
Енді өнімді робот тасиды
Өңірде полипропилен өндіретін «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС дайын өнім қоймасын басқарудың озық жүйесін енгізді. Бұған дейін қоймадағы салмағы 1 500 кг-ға дейінгі паллеттерді жылжыту жұмыстары қолмен, электротехника көмегімен атқарылатын. Енді қаптау желілерінен шыққан өнімді роботтар тасиды.

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа жүйе қазақстандық компания «AVVA Technologies» ЖШС-мен бірлесіп әзірленген. Интеллектуалды IT-платформа – WES (Warehouse Executive System) деп аталады. WES жүйесі кәсіпорынның барлық өндірістік желісімен тікелей интеграцияланған. Ол өндірістегі барлық ақпаратты уақытылы қабылдайды. Жүйе өндірілетін өнім көлемін және оның қоймаға жөнелтілуге қашан дайын болатынын дәл біледі. Бұл робот техникасының қуатын тиімді бөлуге және паллеттер қоймаға әлі келмей тұрып, сақтау орындарын дайындауға мүмкіндік береді. Осылайша қабылдаудан бастап жөнелтуге дейінгі барлық кезеңдегі жұмыстардың тиімділігі артады.
Қойманы роботтандыру жобасы – KPI компаниясының озық технологияларды енгізуге және еліміздегі газ-химия саласындағы көшбасшылық ұстанымын нығайтуға деген ұмтылысын дәлелдемек. Қазір KPI компаниясы полипропиленнің 11 маркасын өндіріп, ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз етіп, өнімді экспортқа да жөнелтіп отыр.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