ЕМБІЛІК ҮЗДІК МАМАНДАР
Мұнайшылар арасындағы «Үздік маман – 2015» байқауының ашылу салтанатында сөз сөйлеген «Ембімұнайгаз» АҚ» бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Қанатбек Қасымғалиев Ембі өндірісі үшін де, мамандардың біліктілігі үшін де маңызды бұл шараның берері мол екендігіне сенімділігін білдірді. «Бүгін сіздердің сынға түскелі тұрған сәттеріңіз. Байқау бірінші рет емес, бірнеше жылдан бері өткізіліп келе жатыр. Мұнда мамандар білігін шыңдап, жарысу арқылы бір- бірінен үйреніп, тәжірибе жинақталады. Нәтижесінде жыл сайын үздік мамандарды саралауға мүмкіндік жасалуда. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» дегендей, барлығыңызға сайыста сәттілік тілеймін» деді ол. «Жайықмұнайгаз» МГӨБ С.Балғымбаев атындағы №1 кен алаңындағы оқу-жаттығу полигонында тәжірибелік тапсырмаларды орындауға арнайы жұмыс орындары, құрылғылар мен құрал-жабдықтар түгел дайындалып, орнатылған.
Білім мен білік сыналды
Қатысушылар әуелі дәрігерлік тексерістен, сонан соң техникалық қауіпсіздік нұсқамасынан өтті. Байқау 13 мамандық бойынша жүзеге асырылды. Атап айтқанда, «Мұнай және газ өндіру операторы», «Ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы, «Ұңғымаларды зерттеу операторы», «Мұнай дайындау операторы (тауарлы)», «Сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы», «Жер қабаты қысымын сақтау операторы», «Мұнайға химиялық талдау жасау лаборанты», «Электргазбен дәнекерлеуші», «Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу слесарі», «Темір жонушы», «ЦА-320» машинисі, «Жүк таситын көлік жүргізушісі», «Электромонтер».
Сөйтіп, мамандардың өз шеберліктерін көрсету ісі де басталды. Қойылған талап бойынша тапсырма сапалы әрі белгіленген уақыт мөлшерінде орындалуы тиіс. Мәселен, ұңғымаларды зерттеу операторлары сораптардың дұрыс жұмыс жасауын, ұңғымалардағы сұйықтық көлемін анықтаса, мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу слесарлары ұңғыма сағасына нығыздама орнатуы қажет және ол 20 атмосфералық қысымға шыдауы тиіс. Міне, осындай сынақтан әрбір маман сүрінбей өтуі қажет, бір ісінде қате кетсе, онда балы төмендейді. Сондықтан, олар сапалы жұмыс нәтижесін көрсетуге тырысып бақты. Әр учаскеде қайнаған еңбек, қызу сайыс жүріп жатты.
Энергетиктер де берілген тапсырманы орындауға кірісіп кеткен. Оқу полигонында арнайы оқшауланған учаскеде мамандар дайын тұр. Тапсырма: электр қуатын өшіріп, соқа басында зардап шеккен электрмонтерді жедел жерге түсіріп, алғашқы медициналық жәрдем көрсету қажет. Берілген уақыт – 5 минут. Сайысқа қатысушы командалар белгі берілісімен осы жұмысты атқаруға кірісіп кетеді. Мұнда 7 бөлімше: Атырау электр монтаждау бөлімшесі, Қайнар, Жайық, Құлсары, Доссор, Мақат, Прорва аудандық электр торабы бөлімшелері өзара сайысқа түсті. «Бізге берілген тапсырма уақытпен ғана өлшенбейді, шеберлік пен дәлдікті қажет етеді. Өйткені, зардап шеккен адамды құтқаруымыз керек. Күнделікті жұмыс болғанымен, сайыстың жөні бөлек. Мұнда ерекше ынта-жігер жұмсалады» дейді Атырау электр монтаждау бөлімшесінің 5 разрядты электромонтері Сайран Жангереев.
Ұңғымаларды жер асты жөндеу бригадалары да өздеріне берілген тапсырманы тыңғылықты орындауға талпынып жатыр. «Ұңғымалардың жұмысында қандай ақау барын табу керек. Техника қауіпсіздігін сақтай отырып, бес шыбықты жер астынан шығарып, жөндеп, қайта саламыз. Бір бригада жұмысына осы жұмыстарды орындап шығуға 60 минут беріліп отыр. Біз тапсырманы мүлтіксіз орындап шықтық» дейді «Доссормұнайгаз» МГӨБ ұңғымаларды жер асты жөндеу цехының бригада мүшелері Б.Есжанов, А.Оңайбаев, Р.Бейсенов. «Теориялық білімді өндірістегі еңбекпен ұштастыра білудің маңызы зор. Екеуі астасқанда ғана ісің алға жүреді. Қазір теориялық тапсырманы орындап шығып отырмыз, 20 сауалдың 17-не жауап бердім. Сайысқа бұрын да қатысып жүрмін. 2003 жылы Татарстанға халықаралық «Үздік маман» сайысына да барып қайттық. Осы байқаудағы әріптестерімнің бәріне сәттілік тілеймін» дейді «Жайықмұнайгаз» МГӨБ тауарлы операторы Нұрлан Сапаров.
