Жарнама
Экономика

ҚАШАҒАННЫҢ КЕЛЕШЕГІ ҚАНДАЙ?

Бүгінде Қашағаннан өнім алу тоқтап тұр. Оның қашан қалпына келтірілетіні де белгісіз. Әркім әртүрлі уақытты атағанымен, нақты мерзімі әлі анықталмаған. Оның үстіне, кенішті игеруге жұмсалып жатқан қаржы да тым өсіп кетті. Бұл бұған дейін жоба операторы міндетін атқарып келген Норт Каспиан Оперейтинг Компани (НКОК) компаниясы қызметін тиімсіз деп тануға соқтырды.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, Қашаған жобасының бастапқы сатысынан мұнай өндіру кезеңіне өтуі Солтүстік Каспий жобасы бойынша өнімді бөлу келісімі ауқымында ресурстарды одан әрі тиімді игеруге консорциумды әзірлеу мақсатында оператор мен агенттердің қызметін біріктіру және одан әрі ықпалдастыру ұсынылды. Оны жүйелі жүзеге асырып, беріліп отырған мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін консорциум мүшелері қазіргі операциялық модельден бірыңғай шоғырландырылған бірлескен компанияға біртіндеп көшуге уағдаласты. Мұнда бұрынғы НКОК пен өзге де агенттердің игеру, бұрғылау және пайдалану саласындағы жетістіктері басшылыққа алынбақ. Яғни, бұған дейін біткен істі ешкім де есептен шығарып тастамайды. Рас, ақаулы газ құбырын ауыстыру үшін тағы да қыруар қаржы қажет.
Бірыңғай шоғырландырылған бірлескен компания North Caspian Operating Company (NCOC) деп аталмақ. Компания қызметкерлерінің басым бөлігі Атырауда жұмыс жасайды. Ал, мемлекеттік лауазымды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асыратын мамандар Астанада болады.
Осы оралымды өзгерістер биыл басталмақ. Алайда, ол құбырларды жөндеуге, өнім өндіруді бастауға және кенішті игерудің бірінші кезеңінен қалған жұмыстарды аяқтауға еш әсер етпейді. Әзірге бұрынғы басшылықпен қазіргі операциялық модель пайдаланылады. Өнімдерді бөлу келісімінде және жобаға қатысушылардың меншігі құрылымында өзгерістер болмайды.
Еске сала кетсек, биылғы бірінші мамырдан бастап НКОК-тың басқарушы директоры болып Пьер Оффанның орнына бұған дейін Exxon Mobil компаниясында қызмет істеген Стефан де Майе тағайындалды.
Қайткенде де, Қазақстан Қашаған кенішінен үлкен үміт күтіп отыр. Ол қатарға қосылғанда еліміздің әлемнің ең көп мұнай өндіруші бестігіне ену мүмкіндігі бар. Дүние жүзі бойынша соңғы отыз жылда ашылған ең ірі де күрделі кен орнының өзіндік қиындықтары болғанымен, одан өнім алу мерзімінің бірнеше мәрте кейінге қалдырылғаны алаңдатады. Бастапқыда тәулігіне 200 мың баррель мұнай өндіріліп, кейін оны 1,5 миллионға жеткізу көзделген болатын. Қазірдің өзінде ел бюджеті әр күнгі кідірістен қыруар шығын шегіп отыр. Демек, келешек бірлескен жұмыстан нақты нәтиже күтеміз.

М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button