Карантинде бос қалған тойхананы тігін цехына айналдырып жіберді
Қазір әлемдегі ахуалға байланысты хан сарайындай небір зәулім мейрамханалар қаңырап бос тұр. Бұған дейін жалға беріп қана пайда тауып келген қожайындар да әп-сәтте не істерін білмей, аңтарылып қалғаны аян…
Бірі жедел тағам дайындап, тапсырыспен жеткізетін қызметке кіріссе, кейбірі сол күйі тарс жабық. Жуырда инстаәлемді парақтап отырып, Атырауға танымал тігінші келіншектің бұрынғы мейрамхана залын тігін цехына айналдырғанын көріп, әрі таңғалып, әрі сүйсініп қалдық.
Бизнестің өз заңы бар. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын, ғимарат тарлық ете бастайды. Бұлар да сондай қиындыққа тап болды. Көкарнадағы шағын шеберханаға сыймауға айналды. Мұндай тығырықтан шығудың түрлі жолдарын іздестірген Мейрамгүл отағасымен ақылдасып, оның да үйлесімін тапты. «Ізденген жетер мұратқа» деген осы ғой.
Наурыз айынан бері қаңырап бос тұрған Көкарнадағы «Ажар» мейрамханасын жуырда жалға алып, қызметкерлер санын 25-ке жеткізді. Сұраныс болғандықтан, жұмыс та қыза түскен.
Әрине, бұл жерде бұрынғы тойхананың жалға алу құнының қанша екені маңызды емес. Ең бастысы, істің көзін таба білген ерекше қабілетте. Әйтпесе, ел-жұртқа даңғазалы той өтетін даңғарадай ғимараттан гөрі кәсібін дамыта білер іскер жанның шаруасы шайқалмағаны тиімді. Дамуға бет бұрған ісмер жанның бұл әрекеті бізді де шын қуантты.
Жеңіл өнеркәсіп Атырау тұрмақ, Қазақстан аумағында кенже қалған саланың бірі. Соның кесірінен шыт матадан айна-тараққа дейінгі ұсақ-түйектің бәрін көрші ел-ден сатып алып жүргеніміз рас. Шикізат өндірісін талдауға тісіміз де батпайды. Қайтпек керек? «Өкімет маған не береді деп емес, халқыма қандай пайда тигізсем» деген құлшыныспен екі қолға бір күрек алған жөн сияқты.
Мейрамгүлдің кәсібі дәл қазір жарнамаға мұқтаж да емес. Тапсырыстар жылдың аяғына дейін толық. Мақсаты айқын, жұмысы қызу жүріп жатыр.
Ал, біз бұл кейіпкерді неге таңдадық? Әлеуметтік желіде «Көп балалымын, жұмыс жа-сай алмаймын. Маған ақша жіберіңізші», «Қаланың сыртында тұрамын, менің өнімімді кім сатып алады?», «Бірдеңе жа-сайын десем ақшам жоқ» деген «арзанқол» жарнамалар мен өзін-өзі «жарымжанға» теңеген қайыр сұраулар көбейді. Сол себепті, жұмыс жасауға келгенде сан сыл-тау айтатын қыз-келіншектерге өзгеге алақан жаймай-ақ, табан ақы, маңдай терімен іс бастаған қарапайым ғана көп балалы ананың жігерлі қадамы көпке үлгі болса дедік.
Әлі жетіліп кете қоймаған үш баламен құрақ құрау кімге оңай? Шаршаған кездері де болды, ба-ласы етегінен тартып, келген қонағы күтіп те қалды. Бірақ, ол еңбекқорлығынан танған жоқ. Болашаққа деген күш-жігер қандай қиындықты да жеңіп шықты.
Қазақта ине-жіпке икемсіз қыз-келіншек кемде-кем. Әлеуметтік желідегі «әдемі» өмірге телміргенше, тер төгіп, адал еңбек еткенге ғана Жаратқан берекетін берген. Өз тұрмысымыз – өз қолымызда. Ендеше, «өгіз қара күшімізді» өз болашағымызға арнайық!
Салтанат АҚТӘЖИЕВА