КҮРКЕДЕ ТҰРЫП, МҰНАЙ ӨНДІРДІК
Шілде айының басында теңізден қатты жел тұрып, екі күнге дейін басылмады. Су бұрғышы-мұнараларға дейін жақындап қалды. Амалсыздан күні-түні ұйықтамай, тракторлармен бөгет жасадық. Осылай ауылды да тасқыннан аман қалдырдық. Бұдан кейін жұмыс тоқтаған жоқ. Бірде жігіттер қызмет барысында екі-үш бетте жазуы бар дәптер тауып алды. Оқып қарасақ, жазуы түсініксіздеу екен, асхананың мәзірі секілді, астында «1923 жыл» деп жазылыпты. Жұмыстағы қарттардың айтуынша, бұрын Прорвада ұсталғандардың лагері болыпты. Соққан күшті желдің әсерінен тұйық өзекшеде бір шағын катер тұр екен. Кейін оны алып кетті. Шамасы, Шевченко порты мен Баутинодан ағылып кеткен болуы керек.
Тағы бір айта кетер жайт, сол кездердегі Прорва кен орындарындағы мұнайшылар мен бүгінгі мамандардың әлеуметтік жағдайын салыстыруға мүлдем болмайды. Байшонастан келген бұрғышылар қамыстан маты тоқып, баспана салды. Сөйтіп, Сарықамыстың маңында тұрақтап қалды. Біз түскі асымызды ауылдың шет жағындағы асханадан ішетінбіз. Қазіргідей керегіңді ала қоятын дүкендер жоқ. Бүгінгідей арнайы киімдерді мүлде көрмедік. Дегенмен, барлық қиыншылықтарды жеңе білдік. Оның үстіне, 1940 жылы КСРО жоғарғы кеңесінің бұйрығымен ФЗО оқуын бітіргендер өндірісте үздіксіз төрт жыл қызмет етуге мәжбүр болды. Оны да өтеп шығып, 1952 жылы бес жыл бойы Солтүстік теңіз флотында әскери борышымызды өтедік. Осылай жүргенде жасым 27-ге келгенін де байқамаппын. Бірақ, білім алуға деген ынтамның арқасында Саратов геолог-барлау техникумын сырттай оқып шықтым.
Енді, міне, өзімнің 43 жыл еңбек жолымның біразын өткізген Прорва кен орнына да 50 жыл толып отыр екен. Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі кезінде осындай қиын шақтар ойыма оралғасын қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдім. Өйткені, қайткен күнде де бүгінгі ұрпақ аға буынның сол кездегі жағдайынан хабардар болуы тиіс деп ойлаймын.
Масығұт ӨТЕМІСОВ,
еңбек ардагері, мұнайшы-геолог.