ЭНЕРГЕТИКТЕР наурызды тойлады
Жалпы, бұл күні энергетиктердің бас кеңсесіне жақын орналасқан үйлердің тұрғындары мәре-сәре болысты. Өйткені, тігілген киіз үйлерге әркімнің бас сұғып, Наурыз көже мен бауырсақтан дәм татуына мүмкіндік туғызылды. Анау жерде қазанда пісіріліп жатқан еттің исі мұрын жарды.
Мерекені ұйымдастырушылар қазақтың кір тасын көтеру, арқан тартысу тәрізді ұлттық спорт түрлерін өткізіп, жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттады. Ал, ұлттық нақыштармен әрленген сандық, кебеже, өзге де тұрмыстық бұйымдар келушілердің назарын аударды.
Мереке ән-күйсіз өтуші ме еді? Демек, оның сәнін «Жас энергетик» ансамблі келтірді. Оған арнайы шақырылған Нұрмұхан Жантөрин атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары қосылды. Ал, Құлсары электр желілері мекемесінің қызметкері Еркін Сүйешов орындаған Малықожаның және өзгелерінің термелері тыңдаушылардың зор ықыласына ие болды.
Міне, атыраулық энергетиктер Наурыз мейрамын осылай атап өтті.
М.ЕЛЕМЕСҰЛЫ.