Жарнама
Экономика

КӘСІПКЕРЛІККЕ – КЕҢ ӨРІС

— «Сұлтан» сортының ерекшелігі сол — бір түптен 3 килограмм қияр өнімі жиналады. Сонда 600 түп қиярдан 1 тонна 800 килограмм қияр жинаймыз. Бұрын ауылда қолға алынбаған жаңа кәсіп болғасын, Махамбет, Индер аудандарында болып, жылыжай шаруашылықтарымен танысып, бұл жұмысты меңгерген кәсіпкерлерден кеңестер алдым. «Көз — қорқақ, қол — батыр» деген осы екен. Келешекте жылыжайдың көлемін ұлғайтып, ауылдастарымды да еңбекпен қамтамасыз еткім келеді, дейді жеке кәсіпкер Марат Төлеуов.

Жылыжайдың ішіне газ тартылған, электр жарығы берілген, су жүргізілген. Кияр өскіндері тамшылатып суару әдісімен сумен қоректендірілуде. Жылыжайда Мараттың зайыбы Ақпал мен ұлы Асхат еңбек етіп, Маратқа қолғабыс беруде.

Иә, Марат Төлеуов ауылда «сегіз қырлы, бір сырлы» атанған, еңбексүйгіштігімен есімі ел арасында ауызға ілігіп жүрген «қолы алтын» жігіт. Ол – отбасында жеті бала тәрбиелеп өсіріп отырған үлкен шаңырақ иесі. 1985 жылы Атырау қаласындағы ауыл шаруашылығы техникумын тәмамдаған.

1990 жылы кеңшар тарап, ауылда адамдар жұмыссыз қалғанда, Марат халықтың сұранысы бойынша Ақтөбе қаласына барып, оқып, телевизор, тоңазытқыш жөндейтін мамандықты игеріп, халықтың алғысына бөленді. Жеке қожалықтардың трактор, машиналарын, су моторларын жөндейді, дәнекерлеу жұмыстарын жасайды. Әйтеуір, қол қусырып, қарап отырмайды. Мараттың жалықпай ізденіп, ерінбей еңбектенетіні ауылда көптеген жастарға үлгі болуда.

Жеке кәсіпкер Марат Төлеуовтің әңгімесіне қарағанда, жылыжайдың техникалық құжаттарын жасақтауда қиындықтарға кездесіп, жұмыс істеудің орнына бірнеше күнін зая кетірген. Аудан әкімінің араласуымен ғана мәселе оң шешімін тауып, құжаттарды жасақтауға мүмкіндіктер туғызылған. Шын мәнінде, ауданда шағын және орта кәсіпкерлік өкілдері арасында жүргізілген сауалнама кезінде олардың белгілі бір құжат алуға бір айдан төрт ай аралығында уақыт жоғалтатыны және 35 мыңнан 350 мың теңге аралығында негізсіз қаржы шығаратындықтары анықталып отыр.

 Сондықтан, Атырау облысының Ұлттық кәсіпкерлер Палатасының директоры А.Жәкиевке ауданда орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолбайлау болып отырған мәселелер бойынша ұсыныстар жолданды. Ең алдымен, бүгінде ауданда қиындық туғызып отырған кәсіпкерлік нысанына техникалық құжат жасақтау кезінде Атырау облысы бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау департаменті арқылы талон алуды, оның ішінде, техникалық жағынан күрделі емес құрылыстарға берілетін құжаттарды жергілікті жерде, яғни, аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі арқылы жүзеге асыруды шешуді ұйымдастыру болып отыр. Кәсіпкерлік нысанын пайдалануға қабылдау актісін алу кезінде де облыстық төтенше жағдайлар департаментінен келісім алудағы жағдайларды да ретке келтіру қажет. Қазіргі таңда осы ұсыныстар бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы жұмыстар жүргізіп жатыр.

Ауданымызда «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау өкілдігінің «Бизнес аймақ» бағдарламасы бойынша 16 тұрғынға 66,1 млн. теңгенің несиесі берілген. Ал, «Жылыжай» бағдарламасы бойынша үш адам 11,5 млн. теңге несиеге қол жеткізген. Жеке кәсіпкерлер Марат Бахитов пен Нұржан Ілиясов құны 4,0 млн. теңге болатын, барлығы 8 млн. теңге несиеге ие болып, жылыжай салуға жер учаскесін алды.

Қазіргі таңда Нұржан Орынбасарұлы Шымкент қаласынан «ZeroMax» ЖШС  арқылы көлемі 300 шаршы метрді құрайтын оңтүстіккореялық технологиямен жабдықталған дайын жылыжайды сатып алып, құрылысын аяқтады. Жылыжайға табиғи газ кіргізіліп, су тартылды. Электр желісі жүргізілді. Жылыжайда қиярдың голландиялық «Мултистар F-1» сортынан 1000 түп өскін өсірілуде. Қиярды қоректендіру тамшылатып суару арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, көк жуа, аскөк пен ақжелкен егу басталады.

— Келешекте жылыжайдың көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын. Сонымен қатар, өз мамандығын жете меңгерген, тәжірибесі мол агрономды жұмысқа қабылдағым келеді. Себебі, бұл – мен үшін әлі де құпиясы көп жаңа міндеттерді жүктейтін кәсіп, — дейді жеке кәсіпкер Нұржан Орынбасарұлы бізбен әңгімесінде.

Мұқыр селосынан Марат Бахитов та дайын жылыжайды сатып алып, құрылысын бітірді. Ол да қиярдың голландиялық «Мултистар F-1» сортынан 1000 өскінді баптауда.

Аудан көлемінде бұрын-соңды мұндай кәсіпті меңгерген адам болған емес. Ал, қазіргі таңда облыс орталығынан шалғайда қоныс тепкен өңірде осымен төртінші жылыжай өмірге келіп отыр.

Мағрупа ҚАЗИХАН.

Қызылқоға ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button