Жарнама
ЭкономикаҚоғам

Кенішке тартылған әуе желісі «қара алтын» өндіруді үздіксіз қамтамасыз етеді.

Ен далада ормандағы ағаштардай қатар қонған качалкаларды көрдіңіз бе? Аққу мойнын жоғары-төмен түсіріп, жетіқат жер астынан мұнай сорып жатқанын тамашаладыңыз ба? Ендеше, соларға өмір беріп, электр энергиясымен қамтамасыз етіп отырған мекеме – «Ембімұнайэнерго» басқармасы. Біз төл мереке қарсаңында кәсіпорын басшысы Ташкент Айтбаевпен сұхбаттасқан едік.

— Мұнайшыларға тікелей сервистік қызмет көрсететін ұжым болғандықтан, осы мереке қарсаңында сіздердің жұмыстарыңызбен де танысқанды жөн көрдік.

Кенішке тартылған әуе желісі

— Бек рахмет. Сайып келгенде, біз мұнайшыларға сервистік қызмет көрсетіп қана қоймаймыз, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының бір өндірістік құрылымы болып табыламыз. Сондықтан, Мұнайшылар күні – біздің де төл мерекеміз. «Қара алтын» өндірушілермен бірге атап өтеміз. Олармен қоян-қолтық араласамыз.

Жалпы, біздің міндетіміз – акционерлік қоғамға қарасты мұнай-газ өндіру басқармаларының кен орындарын электр энергиясымен сенімді жабдықтау, техникалық қызметті жақсарту, ағымдағы және күрделі жөндеуді жүргізу. Бүгінде ұжымда 574 адам жұмыс жасайды. Бір атап айтарлығы – басқарма қызметкерлерінің орташа жасы 35-40 аралығында. Демек, толымды тәжірибе жастық жігермен ұштасты деген сөз. Ал, мұндай жағдайда алға қойған міндет те мүлтіксіз орындалады.

Бүгінде басқарма қорында не бар? Алдымен, барлығы 36 кен орнын электр қуатымен қамтамасыз етеміз. Мұндағы качалкалардың тоқтап қалмауы – бізге сын. Сондықтан, Жайық, Прорва, Құлсары, Қайнар, Мақат және Доссор аудандық тораптарына біріктірілген жеті бөлімшедегі электр монтерлері күндіз-түні қызмет істеуде. Олар 158 шақырымдық 110 кв әуе желісін қамтиды. Бұған 35 киловольттық 158,17 км әуе желісін қосыңыз. Өзгелерін айтпағанда, осының өзі біздің мамандарымыздан аса жауапкершілікті талап етеді.

— Сол деңгейден шығып отырған шығарсыздар?

— Егер мұнайшылар жұмысымызға қанағат танытса, онда биік межеден көрінгеніміз. Биыл «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Үздік маман-2016» сайысына қатысқан басқарма мамандары жақсы нәтиже көрсетті. Мәселен, арнаулы техника және автокөлік колоннасының жүргізушісі Виталий Долгошев, Жайық аудандық электр торабының жөндеушілері Нұржан Мұхамбетов, Талғат Қабдолов пен Владимир Ким жүлделі орындарды иеленді. Мұндай өндіріс озаттары жетерлік. Өзіміз де осындай сайыстарды өткізгенде, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды анықтауға тырысамыз. Соның барысында өз ісінің нағыз мамандары белгілі болады, жастар соларға еліктейді.

Жалпы, қажет кадрды сырттан іздемей, арамыздан тәрбиелеп шығару – басты ұстанымымыз. Бүгінде бізде жұмыс жасап жүргендердің бәрі – жергілікті адамдар. Үлкені кішісіне үйретеді. Тағы бір қуанышты жайт – жастар тарапынан білуге құштарлықтың артуы. Электр монтері – жеңіл мамандық емес. Сайып келгенде, оның қызметі күллі мұнай өндіру процесіне әсер етеді. Оның үстіне, қауіптілігі тағы бар. Құдайға шүкір, әзірге электр тогы соғып, көлденең оқиғаға душар болған адам жоқ. Бұл да – қауіпсіздік техникасына аса назар аударуымыздың нәтижесі.

Ұрпақ сабақтастығы демекші, ардагерлерімізді қастерлейміз. Үстіміздегі жылы зейнет жасына толған бірнеше қызметкерімізді құрметпен шығарып салдық. Әйтсе де, бұл – олар енді ұжымнан тыс деген сөз емес. Әр мерекеде, түрлі шараларда ортамызға шақырып, ақыл-кеңестерін тыңдаймыз. Олардың ұзақ жылғы қызметі – жастарға үлгі.

Кенішке тартылған әуе желісі-2

— Бағана қауіпсіздік техникасы жөнінде айттыңыз. Расында да, электр монтерлеріне аса сақтық қажет емес пе?

— Әрине. Электр тогының қаншалықты қауіпті екенін басынан өткерген адам ғана біледі. Бетін әрмен етсін, одан өліп кету де мүмкін. Сондықтан, осы мәселеге барынша ден қоямыз. Қазір басқармаға қарасты барлық бөлімшелерде қауіпсіздік сыныбы жасақталған. Олар интерактивті тақталармен және SMART Board тест аппаратымен жабдықталған. Онда аптаның бейсенбі күні қауіпсіздік ережесіне орай сабақ ұйымдастырылып, әр жылы мамандар аттестациядан өтеді. Мұның бәрі –  қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауға бағытталған шаралар. Соның нәтижесінде «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының құрылымдық бөлімшелері арасында біздің басқарма «Жарақатсыз және апатсыз жұмысы үшін» және «Салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайын қалыптастырғаны үшін» байқауында үнемі алда келеді. Мақсат – осы биіктен төмендемеу.

Өзімізде қуаты бір мың киловатт болатын электр двигательдерін жөндеуге қол жеткізуіміз – үлкен табыс. Сонау жылдары оларды Ресейге жөнелтіп, сол үшін қыруар қаражат шығындайтынбыз. Енді оны мамандарымыз меңгеріп алды. Барлығы 1488 трансформаторымыз бар, 0,4 киловольттық электр желісінің өзі 317,69 шақырымды құрайды. Міне, біздің мамандар қыста аязға тоңып, жазда ыстыққа төзіп, соның бәрін қамтиды.

— Әлеуметтік ахуалды да сөз етсек.

— Бұл мәселе де оңтайлы шешіліп отыр. Биыл жұмысшыларымыздың 189 баласы «Балдәурен», «Сұңқар», «Ақ бұлақ» жазғы демалыс орындарына барды. Сонымен қатар, зейнеткерлеріміз де әр жылы шипажайларда демалады. Қызметкерлеріміз тұрақты медициналық тексеруден өтеді және соның нәтижесімен емдеу шараларын алады. Жалпы, басқармадағы ұжымдық шарт талаптарына сәйкес тек жұмысшылар ғана емес, олардың отбасылары да үлкен әлеуметтік қолдауға ие. Негізі әркімнің шаңырағы орнықты болып, ішкі проблемасы оңынан шешімін тапса, ісі де өнікті. Алаңдамай қызметін жасайды. Міне, біз барымызша осындай жағдай туғызып отырмыз.

Сөз соңында, барлық мұнайшыларды және басқарма мүшелерін төл мерекемен құттықтап, дендеріне мықты саулық, отбасына шырайлы шаттық, жұмысына толағай табыс тілеймін.

— Біз де осы тілекке қосылдық.

Суреттерде: «Ембімұнайэнерго» басқармасы өмірінен көріністер. 

Меңдібай  СҮМЕСІНОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button