Жарнама
Экономика

КАСПИЙ ҚАЙРАҢЫНЫҢ ҚҰПИЯСЫ ҚАНДАЙ?

 АЛҒАШҚЫ ШАҚЫРЫМНАН  БАСТАЛАДЫ

akengeСонымен, өткен жылғы 25 маусымда Әкімғали Кенжеғалиевпен бірге Атыраудан Шортанбай елді мекеніне бет алдық. Ғалым ағамыз Каспий теңізіне, ондағы мол көмірсутегі шикізатына дүние жүзі назар аударып отырғандығын тұшына әңгімелейді.

— Білесіңдер ме, — дейді ол, — бұл экспедиция мақсаты – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Қашаған кенішінің төңірегінде ғылыми ізденістерді жалғастыру. Осы кен орны толық қуатында жұмыс жасағанда еліміздің «қара алтын» қоры 35 пайызға артады. Қазақстан қазірдің өзінде анықталған мұнай қоры бойынша әлемде тоғызыншы орынға ие.

Жеңіл көліктің жайлы жүрісі ғалым ағамыздың қиялын алысқа жетелейді. Оны да жақсы түсініп отырмын. Расында да, Қазақстан Каспий жағалауындағы өзге мемлекеттерге қарағанда айдын төсіне кешірек бұрғы бойлатқанымен, әлемді таң қалдырған кен орнына ие болды. Қашаған – соңғы 30 жылда ашылған ең ірі кеніш. Ол – Елбасы бастамасымен қолға алынған ел экономикасына шетелдік инвестиция тарту жемісі.

Жалпы, теңіздің осы бөлігінде мол мұнай көзі барлығы сонау 1988-1991 жылдары бұрынғы кеңестік геофизиктердің іздестіру жұмыстары нәтижесінде анықталған-ды. Әйтсе де, бұрғылау шаралары еліміз тәуелсіздік алғаннан соң ғана басталды. Сөйтіп, 2000 жылы Шығыс Қашағанда, 2001 жылғы мамырда Батыс Қашағанда бастапқы ұңғымалар қазылды. Солардың өзі-ақ Қазақстанда аса ірі кен орны ашылғандығын әлемге паш етті.

Кеніш Атыраудан сексен шақырым шамасында, айдын төсінің 45-тен 75 шақырым аралығын қамтиды. Мамандар мұнай қорын 1,5-10,5 млрд. тонна көлемінде бағалауда. Әйтсе де, осы ен байлықты алудың өзі де жеңіл емес. Осы орайда, алдымен,Солтүстік Каспийдің климаттық ахуалын айтқан абзал. Қысы аса салқын, жазы өте ыстық. Теңіздің осы бөлігіндегі тереңдік небәрі үш-төрт метр ғана. Содан болса керек, қараша-наурыз айларында-ақ айдын үсті мұз құрсанады.

Одан әрі, өндірілетін мұнай бес мың метр тереңдікте жатыр. Ал, атмосфералық қысым 850-1000 градус шамасында. Қазақстанда бір ғасырдан аса уақыт «қара алтын» өндіріліп келе жатқанымен, мұндай әрі күрделі, әрі теңіз төсіндегі құрылым бұрын-соңды кездескен жоқ. Сондықтан да, шетелдік инвесторларды шақыруға, күрделі кенішті бірлесіп игеруге тура келді. Әлемдегі озық технология мен озат техника іздестірілді. Сонымен қатар, істі әрі қарай жалғастыратын қазақстандық мамандар дайындалды. Оған біздің институт та өзіндік үлесін қосуда.

Осындай терең ойға шомып отырып, Шортанбай елді мекеніне жетіп қалғанымызды да байқамай қалыппыз. Мұнда алдымыздан «Мекенсақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Марат Жұмабаев пен «Ярославец-Р-376» кемесінің капитаны Николай Ысқақұлы шықты. Соның кемесіне түнеп шықтық. Ертеңіне таңғы бесте Қиғаш өзені арқылы Каспий теңізіне бет алдық. Алыс жолдың алғашқы шақырымдары осылай басталды.

Сарматтан қалған  іздер

Жалпы, тарих қойнауына көз жүгіртсек, Каспий теңізі шамамен бұдан он миллион жыл бұрын пайда болыпты. О баста алыс мұхиттармен байланысты болған. Яғни, кейін әлемдік мұхиттан ажыраған Сармат теңізі екіге бөлініп, соның нәтижесінде Қара және Каспий теңіздері құралады. Тарихшы Геродоттың айтуынша, біздің дәуірімізге дейінгі V-II ғасырларда Каспий теңізінің жағалауын алдымен сақ, соңынан түрік пен қалыш тайпалары мекендеген. Ал, көне армян және парсы жазбаларында теңізде ІХ-Х ғасырларда орыс қайықтары жүзе бастағандығы айтылады. Каспий теңізінің атауы біздің дәуірімізге дейін теңіздің оңтүстік-батыс өңірін мекендеген көне жылқышылар мен малшылар (каспи) тайпаларының атымен байланысты. Кейін Дербент, Хвалын, Хазар теңізі, т.б. атаулармен аталған.

