ЕМБІ МҰНАЙ ӨНДІРІСІНІҢ БҮГІНГІ ТЫНЫСЫ
«ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ өткен жылдың аяғында Директорлар кеңесінің кезекті отырысында бекітілген 2015 жылдың бюджетіне сәйкес мұнайшылар биыл жалпы көлемі 2,8 млн. тонна (тәулігіне 57 мың тонна баррель) «қара алтын» өндіруді межелеп отыр.
Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ өндірістік бағдарламасында өндіріске жаңа техникалар мен технологияларды енгізу және олардың сапасын анықтау, электр энергиясының, жанар-жағармайдың шығындарын азайту жолымен өзіндік құнын төмендетуге бағытталған тәжірибелік-өндірістік сынақ жұмыстары жүргізілуде.
2012-2014 жылдар аралығында тәжірибелік-өндірістік сынақтар бағдарламасы аясында мұнай және газ өндірудің басты бағыттары бойынша мұнай-газ өндіруші төрт еншілес басқармада жаңа техника мен технология жөніндегі 23 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ болашағы бар екі енгізілімді өткен жылдың еншісіне жазуға болады. Оның бірі – тұзды ерітінділі тораптың енгізілуі. Соның нәтижесінде жөндеуден өткен ұңғының қалпына келтірілу мерзімі қысқарды және жерасты өнімін ластайтын түрлі компоненттерден қорғап, физикалық-химиялық сипаттамасын сақтап қалуға мүмкіндік туды. Жаңа тәсіл Шығыс Мақат кен орнында ойдағыдай енгізіліп отыр.
Екіншісі – айдама ұңғыларға полимерді айдау. Қазақстандық жетекші ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып өткен жылдың қараша айында Забурын кен орнындағы екі айдама ұңғыда айдама ұңғыларға полимерді айдау технологиясын сынақтан өткізу жөніндегі тәжірибелік-өндірістік жұмыстары жүргізілген болатын. «Ембімұнайгаз» АҚ Забурындағы осындай жұмыстардың нәтижесі бойынша бұдан да басқа кен орындарында осы тектес технологиямен жұмыстарды жалғастырып, өндірілетін мұнай қорын молайту жолдарын қарастырмақшы. Мұндай тәсілдер бұрын-соңды акционерлік қоғам тарихында қолданылып көрген емес.
Қоршаған орта – ұдайы назарда
Аталмыш ұжым қазыналы өңірдегі ірі табиғат пайдаланушы ретінде, қоршаған ортаны қорғау, аймақтың экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін де назардан тыс қалдырмайды. Оны күн тәртібіндегі өзекті мәселе ретінде қараған мамандар экологиялық талаптарға сай жұмыстар атқаруда. Осыдан он шақты жыл бұрын елімізде қоршаған ортаны қорғау талаптарының болмауынан, мұнайды жерден қазылған шұңқырларда жинай отырып тасымалданғаннан көптеген жерлер мұнай қалдықтарымен ластанған-ды. Қоғам басшылығы осы ластанған жерлердің қоршаған ортаға техногендік әсерін азайту бағытында соңғы он жылдан бері экологиялық талаптарға сай микробиологиялық әдіспен тазалау жұмыстарын жүргізіп келеді. Айта кету керек, кен орындарындағы топырақтың тұздылығынан, құбырлардың ескіру салдарынан мұнай құбырларының тесіліп кету фактілерінің орын алатындығын да жасыруға болмас.
Өндірісте қоршаған ортаның ластануын болғызбау бағытында бірінші кезекте жарылу қаупі бар темір құбырларды әйнекталшықты құбырлармен ауыстыру жұмыстары қарқынды жүргізілді. Нәтижесінде мұнай қалдықтарымен жер ластану өткен жылдармен салыстырғанда едәуір азайды. Егер 2013 жылы мұнай қалдықтарымен жерді ластағаны және қоршаған ортаға келтірілген залалы үшін компаниямен 33,4 млн. теңге айыппұл төленсе, былтыр бұл көрсеткіш небәрі 1,4 млн. теңгені құрады.
Қазіргі кезде «Ембімұнайгаз» АҚ экологиялық талаптарға сай төмендегі бағытта жұмыс атқаруда:
·ластағыш заттардың шығарындылары, төгінділері, қоршаған ортада өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру үшін қоршаған ортаға эмиссиялар және оларға арналған лимиттергеуәкілетті органдардан рұқсат алу;
·иондаушы сәулелендіру көздерін пайдаланатын объектілерде де, қоршаған ортада да радиациялық жағдайдың жай-күйін жүйелі түрде бақылап отыру үшін радиациялық мониторинг жүргізу,
·қоршаған ортаның жай-күйін және оған әсер етуді жүйелі түрде байқау мен бағалау үшін экологиялық мониторингті жүйелі жүргізіп отыру жайын да күн тәртібінен түсіріп көрген жоқ.
