Жарнама
Экономика

Инвестициялық саясат – жаңа экономикалық серпіннің бастауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған кезекті Жолдауы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму бағытын айқындап, нақты іс-шараларды жүзеге асыруды талап ететін маңызды құжатқа айналды. Әсіресе, жолдауда көтерілген инвестициялық саясатты қайта жаңғырту мәселесі қазіргі Қазақстан экономикасы үшін аса өзекті екені белгілі.


Президентіміз дұрыс атап өткендей, қазіргі жаһандық экономикалық бәсекелестік жағдайында инвестиция үшін талас күшейіп отыр, ал Қазақстан бұл үдерістен шет қалмауға тиіс. Инвестиция бұл тек қаражат емес, бұл жаңа технология, жаңа жұмыс орындары, өндірістік мәдениет және заманауи басқару тәсілдері.
Шикізаттан – өңдеуші өнеркәсіпке
Соңғы жылдары елімізге тартылған инвестициялардың басым бөлігі дәстүрлі түрде шикізат секторына бағытталды. Бұл түсінікті, бірақ қазіргі міндет мүлде басқа: өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарту арқылы ұлттық экономиканы әртараптандыру, терең қайта өңдеуді дамыту және экспорттық әлеуетті арттыру.
Президенттің Үкіметке бұл салада жаңа тәсілдер мен тиімді ынталандыру тетіктерін әзірлеуді тапсыруы – дер кезінде қабылданған шешім. Бүгінде өңдеу саласы инвестицияны көбірек қажет етеді, әсіресе жоғары технологиялық жобаларға ерекше назар аудару қажет.

Инвесторлардың құқығын қорғау – басты басымдық
Мемлекет басшысы еліміздегі инвестициялық климаттың әлі де болса күрделі екенін ашық айтты. Расында, инвесторлардың алдынан шығатын әкімшілік кедергілер, қағазбастылық, құзыреттердің қайталануы сияқты түйткілдер бизнесті тежейтін факторлар. «Инвестиция жетім баладай үш-төрт мекеменің арасында жүр» деген тұжырым бұл жағдайдың шын бейнесін береді.
Сондықтан «Ақ жол» ҚДП Мемлекет басшысының инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі құрылымды күшейту туралы бастамасын толық қолдаймыз. Бас прокуратура жанындағы Заңсыз активтерді қайтару комитетінің атауын өзгерту арқылы, бұл құрылымның жаңа міндеттерге бейімделуіне жол ашылады.
Жолдауда атап өтілген тағы бір маңызды бастама ретінде Ұлттық қорды ішкі инвестициялық қажеттіліктерге пайдалану туралы айтылды. Расында өте орынды ұсыныс. Мемлекеттің стратегиялық қорын тек сыртқы шоктардан қорғану амортизаторы емес, даму драйвері ретінде пайдалану – жаңа экономикалық ойлау тәсілі. Әсіресе, Атырау секілді индустриялық аймақтарда болашағы зор өндіріс орындарын іске қосу үшін Ұлттық қор қаражатын тиімді әрі ұтымды жұмсауға болады. Бұл тұрғыда сапалы сараптама жүргізіп, халықаралық тәжірибесі бар мамандарды тарту маңызды.

Банктер нақты секторға бет бұруы керек
Еліміздегі екінші деңгейлі банктердің экономикаға несие беру қарқыны төмен екені жиі сынға алынады. Банктер көп жағдайда тәуекелі аз, бірақ экономикаға пайдасы жоқ қаржылық құралдарға басымдық береді. Президенттің бұл мәселеге нақты тоқталып, банктерді нақты секторға белсенді қаржы салуға шақыруы – аса маңызды қадам.
Жаңа Банк туралы заң жобасы осы олқылықтарды жоюға бағытталған нақты механизмдердің бірі болмақ. «Ақ жол» ҚДП бұл заң жобасын экономикадағы бәсекені арттырып, қаржылық қызметтердің ашықтығын күшейтетін маңызды құжат ретінде қолдайды.
Президент Жолдауда цифрлық теңге, криптоактивтер, цифрлық активтер қоры сияқты жаңа қаржы құралдарын енгізу арқылы елімізде толыққанды цифрлық экожүйе құруды міндет етті. Бұл бастамалар қаржы секторының болашағы үшін маңызды. Атырау облысы – ірі өнеркәсіптік өңір бола отырып, жаңа технологиялық платформаларды енгізуге дайын аймақтардың бірі. Сондықтан цифрлық активтер саласындағы пилоттық жобаларды өңірімізде де іске асыру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Қорытындылай келе Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауы еліміздегі инвестициялық саясаттың жаңа дәуірінің бастауы болмақ. Инвесторлармен ашық жұмыс істеу, олардың құқықтарын қорғау, жаңа қаржылық құралдарды енгізу, банк секторын экономиканың нақты сұраныстарына бағыттау – мұның бәрі жаңа экономикалық серпінге жол ашады.
«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалы бұл бастамалардың толық орындалуын бақылауда ұстап, өз ұсыныстарымызды беруге әрдайым дайынбыз. Инвестиция – бұл тек бизнес емес, бұл еліміздің жарқын болашағына салынған капитал.

Ермекқали ЮСУПОВ,
«Ақ жол» ҚДП Атырау облыстық филиалының төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button