Каспий теңізі әлемдік мұхиттардан 28 метрге төмен. Айдынның ұзындығы 1,5 мың, ені үш жүз алпыс шақырым шамасы. Теңіз үш бөлікке бөлінеді. Солтүстік Каспийдің орташа тереңдігі 4-8, Орта Каспий – 788, Оңтүстік Каспий – 1025 метр.

Міне, осы Каспий теңізі мен Қиғаш өзенінің арасы жүз шақырымдай екен. Маңайдағы ғажайып табиғат, сылдырлаған су ағысы, кеменің жайлы жүрісі тағы да терең ойға жетеледі. Мен «Қазақстанның Батыс өңірінде балық шаруашылығының даму тарихы (1941-1991 жж)» атты кандидаттық диссертация қорғадым. Сондықтан, осы өңірдің ірілі-кішілі елді мекендерінің балық шаруашылығы тарихымен жақсы таныспын. Аға буын өкілдерінің қар жастанып, мұз құрсанып күн-түн демей балық аулағаны, оны майданға жөнелткені тарихтан белгілі. Қандай қиыншылық болса да, бұрынғылар ата кәсіпті тастамаған. Кейін өмірге келген күрделі құрылымдардың іргетасын кешегі құрыш білек балықшылар қалап кеткен.

Мәселен, күллі одаққа аты мәлім Шортанбай балық зауыты осылай пайда болған. Сол кезде-ақ  оның балық тұздайтын лабаздары, механикаландырылған мұз пункттері, ыстайтын камералары, сақтайтын қоймалары бар еді. Моторлы-кәсіпшілік флоты күшейді. Балық тасымалдауға үлкен кемелер тартылды. Қазір де бұл салаға ден қойыла бастады. Облыс басшылығы балық шаруашылығын жандандыруға бағытталған жаңа жобаларды қолға алды. Оның да нәтижесін көріп қалармыз.

Осындай терең ойларға беріліп кеткен екенмін, жанымдағы Марат Какимұлы «Қараңызшы, қандай әсем көрініс!» деді тамсанып. Шынында да, табиғаттың қайталанбас тамаша сәті. Әсіресе, Қиғаш үсті алуан құстарға толы. Балпанақтай қаздың қарасы да, қоңыры да бар, баклан, аққұтан мен көкқұтан, үйректер өздерін еркін сезінеді. Әдемі мойнын ілгері созып аққулар жүзіп барады.

Қиғаш жергілікті тұрғындарды жұмыспен де қамтып отыр. Балықшыларды айтпағанда, олар кеме қызметін де меңгеріпті. Мәселен, Марат Жұмабаев оңтүстіктің жігіті болғанымен, осында он шақты жылдан бері кеме жүргізеді. Шортанбай маңына жиі тұрақтайды. Содан жұмысқа ауыл тұрғындары механик Орынғали мен матрос Ақылбек тартылыпты. Бұлар бүгінде байырғы теңізшілер тәрізді.

Қиғаш бойымен жүзіп, ілгері жүріп келеміз. Айнала қалың қамыс. Ар жағында – кең жайылған арналы Еділ. Жалпы, Каспий теңізіне құйылатын тұщы судың 80 пайызы осы Қиғаш арқылы ағады.

Осы өңір о бастан балық шаруашылығын дамытуға лайықталған тәрізді. Су маржандарының өсіп-өнуіне барлық жағдай бар. Уылдырық шашар кезде Қиғаш бойындағы табиғи су айдындарын барынша пайдаланған жөн. Тек бір «әттеген-айы» — өзен бойы қалың қамысқа толы. Ал, оны арнайы құрылғымен шабады. Егер су бетінен он сантиметр төмен шабылса, қамыс өздігінен шіріп, өспей қалады. Енді су айдындарындағы көлшіктерге арнайы техника көмегімен су жолы тартылса, балықтардың уылдырық шашуына да, шабақтардың өсіп-өнуіне де мүмкіндік болар еді. Сонда мұнда байырғы ата- кәсіп – балық шаруашылығы өркендеп қана қоймай, экотуризм де дамиды. Салаға шетелдік инвестиция тартуға жағдай жасалады.

