«Газ қайда бар?»
Соңғы жылдары елімізде сұйытылған газбен жүретін «темір тұлпарлардың» қатары айтарлықтай көбейді. Былтыр еліміз бойынша осындай отын түріне көшкен автомобильдердің саны 582 мыңға жеткен. Ол өткен жылдардағы көрсеткіштен 18 пайызға артық. «Көрші мемлекеттермен салыстырғанда газ бағасының төмен болуына байланысты шекаралас аймақтарда сұраныс көбейді» дейді мамандар. Ал, Энергетика министрлігі бөлетін сұйытылған газ көлемінің бір бөлігі мұнай-химия өнімдерін өндіретін кәсіпорындарға бағытталғандықтан, бүгінде елде автогаз тапшылығы туындап отыр.
Инвестициялық жобаларға – сұйытылған газ
Энергетика министрлігі өкілдерінің айтуынша, елде жылдан-жылға бензин мен дизель отынына сұраныс артып келе жатыр. Мәселен, Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы «осыдан он жыл бұрын елімізде 2,7 млн. тонна жанар-жағармай, 4,1 тонна дизель отыны өндірілген» деген дерек келтіріп отыр. Бүгінде бұл көрсеткіш 5,2 млн. тоннадан асып түскен.
Сол себепті, мұнай өнімдеріне тапшылықты болдырмау үшін «қолда бар алтынның қадірін білу» қажет. Қалтаны қампайту үшін арзан отынды сыртқа сатуды доғарған жөн. Ол үшін кешенді шара қажет. Оның үстіне күндердің күнінде қазба байлықтың таусылары да ақиқат. Соңғы жылдары елімізде «қара алтын» қоры азайып келе жатқандығы жиі қозғалып жүр.
– Рас, үш ірі кен орнынан (Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ) басқа жердің бәрінде мұнай өндірісінің көлемі төмендеп жатыр. Мысалы, 1990 жылдары Маңғыстау біздің мұнайымыздың 60 пайызын беріп тұрған. Сол Маңғыстаудың өндірісінің үлесі қазір 20 пайыз ғана болып қалған. Ал, осыдан 30 жыл бұрын 20 пайыз өндірісті қамтамасыз еткен Атырау қазір 60 пайыздық межеге шығып тұр. Яғни, екеуі орын алмасты. Ақтөбе айтарлықтай өзгермеген – 10 пайыз деңгейінде. Батыс Қазақстан шамамен 15 пайыздай. Қызылордада өндірістің төмендеуі қатты байқалады. Бастапқы үлесі 2 пайыз болған, 20 пайызға дейін 2000 жылы жеткен үлесі, қазір 5 пайыздан төмен түсіп кеткен. Бірақ, бізде мұнай өнімдерін тұтыну деңгейі артып жатыр. Демек, ортадағы айырма көбейе береді. Бұл тығырықтан шығу үшін мемлекет квотаны көбейте бастайды. Сосын әлгі шағын мұнай шығаратын кәсіпорындар тағы зардап шегеді,-дейді мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов.
Дүние жүзінде 22 орын
Жеті қат жер астынан өндірілетін «қара алтын» қоры да өзге табиғи ресурстар секілді таусылатыны белгілі. Сөйтіп, жарыққа да, су мен газ да тапшылық пайда бола бастайды. Айталық, әлем бой түзеген Еуропа елдерінде қазір жылу мен жарық қымбат. Себебі, мыңдаған жылдар бойы адамзатты қажетті ресурстармен қамтамасыз етіп тұрған табиғаттың «сыйы» азайып бара жатыр.
– Біздің елде 2025 жылға қарай газ тапшылығы болатынын сала мамандары ескерткен болатын. Газ қоры бойынша Қазақстан дүние жүзінде 22 орында, ал ТМД елдері арасында Ресей мен Түрікменстаннан кейінгі үшінші орында. Демек, табиғи газдың экономикада маңызы зор. Ел ішінде газ тұтыну тұрақты түрде өсіп келеді. Дизель отыны да солай. Мәселен, көрші елде дизель бағасы орташа есеппен литріне 345 теңге, біздегі нарық бағасынан 45 пайызға қымбат. Қырғызстандағы баға 64 пайызға жоғары, яғни литріне 390 теңге, Өзбекстандағы баға бізбен салыстырғанда екі есеге қымбат. Оның үстіне, көрші елдерде баға күрт көтеріліп кеткен кезде біз дизель өндіру көлемін арттырғанымызбен, күз айларында тапшылықты қайта сезініп отырмыз. Нақтырақ айтқанда, біз бүгінде мұнай өнімдерінің елден жаппай шығарылуын азайтып, ішкі нарықты қамтамасыз етуіміз қажет. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе,- дейді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті экономика кафедрасының меңгерушісі Рысты Сабирова.
