Жарнама
Экономика

КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Жалпы, интеграция – өзіндік бір міндет емес, мақсаттарға қол жеткізудің тетігі. Осыдан жиырма жыл бұрын Еуразиялық ықпалдасудың бас сәулетшісі, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлем жұртшылығы назарын өзіне аударып, қазіргі қоғамды күйзелтіп отырған жүйелік дағдарыстарды жеңуге мүмкіндік беретін нақты идеяларды жария еткен-ді. Сол кезде жасалған сәтті қадам араға жылдар сала келе, дамып, толығып, бұл күнде бірлескен одақ құруға деген алғашқы қадамдарға жеткізіп отыр. 

Бағамдап қарасақ, әлемде жемісті де табысты қызмет ат-қарып отырған түрлі бірлестіктері, одақтар аз емес. Мәселен, солтүстікамерикалық НАФТА еркін сауда аймағының  құрылуы, Латын Америкасы елдерінің аймақтық блоктары — МЕРКАСУР-ды қалыптастыру үдерістері, Анд тобы жанданды. Сол секілді, мейлінше ықпалды топтарға Оңтүстік-Шығыс Азия елдері ассоциациясы, Азия-Тынық мұхит экономикалық ынтымақтастығы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы жатады.

Ал, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы – уақыт талабы. Ортақ тарих, ұқсас менталитет, экономикалық дамудың бірыңғай бағыты еуразиялық ықпалдастық үдерісінің алғышарттары болды.

Біз бұл қадамға бір-ақ сәтте жеткен жоқпыз. Еуразиялық экономикалық одаққа жетер жолда сатылы түрде бірнеше белестерден өттік. 2010 жылдан бері үш елдің аумағындағы Кеден одағы тауарлардың еркін қозғалысы арқылы тұтастай сыртқы сауда саясатын оң нәтижелерге жеткізуде. Мысалы, 2013 жылы Қазақстанның Ресеймен және Беларусь Республикасымен сауда айналымы интеграциялық үдерістер іске кірісе қоймаған 2009 жылмен салыстырғанда 87,6 пайызға артқан.

Қазақстан экспортының серпінділігі соңғы үш жылдың бедерінде 64 пайызға өскенін де атап өткеніміз дұрыс болар. Дерек көздеріне сүйенсек, соңғы төрт жылда кондитер өнімдерінің экспорты тоғыз есе өссе, макарон 60 пайыз, күріш бес есе артқан. Сондай-ақ, шырындар, автомобиль техникалары, құбырлар, трансформаторлар, конденсаторлар мен басқа да тауарлар көлемі бірнеше есе ұлғайып келеді. Сайып келгенде, Еуразиялық экономикалық одақ құру ең әуелі отандық кәсіпкерлер үшін қолайлы болмақ. Бұл жөнінде үлен мінберлерден де аз айтылып жүрген жоқ. Мәселен, «қайта өңдеумен айналысатын бизнесмендеріміз үшін бұл одақ аса тиімді» дейді мамандар.

Кең көлемде ел аумағында жүзеге асып жатқан экономиканы индустрияландыру бағдарламасы еуразиялық нарық арқылы ықпалдасуымызды талап етіп отырғанын айту керек. Нарықтың аумағын бірнеше миллион адамға арттыру арқылы бұрын елімізде болмаған салаларды дамытуға жол ашылады. Бұл ретте машина құрастыру, тепловоздар өндірісі, вагондар құрастыру сынды салаларды мысалға алсақ болады.

Мемлекетімізде жүргізіліп отырған саясат нәтижесінде ел тұрмысы түзеліп келеді. Мәселен, 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ішкі жалпы өнім алты пайызға өссе, экономиканы үдемелі индустрияландыру аясында төрт жылда 780 жаңа кәсіпорын салынған. Бұған қоса, 250-ден астам өнімнің жаңа түрлері өндіріліп, қазақстандық кәсіпорындардың дайын өнімдерін әлемнің 111 елі сатып алатынын да айта кеткеніміз дұрыс болар.

Осы тұста «ел экономикасын еселеп арттырып, озық отыз мемлекеттің қатарына ену мақсатында құрылғалы отыр-ған Еуразиялық экономикалық одаққа әлемдік бизнес қауымдастығының көзқарасы мен пікірі қандай екен?» деген сауалдың туындауы да заңды. Сала мамандарының айтуынша, бұл орайда Қазақстанда бизнес жүргізуге деген ықылас арта түсуде. Бұл қадамның келешегін әу баста-ақ саралап үлгерген әлемдік бизнес қауымдастықтар бізге бет бұруда. Бұл орайда өткен жылдың өзінде Қазақстанға «Toyota» және «Peugeot» сынды әлемдік екі ірі автоконцернның келуі мен «Рахат» кондитерлік фабрикасын кореялық «Lotte» корпорациясы қаржыландыра бастағанын айтып өткеніміз жөн болар.

Бұл әлемдік бизнеске қатысты әңгіме болса, отандық бизнеске нақты ықпалы қалай болмақ деген мәселеге де жолығамыз. Айтып өткеніміздей, кәсіпкерлікке кең өріс ашылмақ. Мамандар сөзіне сай, шағын және орта бизнес өкілдері қазірдің өзінде еуразиялық нарық жағдайында жұмыс істеуде. Әсіресе, шекаралық сауда белсенді дамып келеді. Ал, Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуымен, қазақстандық экспорттаушылар алдында кездесетін көптеген қиындықтар азайып, есесіне ел кәсіпкерлері Ресей мен Беларусь жерінде де табысқа кенелуге мүмкіндік алады.

Тақырып аясындағы тағы бір маңызды жайт – шетелден қаржы тарту мәселесі. Елімізде бизнесті бастауға қолайлы жағдайлардың жасақталғанын ескерген мамандар «Қазақстан трансұлттық компаниялар үшін еуразиялық нарыққа енер жол болуы мүмкін» деген болжамдарын да білдіруде. Бұған себеп – еліміздегі бизнес-ахуал өзгелерден озық. Ең бастысы, елде салық деңгейі төмен.

Шекарадағы кедендік бақылауды алып тастау да кәсіпкерліктің кең қанат жаюына, өзара сауда-саттық көлемін дамытуға ықпалдасады. Сол секілді еркін экономикалық кеңістік елдерінде жұмысқа орналасу немесе оқу кездерінде де бірдей құқықтарды иеленеді. Қазіргі таңда дипломдары Еуразиялық экономикалық одаққа қатысушы үш елдің аумағында қуаттауды талап етпейтін жоғары оқу орындарының тізімі жасақталып жатыр.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button