Жарнама
Экономика

Халық қаражатының сұрауы бар

«Энергетика министрлігі тұтынушылар төлеген әрбір тиын үшін жауап беруі тиіс. Бұл қаражат экономикамызды дамытуға жұмсалуы керек. Тариф көтеру жөніндегі әрбір шешімді қабылдаған сайын, ең алдымен, халықтың төлем қабілеттілігін ескерген жөн»

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

 bd2099a5d4bef1c8fbf62f38392057c9_L

 Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінде айтқанындай, елімізде 2009 жылы «Тариф – инвестиция орнына» бағдарламасы енгізілген-ді. Оның мақсаты – коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындарға өндірісін жаңартуға, тың технология енгізіп, жұмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік беру. Содан бері жеті жыл өтті. Игілікті істің қайтарымы қандай?

Әділін айтқанда, осындай ауқымды шаралар нәтижесінде Атырауда электр және жылу энергиясымен қамту айтарлықтай жақсарды. Мұны тұтынушылар да жоққа шығармас. Бұрынғыдай ыстық буы далаға атып, көшені «жылытып» тұратын тұрбалар түгел ауыстырылған. Рас, кезінде жергілікті атқарушы билік оларды жер астымен жүргізуді ұсынған. Сонда, әрине, әдемі шығар еді, бірақ, оған біздің табиғатымыз мүмкіндік бермейді. Жыры жылдарға созылған Балықшыны орталық жылу жүйесіне қосу проблемасы оң шешімін тапты. «Нұрсая» ықшамауданы да осылай қамтамасыз етілмек. Қазір мұндағы тұрғындар жылу энергиясы мен ыстық суға шаһардағы өзге жұртпен салыстырғанда көбірек төлейді. Өйткені, дербес қазандықтар орнатылған, ал, оларды қалыпты ұстап тұру, жұмысшыларға жалақы төлеу қосымша қаражатты талап етеді. О баста осы қондырғылар уақытша ретінде орнатылған-ды. Содан бері де біраз уақыт өтті. Мәселенің созылып кеткеніне қарағанда, бірнеше шақырымға құбыр тартуға қаржы табылмаған тәрізді. Әйтпесе, жылу-электр орталығының қуаты жетерлік еді. Әйтсе де, «ештен де кеш жақсы» дегендей, бүгінде бұл проблема біртіндеп шешілуде. Тек «Болашақ» ықшамауданының тұрғындары биылғы қыста жеке жылу қондырғысымен қамтамасыз етіледі. Яғни, тағы да сәл шыдауға тура келеді.

Электр энергиясына да мұқтаждық жоқ. Бұдан біраз жыл бұрын Елбасының өзі қосқан жаңа қуат облысқа толығымен жеткілікті. Энергетиктер биыл тағы бір жобаны мәреге жеткізуді  жоспарлап отыр.

Әйтсе де, бұл бағытта әлі де оралымсыздықтар бар. Сонау жылдары жеке азаматтарға жер телімдері жаппай берілгенде, инженерлік инфрақұрылыммен қамту кенже қалды. Соның салдары қазір де сезілуде. Мәселен, кезінде көшенің арғы жағында тұратын қауқары бар адам үйіне дейін электр бағандарын орнатып, желі жүргізіп алды. Содан кейін келген бергі бетіндегі көршілеріне жарық бермейтінін айтып, дау шығарды. Көшеге ток тартуға жұмсалған шығындарының бір бөлігін беруді талап етті. Мұндай мәселенің ушыққаны соншалық, жаңа қоныстанғандар жергілікті атқарушы билікке, энергетиктерге шағымданып, біраз есікті тоздырды. Әйтсе де, бұлар біреудің меншігіне қол сұға ала ма? Кейін көршілер өзара келісімге келгенімен, бір желіге бірнеше үй тіркелген соң электр кернеуі кеміді. Қазір кейбір үйлерде ол қалыпты 220 вольтқа жетпей, тұрғындар тұрмыстық құралдарын қолдана алмай отырса, оның себебі де осы. Демек, бұл бағытта жүйелі жоспар қажет. Бүгінде инвесторлардың қолдауымен шаһар көшелеріне жол салынып жатыр. Осындай бастама ескі электр бағандары мен желілеріне қатысты да қолға алынса жөн болар еді.

