Жарнама
Экономика

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА

 

Баспасөз турында бұқаралық ақпарат құралдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері «Атырау-Жарық» АҚ-ның Махамбет ауданында орналасқан №22 «Махамбет» қосалқы станциясында болды. Мұнда аудан халқын толықтай электрмен қамтып отырған басты стансаның  жаңарудан өткеніне көз жеткізілді.

 Бұған дейін де айтылғандай, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің бірлескен бұйрығына сәйкес, 2012 жылы «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамының 2013-2015 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы бекітілді. Оған кейбір өзгерістер де енгізілді. Содан бері ауданда не тындырылды? Өткен жылдың қорытындысы қандай? Бұл жөнінде баяндаған Махамбет аудандық электр жүйелері бастығы Рахымжан Үмбетәлиев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін өткен жылы атқарылған шаралардан құлағдар етті.

Белгілі болғандай, Махамбет ауданындағы қосалқы станциядағы трансформаторлар қуаты ұлғайтылды. Қайта жаңғырту кезінде электр тарату жабдық жиынтығы толықтай ауыстырылып, тозығы жеткен жабдықтар заманауи жабдықтармен жарақталды. Барлық жабдықтардың іргетастары мен қоректендіргіш желісінің қабылдау порталдары ауыстырылып, майлы жабдықтар элегазды және ваккумды ажыратқыштармен алмастырылды. Қауіпсіздік сақталып, станса аумағы биік қоршаумен қоршалды.

 «Атырау-Жарық» АҚ-ның экономикалық істер  және қаржы жөніндегі вице-президенті Максим Кенжеғалиев мұның бәрі Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауындағы міндеттерді орындауда атқарылып жатқан жұмыстар екенін айтты.

– Жалпы, үш жылға есептелген ортамерзімдік инвестициялық бағдарлама құны 7 млрд. теңгеден аса қаржыны құрайды. Бағдарламаны іске асыруда бұл қаржы өз ретімен жұмсалуда. Атырау қаласындағы тозығы жеткен желілер толықтай қайта жаңартылды. 98 шақырымдық Махамбет–Индер бағытындағы электр желілерінің де жұмысы аяқталды. Ал, құрылысы биыл желтоқсан айында аяқталатын 123 шақырымдық желісі қайта жаңартылуда. Бұрынғы сым желілерінің орнына қуаты үш есе артық тасымалдайтын сым жүргізілді,– дейді М. Кенжеғалиев.

Ал,  «Атырау-Жарық» АҚ бірінші вице-президентінің орынбасары Бағытжан Әліповтің айтуынша, реактивті қуатты компенсациялауды енгізу шарасы электр тарату желілерінің тиімділігі мен сенімділігін арттыруда. Дәлірек айтқанда,  реактивті қуатты компенсациялау дегеніміз – кернеуді реттеу және электр энергиясы шығынын азайту мақсатында тарату желілеріндегі балансқа мақсатты түрде әсер ету. Яғни, еш нәрсе де ретсіз жұмсалмауы тиіс. Бұл ретте алынған жаңа аппараттар кәсіпорын қызметінің тиімділігін одан әрі арттыра түсті.

Сонымен қатар, жаңадан алынған есептеу техникасы құралдары, генераторлар мен өрт сөндіру жүйелері бүгінде диспетчерлердің қызмет мүмкін-діктерін айтарлықтай кеңейтті.

Ал, «Аспан» аталатын көпфункциялық есеп құралының тиімділігі аса маңызды. Ендігі уақытта бұрынғыдай электр энергиясының жұмсалуын тексерушілер әр айда үйлердің есігін қағып, есептеу құралының көрсеткішін жазып жүрмейді. Барлық мәлімет автоматты түрде орталық басқару пультіне түседі. Одан әрі электр монтерлері де төлемін төлемегендердің үйлерін жағалап, жарық желісін кеспейді. Бәрі автоматты түрде қашықтан жүзеге асырылады. Бұл жабдықтың бүгінде бірқатары орнатылған. 2017 жылға дейін облыс халқы толықтай осы жабдықпен қамтылады.

Бұдан басқа электр жабдықтарының тозығы жеткен оқшауламаларын тексеруге, қысқа тұйықталған тогын өлшеуге арналған түрлі аспаптар алынған. Олар жерасты кабель желілерінің зақымдалған тұсын анықтауға, тұтынушыларды электр энергиясымен үздіксіз жабдықтап, оларды ток көзінен ажыратпау қызметін атқарады. Арнайы автокөліктер мен механизмдер паркі де жаңартылған.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Суретті түсірген

Амангелді МУТИҒУЛЛИН.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button