Жарнама
Экономика

КЕРАМЗИТ ТАСТАР зауыты ашылды

Ақкөл ауылында орын тепкен бұл өндіріс орны Қытайдан алынған арнайы құрылығылармен жабдықталған. Тас шығару автоматты түрде басқарылады. Зауыт күні бүгінге дейін керамзиттің 1 текше метрін Ақтөбеден тоннасын 8-9 мың теңгеден алдыртып келген екен. Енді сол керамзитті өзімізде жасап, арзан бағамен сатпақ. Оған қажетті құрылғылар да Қытайдан әкелінген. Бұл туралы кәсіпкер Әбдібек Талапұлы:
— «Сыбағадан» алған малымызға қора салмақ болғанымызда, ақ тасты зиянды деп жобамызды өткізбей тастап, басқа материал таппай қиналдық. Қызыл кірпіштен салу қымбат, әрі өте ұзаққа кетеді. Іргелес Ресейдің Астрахан, Волгоград облыстарындағы қызыл кірпіш зауыттары керамзит шығаруға ауысқанын естідік. Жерімізден мұнай мен газ көп шықпауы мүмкін, бірақ басқа байлықтарға кенде емеспіз. Соның бірі — керамзит дайындайтын саз. Алғашқыда зауытты Атырауға жақын салмақ ниетпен сол жердің сазын зерттедік. Аққыстаудың, Құрманғазы ауданының сазын Краснодар ғылыми-зерттеу институтына сараптауға апардық. Бағымызға қарай, тек біздің сазымыз жарамды боп шықты. Керамзит ең тиімді, экологиялық жағынан залалсыз материал екеніне көзіміз жеткеннен кейін өз тұрғындарымыздың да игілігіне жаратсақ деген ниетпен осы іске бел будық.
Оны алу үшін қызыл сазды 1200 градус температураға қыздырғанда көлемі екі есе үлкейіп, салмағы жеңілдейді. 100% қызыл саздан жасалатын өте қатты, суға батпайтын түйіршік. Керамзит таспен салынған үй қыста жылы, жазда салқын болады. Ақ тас цементті екі есе көп қажет етеді. Керамзит тастың салмағы жеңіл, тез өріледі. Сұраныс жақсы. Атырауда мұндай тастардың бағасын 205 теңгеден ұстаудамыз. Коттедж, көп қабатты үйлер салуға сұрап жатыр.
Керамзиттен бетонды блоктар шығаратын цехтың басшысы Қайыржан Қисамеденовтің айтуынша, күніне 5 мыңның үстінде тас дайындалады. Ылғал тартпайтындықтан керамзит тастар шірімейді. Ортасы қуыс, аралығына жиналған ауа қыста суықты, жазда ыстықты ішке өткізбейді. Сырттан және бөлме араларын бөлгенде ешқандай шу да естілмейді. Атырауда бұл зауыттың өнімдері зерттеліп, сынақтан жақсы өткені жөніндегі хаттамалар мен арнайы сертификат берілген.

Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,
меншікті тілші,
Құрманғазы ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button