігі даусыз.

Осы тұрғыда, соңғы кездері Елбасының өзі жіті көңіл бөліп, Үкімет ерекше назарда ұстап отырған қазақстандық мазмұнды арттыруға немесе отандық өндірістің үлес салмағын арттыруға бағытталған Әріптестік бағдарламасының сәтті іске асырылуына бірлескен кәсіпорынның ықпалының зор екендігін жоққа шығара алмаймыз. Тегінде бірлескен жобалардың берекелі іске негіз болып қаланарын ескерсек, өз кезегінде «теңізшевройлдықтар» осы мақсат үдесінен шыққандай. Мемлекет пен кәсіпкерлік құрылым арасындағы тығыз байланыс пен әріптестік қарым-қатынастың берік орнығуына даңғыл жол ашатын мұндай жобалардың санатында ТШО-ның  «Юлмар Сервис», «Мультикор», «Уестпартершил» және «Мадисон Флок» ЖШС-терімен жасасқан келісім-шарттарын келтіргеніміз дұрыс. Бір анығы, осынау бірлескен жобалар ойдағыдай іске асқан уақытта мұнай-газ өнеркәсібінде кеңінен қолданылатын тығыздамалар мен жылыорамдау материалдарын, тұрбалар мен құбырлардың коррозияға қарсы тұру қабілеттілігін арттыратын құрылғыларды, бір рет пайдаланылатын ыдыстарды, сондай-ақ сабын мен өзге де жуыну заттарын дайындап шығаратын жаңа өндіріс нысандары мен жұмыс орындары ашылмақ.

Сайып келгенде, өзге өңірлердегі сияқты атыраулық мұнай-газ өнеркәсібі қызметкерлерінің де кәсіби мерекелерін айтарлықтай жетістіктерімен, толайым табыстарымен қарсы алғалы отырғандықтары кәміл. Бұған осы жарияланымды дайындау барысында әбден көзіміз жетіп, көңіліміз толды.

Ендеше, төл мерекелеріңіз құтты болсын. Еңбектеріңіз табысқа, өмірлеріңіз сәттілікке толсын, — деген тілегімізді жолдаймыз.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button