Арзан баға тұтынушыларды көптеп тартады
Елімізде 1-шілдеден бастап сұйытылған газ бағасы орташа есеппен 14,6 пайызға өскен. Өйткені, көгілдір отынды өндірудің өзіндік құны текше метр үшін шамамен 33 мың теңге, ал сату бағасы одан арзанырақ, 24 мың теңге. Сол себепті ортадағы зауыттардың шығынын мемлекет субсидия арқылы өтеп отыр.
Мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетовтың пікірінше, арзан баға тұтынушыларды көптеп тартады. Газбен жүретін машина санының көбейіп жатқаны – соның дәлелі. «Теңізшевройл» мен «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының көрсеткіштерін қоспағанда, біздегі жылдық газ өндірісі 1,6 млн. тоннаны құрайды.
Автогаз кен орындарынан тікелей шығатын өнім емес. Ең алдымен, кен орнынан мұнай шығады, онымен бірге газ шығады. Газды пайдаға жаратудың түрлі жолы бар, оны автогазға немесе көгілдір отынға айналдырады, жер қабатына қысыммен кері айдауы, болмаса ауаға жағып жіберуі мүмкін. Сондықтан кәсіпорын өзіне тиімді жолды таңдайды. Егер автогаздың бағасы тиімді болса, автогаз өндірер еді,-дейді ол.
Рас, бізде жұртшылық шектеулі бағаға үйреніп қалғандықтан, оны өзгерту де оңай болмай тұр. Сарапшылар бағаның өсуі халыққа қиын тиетінін жасырмайды. «Мұнай ресурсы көп кейбір елдерде жанар-жағармай бағасы қымбат. Себебі, ол мемлекеттерде халықтың табысы жоғары, қымбат өнімді сатып ала алады. Ал, бізде көпшіліктің кірісі төмен. Біз әлемдегі азық-түлікке жалақысының жартысын жұмсайтын елдердің біріміз. Ал, Еуропа жұрты тамаққа табысының 10-30 пайызын ғана жұмсайды. Сол үшін бағаны көтеру үшін ең алдымен халықтың әл-ауқатын жақсарту қажет. Яғни, алдымен елдің табысын арттыру керек. Содан кейін нарық заңына үйреніп, бағаны еркіне жіберу қажет. Бұл 4-5 жылда болатын оңай жұмыс емес» дейді Абзал Нарымбетов.
– Несін жасырайық, сұйытылған газға қашан да кезек көп. Әсіресе, кешкілік уақытта көлігін газбен толтыруға асыққан жүргізушілердің саны артады. Себебі, газ бағасы жанар-жағармайға қарағанда бірнеше есе төмен. Қазір АИ-92 маркалы бензиннің бір литрінің құны 200 теңгеге жуықтап қалды. Сондықтан, жұрт «темір тұлпарына» газ қондырғысын қондыруда. Шыны керек, өзім жанармайды көлігімді от алдыру үшін ғана пайдаланамын. Басқалай уақытта газды қолданамыз. Әсіресе, қазіргідей аптап ыстықта салқындатқыш қосып ұзағырақ от алдыратындықтан, көлікке отын қажет. Әзірге халыққа тиімдісі осы болып тұр,-дейді қала тұрғыны Асылбек Қадырбаев.
Р.S: Энергетика министрлігі алдағы үш жылда сұйытылған газ бағасын біртіндеп көтеріп, алдымен өзіндік құн мен көтерме бағаны теңестіруді көздеп отыр. Содан соң 2030 жылға дейін төрт зауыт салып, газдан көп өнім түрін өндіруді жоспарлап қойыпты. Олар Қашаған және Қарашығанақ кен орындарының шикізаты негізінде жұмыс істейтін көрінеді.
Айбөпе САБЫРОВА