Қазақстанға ғашық болған ИТАЛЬЯН ЖІГІТІ

Қазақстанның мәдениеті мен дәстүріне қызыға қарайтын Италия азаматы Антонио Тури «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында болып,  БАҚ өкілдерімен кездесу өткізді.

 Осыған дейін Атырауда шетелдік мұнай компанияларының бірінде еңбек еткен итальяндық Антонио Тури келісім-шарт мерзімі аяқталған соң «Қазақстан-Италия» мәдени жобасын қолға алады. Бұл жоба музыка, мәдениет, гастрономия және сән әлемі бойынша төрт бағытпен жұмыс жасауда. Шет ел азаматының айтуынша, Қазақстанды италиялықтар біле бермейді. «Мен ән айтқанды жақсы көремін. Бұл жоба арқылы қазақ мәдениетін әлемге танытқым келеді» деген А.Туридің алға қойған бірінші жоспары – қазақтың «Балқадиша» әніне бейнеклип түсіріп, онда екі елдің көрікті жерлері мен мәдениетін көрсету екен. 

«Жоба аясында Италиядан сәнқойлар келіп, сән көрсету шоуларын ұйымдастырады. Оған өзіміздің кәсіпкерлер мен музыканттарды көптеп тартамыз. Туристік турлар да ұйымдастырамыз. Мұның бәріне біздің кәсіпкерлер демеуші болады» деген жоба өкілі Альфонсо Замбрано ағымдағы жылдың сәуір айында Махамбет атындағы қазақ драма театрында және жазда Алматыдағы Республика сарайында Италия әншілерімен концерт өткізілетіндігін де мәлімдеді. 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз