Жарнама
Экономика

ҚОҚЫСТЫ ӨҢДЕУ ДЕ — ӨРКЕНИЕТТІҢ БЕЛГІСІ

Атырауда бұл басы ашық тұрған мәселелердің қатарында. Қоқыстарды өңдемек түгілі күнделікті шығып жатқан қалдықтарды төгудің өзі оңайға соғып отырған жоқ. «Арнаулы автобаза» ЖШС-іне қарасты қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы аузы-мұрнына дейін толған. Атырау-Орал автокөлік жолынан жеті шақырым қашықтықта орналасқан аталған полигон 1977 жылдан бері қолданылып келеді. Алаң көлемі 35 гектар. Күнделікті бұл жерге 1700 текше метр қоқыс төгіледі екен. Бүгінгі күні бұл жерде 1 920 016 тонна қоқыс жинақталған.

Жылдан жылға қала көлемі ұлғайып, осыған сәйкес халық саны өсіп келе жатыр. Ауық-ауық өрт шығып, қаланы алып кететін жағымсыз иіс пен желді күндері теректердің бұтақтарына дейін ілініп қалатын полиэтилен қапшықтары ішінара болса да кездесіп қалатындығы жасырын емес. Оның үстіне қоқыстың табиғатта бұзылу мерзімі өте ұзақ уақытты алатын көрінеді. Мысалы, күнделікті өмірде қолданып жүрген бір реттік қағаз ыдыс бес жыл, қаңылтыр қалбыр жүз жыл, пластик шөлмек бес жүз жылдан кейін құрыса, шыны шөлмек ешқашан бұзылмайды екен. Осы деректердің өзі Атырауда қоқыс өңдейтін зауыттың қаншалықты керек екендігін айтпай-ақ ұғындырып тұрған тәрізді.

Бір кездері қалада қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына жиналатын полиэтилен және полимерлі қалдықтарын қайта өңдеп, құмды полимерлі, аяқ жол плиталары, жол жиектері, тағы басқа заттарды дайындау үшін пайдаланылатынынан  хабардар болатынбыз. Өкінішке орай бұл бастаманың соңы не болғандығы туралы мағлұмат беретін адам таппадық.

Заман ағымына орай қай жаққа қарасақ та тың жаңалық, оң өзгерістердің куәсі боламыз. Бұл бізді қуантады. Ұшқыр заманның ұтымды талаптарына уақытылы жауап беріп, ел сол жақсылықтың игілігін көргенге не жетсін? Осындай оңтайлы істердің бірі –электр қуатын үнемдеу үшін қолданылатын электр шамдары. Тәртіп бойынша, бойында сынап болуына байланысты мұндай шамдардың сынықтарын қоқыс жәшіктеріне салуға тыйым салынған. Ал, сынап денсаулыққа зиянды сұйықтық.

Осы тұрғыдағы сауалымызға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Әділбек Зайдуллин: «Қала бойынша бұрын пайдаланылған құрамында сынабы бар энергия үнемдеу шамдарын жинақтайтын жәшіктер орнату және жинақталған шамдарды одан әрі кәдеге жарату қала бюджетінен осы жұмыс түрлеріне қаражат қаралған мезгілде жүзеге асады» деп жауап берді.

«Вест-Дала» ЖШС-нің басқарушысы Дияс Хабиевті әңгімеге тартып, осы мәселе төңірегінде ой бөлісуін өтіндік. «Біздің кәсіпорын кез келген қалдықты өңдеуге арналған. Жиналған қалдықтар  жағылады, екінші рет пайдалануға бейімделеді, тағы сол сияқты жұмыстар жүргізіледі. Ал, сынапты энергия үнемдеу шамдарын  шынын айту керек, бізге тапсырып жатқандар жоқ. Бұл шамның тұрмыстық қажеттілік үшін тиімділігі болса да, істен шыққаннан кейін елеулі зияндығы бар. Бірақ, бұл қалдықтарды қабылдау үшін  бізде қаржы қаралмаған. Сол себепті де тұрғындар арасында істен шыққан шамдарды арнайы әкеліп тапсыруға ынта білдірушілер болмай отыр. Емдеу-сауықтыру мекемелерінен шыққан қалдықтар да біздің мекемеге тапсырылады. Осы жерде айтайын дегенім, медициналық көмектер кейде үй жағдайында көрсетіледі де, қолданылған шприцтер болмаса, системалық түтіктер қоқысқа лақтырылады. Осының барлығының экологияға зияны тиеді».