Жас мамандар суырылып шықты
Биылғы сайыста «Ембімұнайгаз» АҚ Жастар кеңесі мүшелері үлкен белсенділік танытып, ұйымдастыру бағытында өздерінің қолғабысын тигізді.Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерді басқару және дамыту департаменті «Жайықмұнайгаз» МГӨБ басқармасы ұжымы сайыстың ұйымдастырылуы мен жоғары дәрежеде өтуіне атсалысып, жақсы еңбек үлгісін көрсетті.
Сөз жоқ, жүз жылдан аса уақыт жер қойнауынан «қара алтын» өндіріп келе жатқан мұнайшылардың еңбек жолдары ел тарихында алтын әріппен жазылары сөзсіз. Ғасырдан аса уақыт бұрын алғаш Қарашүңгүлден алынған мұнай өнімі бүгінде бүкіл елдің игілігіне айналып отырғаны болашаққа деген сенімді үстей түседі. Бүгінгі таңда тың технология мен озық әдістерді меңгеріп жатқан жастарға алдыңғы буын ағалардың айшықты істері мен іздері зор үлгі-өнеге болары сөзсіз. Шеберлігін шыңдауға келген байқауға қатысушыларының да өздеріне деген сенімін арттырып, жігерлерін жанитыны да рас.
Озық шыққан озаттар
Әрине, дәстүрлі шара ретінде жалғасын тапқан мұндай байқаулардың басты мақсаты – үздіктерді анықтап, мақтап, мадақтап қою ғана емес. Ең бастысы, осындай дода бір салада еңбек ететін әріптестердің бір-бірімен тәжірибе алмасуына, жақсысын үйренуіне, біліктілігін арттырып, шеберлігін шыңдауына, түптеп келгенде, салалас еңбек ұжымдары арасында тығыз байланыс орнатылуына септігін тигізері, сол арқылы білімің мен білігің молайып, мамандығыңа құрметпен қарауға септігін тигізері анық.
Сонымен, екі күн бойына көңілдерді күпті еткен сайыс та өз мәресіне келіп жетті. Он үш аталым бойынша озаттардың аты аталып, марапаттары табыс етілді. Бірінші орынды иеленгендерді атап өтер болсақ, мұнай-газ өндіру операторы мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» МГӨБ мұнай және газ өндіру операторы Е.Жұмағалиев иеленді. Сондай-ақ, «Ұңғымаларды жерасты жөндеу операторы» бойынша «Қайнармұнайгаз» МГӨБ бригада мүшелері Н.Сақиев, Ж.Кұлжабай, А.Жалмағамбетов, «Ұңғымаларды зерттеу операторы» мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» операторы Ж.Аманов, «Мұнай дайындау операторы (тауарлы)» бойынша «Жайықмұнайгаз» операторы Н.Сапаров, «Жер қабаты қысымын сақтау операторы» мамандығы бойынша «Қайнармұнайгаз» операторы И.Қали, «Сусыздандыру және тұзсыздандыру қондырғысының операторы» бойынша«Жайықмұнайгаз» маманы А.Мырзағалиев, «Мұнайға химиялық талдау жасау лаборанты» бойынша «Жайықмұнайгаз» операторы З.Набиева, «Электргазбен дәнекерлеуші» мамандығы бойынша «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ маманы А.Бітімәлиев, «Мұнай кәсіпшілігі жабдықтарын жөндеу слесарі» бойынша «Жайықмұнайгаз» жөндеушісі А.Алиев, «Темір жонушы» мамандығы бойынша ӨТҚжЖК маманы Г.Латиф; «ЦА-320» машинисі мамандығы бойынша «Доссормұнайгаз» МГӨБ А.Рахманов, «Жүк таситын көлік жүргізушісі» мамандығы бойынша «Жайықмұнайгаз» маманы А.Таупихов, «Электромонтер» мамандығы бойынша «Ембімұнайэнерго» басқармасының Жайық аудандық электр торабының қызметкерлері» А.Төлепов, М.Үмбетқалиев, Қ.Хасанов жүлделі бірінші орынды иеленді. 1-ші, 2-ші, 3-ші орын алып, ынталандыру сыйлығына ие болғандар сәйкесті диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Ал, «Үздік маман» атанған жеңімпаздардың бәрі Түркия қаласына демалуға жолдама алды, сондай-ақ, олар онда біліктілігін көтеру курстарынан да өтеді. Сайыс қорытындысы бойынша командалық жүлделі орындар да белгіленді. 1-орынды «Жайықмұнайгаз», 2-орынды «Қайнармұнайгаз», 3-орынды «Доссормұнайгаз» мұнай және газ өндіру басқармасы жеңіп алды.
Байқауды қорытындылаған «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары А.Ғабдуллин қарт Ембінің бүгінгі еңбеккерлері өндірісті өркендетуге үлкен еңбек сіңіріп жатқандығын атап өтті. «Ардагерлер өсиетін абыроймен орындап, олардың ардақты істерін әрі қарай жалғастырушы бүгінгі ұрпақ міне, бүгін біліктіліктерін шыңдап, сайыс соңында үздіктер таңдалды. Байқаудың өндірістің болашағына қажетті білікті мамандарды саралайтыны да анық. Кейінгі толқын жігерлі жастар да қатарымызды толықтыруда. Барлық қатысушыларға үлкен рахмет айтамын. Еңбектеріңіз жемісті болсын, жеңіс құтты болсын, қашан да абыройлы болыңыздар!» деді ол.
Қосұйым МҰҚАШЕВ.