Облыс орталығындағы тағы бір мәселе – ЭЧ-4 аталатын мекемеге қатысты. Кеңестік кезде темір жолдың өзін ғана емес, осы салада жұмыс жасайтын тұрғындардың үйлерін де қамтыған ол бүгінде жеке тұтынушылардан құтылуға асық. Бұларды өздеріне артылған артық жүктей сезінеді. Қорындағы қондырғыларды қазір-ақ «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамына өткізуге даяр. Бірақ, әбден тозығы жеткен жабдықтарды жаңартпаса, энергетиктер бұл міндетті мойнына алмайды. Ал, өздері жөндеуі үшін қыруар қаражат қажет. Оны қайдан табады? Облыстық бюджеттен бөліне ме? Энергетиктерге  жүктелсе, халыққа салмақ салынады. Өйткені, тарифті көтеруге тура келеді. Сайып келгенде, инвестициялық бағдарламаға қажетті қаржының бір бөлігі тұтынушыдан жиналған төлеммен өтеледі. Сонда бұл тығырықтан шығатын жол жоқ па?

Коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындар инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөнінде есеп бергенде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін баспасөз турларын ұйымдастырады. Рас, оның басы-қасында табиғи монополияларды реттеу құрылымының жергілікті басшылығы немесе өкілдері жүреді, арасында жекелеген азаматтар қатысады. Обалы не керек, энергетиктер мұндай шараға жақсы дайындалады. Жаңарған подстансалар мен жылу құбырларының бұрынғы және қазіргі суреттері басылған кітапшалар шығарады, әр объектіге әдейі алып барады. Ал, турасын айтқанда, немқұрайлы өткізетіндері де кездеседі.

Шындығында, инвестициялық бағдарламаның мәреге сәтті жетуіне тұрғындар да сүбелі үлес қосып отырғандықтан, Елбасы айтқанындай, тұтынушылар төлеген әрбір тиынның сұрауы болуы тиіс. Жалпы, коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорын өзінің жұртшылық алдында жауапты екенін әркез ұмытпағаны жөн.

Алайда, қазір белгілі болып отырғанындай, Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің жергілікті өкілдері талап үдесінен шықпаған. Сөйтіп, он облыстың басшысына сөгіс жарияланды, ал маңғыстаулық лауазым иесі орнынан алынды. Комитет төрағасы Азамат Майтиев те сөгіс арқалады. Тереңірек тексерсе, әлі талай былықтың беті ашылары сөзсіз. Өйткені, Бас прокурор Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, небәрі 15 тексеру барысында монополистердің артық кірістері 51,5 млрд. теңгені құрапты. Бұл бағыттағы кешенді жұмыстың енді ғана басталғанын ескерсек, онда бұл соманың әлденеше есе өсуі де ықтимал.

Сонда осы артық пайда неден құралады? Белгілі бір уақытқа инвестициялық бағдарлама қабылданды, соған сәйкес тариф бекітілді. Бұдан бөлек табыс түсетін жол жоқ секілді ғой. Осы орайда қарапайым тұтынушы түсінбейтін түйткілдер баршылық. Әсіресе, «көгілдір отынмен» қамту саласына сауал көп. Мәселен, бір күні есептеу құралының мерзімі өтіп кеткенін, сондықтан оны қолдануға болмайтынын айтып, желіні кесіп тастайды. Алдын-ала ескерту де жоқ. Бір ғажабы – есептеу құралын айыру да, қайта қосу да ақылы. Пломбы аталатын сымының өзі бәлен теңге тұрғаны ма? Мұны «АтырауСуАрнасы» мекемесіне қатысты да айтуға болады. Бұл жөнінде қолданыстағы заңдылықтар не дейді?

Соңғысына қатысты тағы бір сәйкессіздік – жеке сектордағы пайдаланылған суға байланысты. Бұлардың барлығы аула ішінен септик, яғни сарқынды сулар құйылатын құдық қазып алған. Сол құдық толып кеткенде көлік шақырып, сорғызып алады. Орталық кәріз желісіне қосылмаған, оған салмақ салмайды. Ендеше, неге ауыз суға да, сарқынды суға да төлем төлейді? Ол да заңда қарастырылған ба? Өйткені, жеке сектор тұрғындары үш мәрте шығындалып отыр. Ауыз суға да, жоқ желіге де, көлденең көлікке де төлейді. Тым көп емес пе?

Меңдібай Сүмесінов

 Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ,  ҚР Ұлттық экономика министрі:

Қабылданған тәртіптік шараларға қатысты табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің аумақтық департаменттерінің он басшысына сөгіс жарияланды. Комитеттің бір аумақтық директоры атқарып отырған лауазымынан босатылды. Комитеттің төрт департаментіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.

P.S: Сөз жоқ, инвестициялық бағдарлама коммуналдық қызмет көрсететін кәсіпорындардың ахуалын жақсартуға қажет шара еді. Тек соның иірімдері қайда бастады? Монополистке де, тұтынушыға да тиімді игілікке ме, әлде жекелеген жандардың қалтасын толтырған әрекетке ме?

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button