Жарнама
Экономика

ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ БАНК НАЗАРЫНДА

Баспасөз өкілдері қатысқан конференцияны филиал директоры Қозыбақ Құлбарақов ашып, несие алу үрдісінің өткен жылдардағыдай қарқынмен жалғасып келе жатқанын айтты. – Бізде екінші деңгейдегі 24 банктің 25 бөлімшесі, 88 жеке үй-жайы, 102 айырбастау пункті жұмыс істейді. Тұтынушылық талғамы жоғары халық қалаған дүниесін қымбат болса да несиеге дереу рәсімдеп алады. Көп адам тұтынушылық несиені пайдаланып,  автокөлік, пәтер алып жатады. Ал, оның орнына қажетті құжаттарды тапсырып, мақсатты несие де алуға болады ғой, — деді ол.

Облыстық статистика департаментінің ресми деректері бойынша биылғы қыркүйекте тұтыну бағаларының индексі 100,2%-ды құрады. Азық-түлік бағасы –  100,3%, өзге тауарларға – 100,2% және ақылы қызметтерге 100,2% деңгейінде қалыптасты.  

Қаржылық сауаттылық қажет

Несие нарығына келсек, биыл облыстағы банк филиалдарында 308,0 млрд. теңге берешек сома тіркелді. Оның ішінде жеке тұлғалардың берешектері — 14,1%, заңды тұлғалардікі 45,3%-ға өскен. Екінші деңгейдегі банктерге (ЕДБ) әр тұтынушы 291,2 мың теңге борыш екен. Ал, шағын кәсіпкерлік субъектілерінің несие сомасы 6,4%-ға өсіп, 35,4 млрд. теңгеге жетті. Аймақтағы шаруа қожалықтарының берешектері 223,1 млн. теңгені құрап, 2,1 есеге көбейген. Заемдар бойынша мерзімі өткен қарыз сомасы 15,4 млрд. теңгеге дейін азайған.

— Тағы бір жиі туындап жүрген мәселе – тұтынушылардың несие құжаттарын рәсімдеуге бейжай қарап, сауатсыздық танытуы. Несие алып, келісім-шартқа қол қоярда азаматтарымыз ұсақ әріптермен жазылған қағаздағы мәтінді мүлде оқымайды. Ал, іс насырға шапқан соң бармағын тістеп, өкпе-назын білдіріп жататындар бар. Сондықтан да әр адам өз мүмкіндігінше қаржылық сауаттылығын арттырып, келісім-шарттың тиімді-тиімсіз жақтарынан хабардар болып отырса екен,  — дейді Қ.Құлбарақов. Биыл облыстың ЕДБ филиалдарымен 231,7 млрд. теңге несие берілді, бұл былтырғы көрсеткіштен 43,3 млрд. теңгеге көп. Ұлттық валютамен берілген несиелер 191,1 млрд. теңгеге, ал шетел валютасымен берілгендер екі есе көбейгені анықталды. Шағын кәсіпкерлік субъектілеріне берілген несие 19,9 млрд. теңгеге, жекелеген азаматтарға 1,4%-ға аз берілді. Тұтыну несиелерінің үлес салмағы 28,7% құрайды.

 

Доллар «долданып» барады…

Облыстың депозит нарығындағы көрсеткіштеріне сүйенсек, ЕДБ филиалдарындағы салымдар бойынша қалдық қаражат былтырға қарағанда 46,2%-ға өсіп, 207,4 млрд. теңгеге жеткен. Одан 75,1 млрд. теңге ұлттық, 132,3 млрд. теңге шетел валютасының үлесіне тиеді. Иә, жағдайы бар азаматтарымыз депозиттерін банкке доллармен салғанын қалап  жатады. 

Филиал директоры теңгенің құнсызданбайтынын да жеткізді. Оның айтуынша, соңғы кезде көп айтылып жүрген алып-қашпа әңгімелердің еш негізі жоқ. Мұны еліміздің бас банкирі Қайрат Келімбетов те қайталап айтумен келеді. 2014 жылғы қыркүйекте сатып алу мен сатудың орташа бағамы бір доллар үшін 181,73-182,41 теңге, бір еуро 234,42-236,19 теңге, бір рубль 4,80-4,85 теңгені құрады. Қазір қолма-қол валюта айырбастау операцияларын облыстың 132 айырбастау пункті жүзеге асырады.

 

Карточкалық төлемдер көбейді

Есеп айырысудың ең тиімді жолы – қолма-қол ақшасыз төлем карточкаларын пайдалану. Биыл айналымдағы төлем карточкаларының саны облыс бойынша 589,6 мың бірлікті құраса, оны қолданушылар саны – 533,2 мың адам. Соңғы 9 айда мұндай төлемдер бойынша 24,6 млрд. теңге сомасына 1 млн. транзакция жасалды. Облыстың бас қаржыгері айтып өткеніндей, Атырауда барлығы 514 банкомат (былтыр 506), 2349 POS-терминал (464 бірлікке өскен) жұмыс жасайды. Ал,  қолма-қол ақша қозғалысы өткен кезеңдермен салыстырғанда азайып келе жатыр, кіріс – 3,1%,  шығыс  4,6%-ға төмен.

Бұл көрсеткіштерден басқа, банк филиалымен валюталық заңнама сұрақтары бойынша және статистикалық есептерді ұсынуға қатысты 20 әкімшілік құқық бұзушылық  қозғалды. Атап айтқанда,  бес іс бойынша әкімшілік айыппұл салынып, 15 ескерту берілді. Сонымен бірге биыл тұтынушылардың құқығын қорғау ісі бойынша 28 жеке, 12 заңды тұлғаның өтініші қаралып, тиісті шаралар алынды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button