Жарнама
Экономика

ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ ЖАНАШЫРЫ

 Гүлнұр, расымен де, бұл сөзімізге лайық шебер, өз ісінің маманы. Ол ою ойып, құрақ құрау, әшекей бұйымдар жасау сияқты қазақтың дәстүрлі өнерін жетік меңгерген. Өзі жас болса да, қолынан шыққан құнды дүниелер көздің жауын алады. 

– Бала жастан кесте тоқуға, тігуге, ою оюға әуес болдым. Ине, жіп, түйме, қайшы менің сол кездегі «ойыншықтарым» болды десем артық емес. Сөйтіп, тігіншілікке бет бұрып, бұл сүйікті ісіме айналды. Тігіншілік те ерекше шыдамдылықты қажет ететін мамандық. Алайда, «Инемен құдық қазғандай» деуге болатын, осы бір қиын саланы таңдағаным үшін еш өкінбеймін. Себебі, мен өз кәсібімнен ерекше ләззат аламын, тынығамын. Жалпы, қандай бұйымды болмасын әдемі етіп жасау үшін, әуелі ынта керек. Өзің сүйсініп жасаған бұйым жұртшылықтың көңілінен шығады. Тігіншілікті де икемі бар адам меңгереді. Жалпы, ине мен жіп қыз баланың жанынан бір елі қалмауы керек деп ойлаймын. Егер қолынан іс тігу келсе, ол адамға көп қиындық түсе қоймайды, – дейді бізбен әңгімесінде Гүлнұр Ерденова. 

Бүгінгі күні қазақы дәстүрге сай ұзатылып жатқан қыздың жасауын жинап беру қалыс қалған жоқ. Десек те, қыз жасауына қажетті дүниенің көпшілігін шетелдік бұйымдар басып алғаны жасырын емес. Көпшілік арасында шетелдік өнімнің сапасы жоғары болады деген түсінік те қалыптасқан. Осы орайда кейіпкеріміз Гүлнұр бұл пікірді қоштап жүргендердің қателесетінін алға тартады.

Қазақ қызына қолдан тіккен қоржынның мәнiсi зор. «Анасын көрiп, қызын ал» дегендей, ана осы рәсiммен қызына қаншалықты тәрбие бергенiн, ауылының қандай екенiн жеткiзген. Дәлірек айтқанда, бұл қоржын — оңды-солды дүние шашу емес, екi жақтың бiр-бiрiмен етене араласуы үшiн жасалған жоралғы. Сол сияқты ұлттық өрнектерді нақыштаған қонақ көрпе, құрақ көрпелер де міндетті түрде қыз жасауынан табылуы қажет. Бұл ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ұрпақтан-ұрпаққа жалғау болып есептеледі. Міне, ұлттық бұйымның басты ерекшелiгi — осы» деп ұғатын Гүлнұр қыз жасауына қажетті дүниелерді дайындағанда осыған баса мән береді.

Атырау қаласындағы «Лимон» сауда үйінде «Қыз жасауы» атты дүкенінен Гүлнұрдың қолынан шыққан құрақ көрпелердің өрнегіне қызыққан жұрт көбіне қыз жасауына тапсырыс беріп, тіктіреді. Балалық шағындағы сүйікті ісін бүгінгі күні кәсібіне айналдырған ол сонысынан тапқан нәпақасынан гөрі, көрпелерін сатып алып кететіндердің қуанғанын қызыға қарағанын қымбат санайды. Ол адамдардың сенімінен шығу үшін өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайды.

Жас отбасының отанасы болып отырған ол бала тәрбиесін де қалыс қалдырған емес. Жиырма алты жасар Гүлнұр бүгінде екі қыздың тәрбиесімен қатар тігіншілік жұмысын жандандырып отыр.

– Еңбек адамға қандай қиындықты да жеңіп шығуға күш береді екен. Істеген жұмысымның жұртқа ұнап жатқанын көргенде шаршағанымды да ұмытып кетемін. Тағы бір көрпенің жүнін салып тастайын, тағы бір құрақты бітірейін деп, көзім талса да бастаған жұмысымды аяқсыз қалдырмаймын. Еңбектенген адамда жауапкершілік те күшті болады. Оны адамдар да бағалай біледі. Алғысын жаудырып кетеді, келесіде қасына достарын да ертіп әкеліп, тапсырыс бергізеді, – деген Гүлнұр алдағы уақытта бұл кәсібін өркендетіп, үлкен тігін цехын ашу жоспарда бар екенін де айтты.

Бала күнгі арманына қол жеткізген ол өзін бақытты санайды. Бастысы, ол өзінің еңбегін жоғары бағалайтын халқына арқа сүйейді.

Алтыншаш

НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button