Жарнама
Экономика

Газ тұтынушылардың саны артқан

Облыстағы 2 қала мен 137 елді мекенде табиғи газ бар. Халықтың 99,8 пайызы көгілдір отын тұтынуда. Бүгінде Қызылқоға ауданының 6 елді мекеніне газ тартылып, соңғы тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. Сол жұмыс аяқталса, облыс толықтай газбен қамтылады.

Бұл туралы еліміздегі ең ірі газ тарату кешені саналатын «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ Атырау өндірістік филиалындағы инвестициялық бағдарламалардың орындалуымен танысуға арналған баспасөз туры барысында белгілі болды.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облысы бойынша департаменті бекіткен бағдарлама арқылы 890 тұтынушысы бар Дамбы ауылындағы газ қысымын реттегіш үш еседен артық қуат беретін блок орнатқан. Оның жұмысы газ қысымын реттегіш арқылы жүреді. Өндірістік филиал директоры Қайсар Рахметовтың айтуынша, блоктың ауысуына жабдықтың пайдалану мерзімінің өтіп кетуі және ескіруі себеп болған. Ауылда абоненттер санының көбеюі де әсер еткен. Бұрынғы жабдық 2750 текше метр көлемінде ғана газ берсе, жаңа жабдық арқылы келіп тұрған газ қысымы 4 еседей артық, қазір 12 800 текше метр көлемде газ беріліп тұр.

Облыс тұтынушыларын үздіксіз газбен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2024 жылдарға жалпы құны 967 200 мың теңгенің инвестициялық бағдарламасы жоспарланып, бүгінде оның 628 900 мың теңгесі толық игерілген.

– Бекітілген инвестициялық бағдарламаларды орындау мақсатында қолданыстағы газ құбырлары желілерін реконструкциялап, жаңғыртуға және газ тарату жабдықтарын сатып алуға бағытталған жобалар жүзеге асты. Пайдалану мерзімдері асқан және газ жетіспеушілігі байқалған учаскелерде газ тарату жабдықтарын ауыстыру үшін 211 дана жабдық сатып алынды. Ал, құбыры ауыстырылуы тиіс Талдыкөл ауылында құрылыс аумағын көктемде су басып, жұмыс кейінге шегерілген болатын. Артынша мердігер мекеме қажетті құбырлар мен материалдарды сатып алып, күш жұмылдырды. Қазір Махамбет-Таңдай, Ақжар-Бесікті учаскелерінде де құбырды қайта жаңғырту жұмыстарының тең жартысы аяқталған, — деді филиал бас инженерінің орынбасары Арман Қыдырғалиұлы.

Баспасөз турына табиғи монополияларды реттеу агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Арман Өтегенов, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button