Кезінде кәсіпорынның қаражатымен мұнай-газ қорын іздестіру мақсатында Тайсойғанда сапалы геофизикалық зерттеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, Қондыбай, Уаз алаңдарында ұңғымалар бұрғыланған болатын. Бұл жұмыстың нәтижесінде қос алаңда да сапалы мұнай бұрқақтары атқылап, бұл өңірдің болашағы зор екендігіне көптің көзі жеткен еді. Бірақ, Тайсойған полигонын Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі жалға алғандықтан тұңғиығына сыр бүккен бұл жердің мұнайын ел ырысына айналдыруға әзірге мүмкіндік болар емес.
Бүгінгі таңда компанияға қарасты кен алаңдарының он төрті ескі кеніштер қатарына жатады. Ғасырдан астам уақыт өнім беріп келе жатқан ескі кеніштердің екінші тынысын ашу – қоғам басшылығының бас қатырар мәселесі. Жоғарыдағы ескі кен орындарына бүгінде шетелдік компаниялар көз салып, қызығушылығын білдіріп отырған көрінеді. Олардың қатысымен бұған дейін бірнеше кездесулер өтті, әрі қарай шешім болмаған жағдайда ескі кеніштер консервация қорына аударылатын болады.
Тұрақтылық индикаторы
Ұжымдағы қызметкерлердің 76 пайызы – жұмысшылар. Мұнайшылардың 23 пайызын нәзікжандылар, 18 пайызын 33 жасқа дейінгі қызметкерлер, ал 70 пайызға жуығын 33 пен 55 жас аралығындағы мамандар мен тәжірибелі қызметкерлер құрап, оңтайлы теңгерімді сақтап отырады.
Жалпы ғасырдан астам тарихы бар, өнегелі еңбек дәстүрі мен ұрпақтар сабақтастығы қалыптасқан компания қызметкерлерінің орташа жас мөлшері бүгінгі таңда 44 жасты құрайды, 20-30 жылдық еңбек тәжірибелері бар, өндіріс саласында шыңдалып, жетілгендер қатарының басымырақ болуы тұрақтылықтың негізін қалауда.
Кадрлар потенциалын толықтыру, еңбек өнімділігін арттыру бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ кадрлар саясатының негізгі ережелерін жүзеге асыру мақсатында, өткен жылдың сәуір айында Ереже дайындалып, бекітілді. Бұл Ережеге сәйкес жастары 55-ке келген әйелдер мен 60-қа толған ерлерге, еңбек шартын мерзімінен бұрын тоқтатқан жағдайда, зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жәрдемақы белгіленеді. Аталмыш бағдарлама былтырғы жылдың тамыз айынан қолданысқа енгізілген. Осыған байланысты ұжымдағы 36 қызметкермен еңбек шарты бұзылды. Босаған жұмыс орындарына жас мамандар қабылданды, нәтижесінде еңбек өнімділігінің арта түскені байқалады.
Компания стратегиясын жүзеге асыру мен өндірістік және әлеуметтік міндеттерді шешу үшін жастарды баулу мақсатында құрылымдық бөлімшелерде жас мамандар кеңесі құрылған. Кеңесінің шараларын дайындау мен іске қосу және жас мамандарға қолдау көрсету мәселесін шешу ұжымдық шарттың ерекше бағыттарының бірі болып табылады.
Мамандардың біліктілігін арттыру және кәсіби деңгейін көтеру мақсатында жас мамандардың түрлі форумдарға, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ компаниясы топтарының ірі жобаларына қатысуына зор мүмкіндіктер ашылған. Мәселен, үздік жобаларды дайындаған алты жас маманның Италия, Ирландия, Венгрия сияқты шетелдер университеттерінде білім алуына, бесеуінің Будапешт университетінде (Венгрия) оқуларын табыспен аяқтауына жағдай жасалып, тағы алтауы Ұлттық компанияның Солтүстік-Каспий жобасының компания – қатысушыларында халықаралық тәлімгерліктен өту үшін іріктеліп алынды.
Жаңа басталған Қой жылының еншісінде ембілік «қара алтын» өндірушілерінің алдында мұнай өндірісі жоспарын орындау, қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету, экологиялық талаптарды бұлжытпай орындау, инновациялық технологияларды енгізу және еңбек ұжымында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету сияқты маңызды міндеттер тұр.
Бақытжан ЖҰМАТ.