Осындай ойлар жетегінде Қиғаш өзенінің Каспий теңізімен тоғысар тұсына да жеттік. Жалпы, теңіздің тереңдігі мың метрдей, ал ұзындығы 1500 км, ені 360 шақырым шамасы. Бүгінде оның жағалауындағы Қазақстан, Ресей, Иран, Әзірбайжан мен Түрікменстан айдын төсіне әскери-теңіз күштерін орналастырып, осы маңай әлемдік геосаясаттың тоғысар тұсына айналған. Себебі, қарт Каспийдің тереңінен мұнай мен газ, ал жағалауынан тұз, қиыршық тас, құм, саз секілді пайдалы қазбалар өндіріледі. Соның бәрі сырттың сұғанақ көзінен таса қалмаған. Қызығушылар да, қызғанушылар да табылады.

Алайда, бүгінге дейін теңіздің құқықтық мәртебесі әлі анықталмаған. Бұл бағытта түйіні тарқатылмаған мәселелер жеткілікті. Каспий маңындағы бес мемлекет өкілдері әлсін-әлсін кездесіп, келелі кеңес өткізгенімен, ортақ мәмілеге келе алмауда. Өйткені, бәрі де алдымен өздерінің мүдделерін көздейді. Сөйтіп, олардың ұсыныстары өзгелерге ұнамайды. Каспий маңы мемлекеттерінің әзірге ұстанып отырған тұжырымдары – сонау 1921 және 1940 жылдары Кеңестер Одағы мен Иран арасында жасалған шарттар. Осы келісімдер бойынша теңізде кемелер еркін жүзіп, балық аулауға рұқсат етілгенімен, әр мемлекет өз жағалауының дербестігін сақтайды. Сол шарттарда теңіз акваториясында Каспий маңы мемлекеттерінен өзге елдердің кемелері жалауларын көтеріп жүзуге болмайтындығы көрсетілген.

Қазір Ресей-Қазақстан-Әзірбайжан 1998 жылдың 6 шілдесіндегі, 2002 жылдың 13 мамыры мен 23 қыркүйегіндегі және 2003 жылдың 14 мамырындағы өзара келісімдерге сәйкес теңіздің табанын бөлу арқылы минералдық байлықтарды іздестіруге, бұрғылауға және өндіруге мақұлдасқан. Әрине, мұны Каспий маңындағы өзге мемлекеттер қолдап отырған жоқ. Сондықтан, теңіздің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселенің басы әлі ашық.

Жапондық «Хариба» – Сенімді құрал

Теңіз суының физикалық көрсеткіштерін дәл анықтайтын жапондық  «Хариба» құралының кереметі жөнінде сәл кейін айтармын. Алдымен көңілге қаяу түсіретін жайды баяндап көрейін.

Жағалаудан 40-50 шақырым шыққанда ашық теңіздің ортасынан табылдық. Жан-жағымыздың бәрі мол су, еш нәрсе көрінбейді. Турасын айтқанда, айдын алдында дәрменсізбіз. Теңізшілер өзара Каспийді «ашулы» деп атайды. Өйткені, мұнда ауа райының құбылуы, жел бағытының күрт өзгеруі — әдеттегі құбылыс.

Жалпы, зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, теңіз экологиясына әсер ететін факторлар – антропогендік (жер сілкіну) және техногендік (адам әрекетінің әсері). Соның салдарынан бүгінде айдын төсі таза емес, оның ластануы туралы деректер де жеткілікті.

Енді теңіздегі бекіре тұқымдас балықтардың саны күрт кеміп кеткендігін айтқан жөн. Олар сонау 2006 жылы 61 млн. болса, 2012 жылы бір миллионға дейін азайған. Осы орайда браконьерліктің белең алып отырғандығы жасырын емес.  Өзіміз көрдік, Жанбай мен Забурын елді мекендері тұсында заңсыз балық аулаушылардың жүрдек қайықтары теңіз төсін әрі-бері кесіп, еркін жүзіп жүр. Біздің кемеден де айылын жимады. Олар тіпті ешкімнен де сескенбейтін секілді. Бұл – бекіре тұқымдас бағалы балығымыздың ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқандығының көрінісі. Су астына браконьерлер тартып тастаған сансыз торлар мен ауларға шырмалып, қаншама теңіз жәндіктері қырылып жатыр. Соларға арасында итбалықтар да түсіп қалатын көрінеді. Осының бәрі мемлекеттік деңгейде шұғыл шара алуды қажет етеді. Ең бастысы – балық қорын қорғау құрылымдарына басшылыққа жүрегі ақ, қолы таза, табиғатқа шын мәнінде жаны ашитын адал адамның тағайындалғаны жөн. Әйтпесе, жұртшылық арасында соларға деген сенімге де селкеу түсіпті.

