Жарнама
Экономика

Көлік-логистика әлеуетін жаңа деңгейге көтеру – уақыт талабы

Мемлекет басшысының Жолдауында еліміздің көлік-логистика саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл кездейсоқ емес. Қазақстанның географиялық орналасуы – Еуразияның орталығы, ал Атырау облысы – «батысқа ашылған қақпа» ретінде халықаралық дәліздердің түйіні болып отыр. Сондықтан өңірдегі жол-көлік инфрақұрылымының дамуы – тек аймақ үшін ғана емес, жалпы еліміздің экономикасы, инвестициялық тартымдылығы және халықтың тұрмыс сапасы үшін шешуші мәнге ие. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған Атырау қаласында облыс әкімі Серік Шәпкеновтің қатысуымен кеше өткен жиында да атап айттым.

f7f21319 c64c 478b a80e f6c188f494b3

Өңірде соңғы жылдары ірі жобалар қолға алынды. Соның ішінде көптен күткен Атырау–Астрахан халықаралық дәлізі Ресей шекарасына дейін толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Бұл – облыс үшін зор жетістік. Алайда, жолдың Атырау қаласына кіреберіс учаскесінің жұмысы әлі толық бітпегенін ескерген жөн. Жобаны тезірек аяқтау халыққа ыңғайлылық әкеліп қана қоймай, транзиттік ағынды да тиімді реттеуге мүмкіндік береді.

Бүгінде транзиттік ауыр жүк көліктері қала ішінен өтіп, экологиялық жағдайға, тұрғындардың күнделікті өміріне едәуір салмақ түсіруде. Бұл мәселенің шешімі – Атырау қаласының солтүстік айналма жолы. Жобаның баяу жүруі өңір экономикасына да, қала тұрғындарының тұрмысына да қолайсыздық туғызуда. Сондықтан айналма жолдың құрылысын жеделдету – стратегиялық міндет.

Атырау–Доссор трассасы бойында еліміздің ірі өндірістік кәсіпорындары орналасқан. Мұнда ТШО, НКОК, ЕМГ, KPI, Ескене газ өңдеу зауыты сияқты стратегиялық маңызы бар нысандар жұмыс істейді. Бұл жолдағы көлік ағынының қарқыны ерекше жоғары. Қазіргі екі жолақты магистраль қозғалысты көтермей, жиі апаттарға себеп болып отыр.
Осыған байланысты аталған бағытты төрт жолаққа кеңейту – уақыт талабы. Бұл қадам өндірістік логистиканы жеңілдетіп, апат қаупін азайтып, өңір экономикасына серпін берері анық.

Атырау–Орал тасжолы – облысты еліміздің батыс аймақтарымен байланыстыратын ең маңызды артерия. Соңғы жылдары бұл бағыттағы қозғалыс көлемі бірнеше есе артты. Сондықтан жолды толықтай жаңғыртып, халықаралық стандарттарға сай қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ел дамуы үшін стратегиялық мәнге ие.

961495f8 9a55 4b09 957f 452a997be148

Қазіргі транзиттік ағынның негізгі бөлігі облыс орталығы мен ірі трассаларға түсіп отыр. Осы жүктемені азайту үшін Құрманғазы ауданының Асан–Азғыр–Балқұдық ауылдары арқылы Батыс Қазақстанға шығатын жол салу қажет. Бұл жоба тек транзит үшін ғана емес, шалғайдағы ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру үшін де аса маңызды. Жаңа жол – ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдетіп, өңірдегі кәсіпкерлікке жаңа серпін береді.

Атырау – еліміздің мұнай-газ орталығы. Мұнда шетелдік инвесторлар көптеп келіп-кетеді. Сондықтан әуе және теміржол инфрақұрылымының сапасы халықаралық талаптарға сай болуы шарт.
«Ашық аспан» режимінің енгізілуі – жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Жаңа әуежайдың құрылысы осы бағыттағы маңызды қадам болмақ. Бұл жобаны жеделдету – өңірдің халықаралық қатынасын кеңейтіп, туризмге де оң әсер етеді.
Ал Атырау теміржол вокзалы әлі күнге дейін кеңес дәуірінде салынған ғимарат. Ол қазіргі заман талабына сай емес. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вокзал ғимаратын жаңарту – уақыт күттірмес міндет.

Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда халықтың өмір сапасы жақсарады, жол-көлік оқиғалары азаяды, облыстың инвестициялық тартымдылығы артады, жаңа өндірістер ашылып, жұмыс орындары көбейеді.
Транзиттік әлеует еселеніп, Қазақстанның халықаралық беделі нығаяды.

Атырау – еліміздің батыс қақпасы. Оның жол-көлік инфрақұрылымын дамыту – тек аймақтың ғана емес, бүкіл елдің болашағына қосқан үлес. Халық облыстың осы бағыттағы қадамдарын жоғары бағалап отыр. Алдағы уақытта да бірлескен еңбегіміз нәтижелі болып, Атырау еліміздің дамуына тірек бола береріне сенімдімін.

Ержан РЫСҚАЛИЕВ,
жол инфрақұрылымы саласының ардагері

Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button