Мекеме басшысының сөз түйінінен қаржы қаралған жағдайда ғана бұл мәселенің шешімін табатынын аңғардық. Сондай-ақ, қала аумағындағы тоғыз селолық округке қарасты елді мекендердің тұрмыстық қатты қалдықтары да қала шетіндегі полигонға төгіледі. Полигонның жайын жоғарыда айттық. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан, сауда-саттық жасайтын мекемелер де қалдықтарды тиісті орынға апармай, қала сыртындағы сайларға төгетіні де жасырын емес. Бұрын малдың қиы отқа жағылып, қажетті шикізат ретінде пайдаланылды. Қазір әр үйде көгілдір газ тұтынылады. Есесіне мал тезегі тау-тау болып үйілуде. Қаланың қай шетіне шықсаңыз да қолдан жасалған «полигондардың», яғни, иесіз қоқыс үйінділерінің пайда болғанын көретініміз сондықтан.

Жақсыны қабылдау – адамзатқа тән үрдіс. Күн өткен сайын сәулеті жарасып келе жатқан туған қаламыздың келбетінің әсемдігін кім қаламайды дейсіз. Сондықтан да көпшілік жоғары жаққа көз тігіп, құлақтарын тосып жүреді. Мысалы, Астана қаласының көшелерінде қатты тұрмыстық қалдықтарды жеке-жеке салуға арналған үш бөліктен тұратын жәшіктер қойылыпты. Бұл сұрыптауға да, айналасының таза болуына да, тіпті қала көркін аша түсуге де себепші болып тұрғандай. Осындай заманауи бастамалардың қолдану мүмкіндіктері біздің өңірімізде де табылатын сияқты. Осы тұрғыдағы және әлемдік тәжірибеде бар тамақ қалдықтарын биогаз үшін пайдалану жөніндегі мамандардың пікірін білу әзірге мүмкін болмай отыр.

Бүгінгі таңда, қатты тұрмыстық қалдықтар мәселесі – біздің облысымызда ғана емес, республика көлемінде нақты шешуді қажет етіп отырған өзекті мәселелердің бірі. Адамға және қоршаған ортаға қалдықтардың зиянды әсерін болдырмау,  қалдықтарды қайта өңдеу, шикізат ретінде қайта қолдану үшін жағдай жасау, экологиялық таза өндірістерді дамыту, эмиссиялардың көлемін азайтуға бағытталған «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заң жобасының тұжырымдамасы бар. Осы заңға сәйкес, облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тағы бір айналып соғатын боламыз.

Қала әкімінің орынбасары Атырау-Доссор тас жолынан 10 шақырым қашықтықта жаңа полигон құрылысын жүргізу үшін құжаттардың рәсімделу үстінде екендігін де айтқан болатын. Салынатын жаңа полигон өңіріміздегі коммуналды қалдықтар мәселесін біраз жеңілдетуі мүмкін, бірақ, қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату, жою  мен қайта өңдеу мәселесі шешілмей қалдықтар көлемін азайту мүмкін емес сияқты. Бұл проблеманы шешудің бірден-бір жолы,  біздіңше – қалдықтарды сұрыптау, кәдеге жарату, жою  мен қайта өңдеу үшін  зауыттар салу.

Біздің  түйгеніміз осы. Қалғаны уақыттың, тиісті құзырлы мекемелердің еншісінде.

Ағиба ҚАТЕШОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button