Енді, жапондық «Хариба» құралы туралы. Оның көмегімен кен орнына жақын маңдағы теңіз суының тұздылығы мен қышқылдығы, өзге де құрамы тез анықталып, тиісті қорытынды жасалады. Ал, бұл деректердің нәтижесінде кеніштің айдын төсіне қаншалықты әсер етіп жатқандығын нақты білуге болады. Бұл қазіргі таңда өте маңызды.                               

Жалпы, Каспий теңізінде көмірсутегі шикізатын іздестіру және өндіру жұмыстары сонау ХХ ғасырдың қырқыншы жылдары басталған-ды. Алдымен оның оңтүстік бөлігі зерттеліп, мұнай қоры анықталды. Ал, айдынның солтүстік бөлігі суының тайыздығы, фауна мен флорасының алуан түрлілігі себепті қозғалған жоқ. Табиғаты ерекше өңірге қол салуға ешкімнің де дәті бармаған-ды.

Әйтсе де, нарықтық экономика, әлемде көмірсутегі шикізатына деген сұраныстың артуы мұнда да бұрғы бойлатуға мәжбүр етті. Өйткені, айдын астындағы ен байлықтан үлесімізді алып қалмасақ, оны жағалаудағы өзге мемлекеттердің меншіктеп кету қаупі де төнді.

Дегенмен, айдын тазалығын сақтау, онда өмір сүретін жануарлар тіршілігіне қауіп төндірмеу – мұнай өндіруші компанияларға қойылатын басты талап. Солтүсік Каспийдің негізгі ерекшелігі, қайталап айтқанда, мұнда бағалы балықтардың өнуі, аңдар мен құстардың алуан түрінің өмір сүруі, өте сирек кездесетін өсімдіктердің өсуі. Міне, мұнай өндіру барысында солардың жойылып кетуінен сақ болу қажет. Бүгінде ғалымдардың кеніш төңірегіне жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстары да осы мақсатты көздейді.

Мәселен, Каспийдің солтүстік бөлігінің таяз болуы себепті мұнда «қара алтын» құрамындағы көмірқышқыл газ, күкірт, көмір тәрізді зиянды заттар су астына шөгіп қалуы аса ықтимал. Сондықтан, айдын төсіндегі «Д» жасанды аралының төрт нүктесінен және аралдың санитарлық шеңберінен он екі шақырым қашықтықтан суға химиялық және гидробиологиялық тексеру жүргіздік. Теңіз табанындағы топырақта түрлі жәндіктер мен микроорганизмдердің бар-жоғын бақылап, олардың әсеріне сараптама жасадық. Соның бәрінің қорытындысы тиісті орындарға жеткізіледі.

Жалпы, ғылым докторы Әкімғали Кенжеғалиев қолға алған зерттеу нысанының маңыздылығы – теңіз төсіндегі кеніштердің қоршаған ортаға әсері елімізде алғаш рет ғылыми тұрғыдан таразылануы. Жоғарыда айтқанымыздай, Қашаған мұнайының құрамында зиянды қоспалардың тым көп болуы бұл жұмысты ұдайы жүргізуді қажет етеді. Мұнай компаниялары экологиялық норматив шеңберінен шықпауы шарт.

Сөз жоқ, Қашаған кенішін сәтті игеру – тұтас ел экономикасын одан әрі серпінді дамыту кепілі. Әйтсе де, оның қоршаған ортаға әсерін ұдайы назардан тыс қалдырмау керек. Жалпы, Атырауда тәуелсіз экологиялық орталық ашқан абзал. Оны Каспий теңізі қайраңында мұнай мен газ өндіруші отандық және шетелдік компаниялар қажетті құралдармен, лабораториялық жабдықтармен, теңізде жүзетін кемелермен қамтамасыз еткені жөн. Осы орталықта кәсіби мамандар, жас зерттеушілер, тұтас ғылыми әулет жинақталса, тіпті құба-құп болар еді. Оған мамандар тарту – шешілетін мәселе. Өйткені, жергілікті жоғары оқу орындарында бұл бағыттағы мамандар дайындалуда.

Қысқасы, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, өңірдің қоршаған ортасы қауіпсіздігін қалыптастыру, айдын төсінің тазалығын сақтау – тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Оған баршамыздың да атсалысқанымыз керек-ақ.

Болат НЫҒМЕТОВ,

Атырау мұнай және газ институты

«Автоматтандыру, басқару және экономика»

факультетінің деканы, тарих ғылымдарының кандидаты. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button